Оралмандарға азаматтық берудегі тосқауылдар неге тоқтатылмайды?

Қазақстан Республикасының премьер-министрі Кәрім Мәсімов мырзаға! Ашықхат

karim_masimovҚазақ елі тәуелсіздік алған сонау 1990 жылдардан бастап, әлемнің қырыққа тарта елінде тұрып жатқан 5 миллионнан астам өз қандастарын атажұртына шақырта бастады, сөйтіп елдің абыройы асқақтады. Сыртта жүрген қандастарымыздың елге оралуына үлкен демеу болды.

Тәуелсіздік алған 23 жылда, қазақ еліне 1 миллиондай қандасымыз оралды, олар қазір қазақ елінің толыққанды азаматы ретінде түрлі салада өз үлестерін қосып жатыр. Қазіргі 21 ғасыр - жаһандану заманында ұлт болып ұйысудың қажеті туып-ақ тұр, бұған мысал: көршіміз Ресей мен Украинаның ортасындағы халықаралық шиеленіс жағдай. Ал, жершары картасында 9-орын иеленетін ұлан-байтақ территориямызды қорғап қалуға қазіргі 17 миллион халқымыз аздық етеді, сондықтан да жат жұрттағы 5 миллионнан астам елім деп еңіреген, ұлттық ассимиляцияға ұшыраудың аз-ақ алдында тұрған, ұлтжанды қандастарымызды атажұртына көптеп тартуымыз керек деп білеміз. Құрметті, Кәрім Қажым­қанұлы! Қандастарымызды отанына оралту мәселесі бастапқыда үй беру, квота беру, жер телімдерін беру, Қазақстан азаматтығын барынша жеңілдетілген тәсілмен беру сияқты тиімді амалдар арқылы сәтті жүзеге асып келді. Соңғы кездерде, түрлі кедергілер пайда бола бастады, тіпті азаматтық алу 4 жылға дейін ұзартылды. Сәуірдің 22-сі күні ҚР президенті жаныда ОКҚ Брифингі барысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова ханым: «Шеттен келетін ағайындарға 1 жылда азаматтық беріп, еліміздің кез келген аймағына көшіп келуіне тең жағдай жасалатынын, еңбек күші жетіспейтін 7 облысқа барғандарға әлеуметтік көмек болатындығын, әрі тұрғын үйлер 5 жылға жалға беріліп, 5 жылдан соң, үй иесінің атына аударылып берілетіндігін» қадап айтты. Бұл шешім, күллі қазақ болып қуанарлық әрі құптарлық жайт. Сөйте тұрса да, қандастарымыздан азаматтыққа құжат жинау барысында төмендегідей ақылға сыйымсыз қағаздар талап етіледі. 1) Тұрғылықты еліңнен «сотталмаған» деген қағаз (Қытайда сотталғандарды шетелге шығармайтынын еске салуға болады); 2) Тұрғылықты елінің тұрақты тіркеуінен, әрі азаматтығынан шықты деген қағаз (Қытайда, ҚР азаматтығын көрмей шығармайды); 3) Қазақстандағы Қытай елшілігінен оралманның азаматтық алуын мақұлдау қағазы (біз азаматтық беруді басқа бір елдің консулының құзырына өткізіп қойғандаймыз); 4) Оралманды тұрақты тіркеуге алуда және оралман куәлігін беруде әрі азаматтыққа құжат жинауда басқа елдің заңына қайшы, жоғарыдағыдай қисынсыз құжаттар талап етіледі. Осындай, қолдан жасалып отырған қиындықтарды тездетіп жойсаңыздар. Сізден тағы өтінеріміз: • Қандастарымызға азаматтық неге 3 айда берілмеске? • «Нұрлы көш» бағдарламасы неге сіздер белгілеген 7 облыста қайтадан қолға алынбасқа? • Соңғы жылдардан бері оралман студенттердің саны күрт азаюда, бұрын олар өздері оқып жатқан университет жатақханаларына тіркеліп, сол орыннан ҚР азаматтығын алып шығатын, сөйтіп олардың Қазақстанда қалып жұмыс істеуіне мүмкіндік жасалған-ды. Ал, қазір мүлде басқаша, азаматтық ала алмайды, азаматтығы болмаған соң, тұрақты тіркеуі болмайды әрі жұмыс таба алмайды. Соңында келген еліне кері қайтуына тура келеді. Неге мұны жөнге келтірмеске? Жалпы алғанда, ҚР үкіметінің жанынан оралмандарды отанына бейімдеу әрі оралман көші-қонын реттеп отыратын арнайы Көші-қон агенттігі керек деп білеміз. Қандастарымыздың ҚР азаматтығын алудағы жоғарыдағыдай қиыншылықтар мен олардың елге оралуына жасалып отырған түрлі кедергілерді жоюға тек өзіңіздің, тікілей араласып пәрмен беруіңіз ғана қажет болып тұр. Сонда ғана оралман көші көлікті болары хақ. Қайрат БАЙТОЛЛАҰЛЫ, «Отандас-ел» республикалық қоғамдық бірлестігінің бас хатшысы