ҚҰБЫЛАҢДЫ ЕНДІ ТАПТЫҢ, ҚАЗАҚ ЭПОСЫ

Алматы қаласы әкімдігі балаларға арнап, қазақ эпосының анимациялық нұсқаларын шығара бастады  алдаркөсе Ат төбеліндей қазаққа ұлттық болмыс-бітімін, дегдар қалыбын, тілі мен ділін, мәдениеті мен өнерін, төл тарихын таразылай білетін, заманауи білім жарағымен мұздай қаруланған зерделі ұрпақ тәрбиелеудің жолын айтып, жобаларын ұсынып келе жатқан ұлтжандыларымыз аз емес, әрине. Мені осындай бастаманың бірі ерекше қуантты. Мәселенің түп-тұқияны елдігіміздің ертеңі – бауырымыздан өрген бүгінгі бүлдіршіндеріміздің негізін танып, ұрпақ ұлт ұлағатымен өсіп, қоғамға сай қалыптасуына қатысты жерге үн қоспай қалудың өзі айып. Әрине, біткен іске бітімші көп! Сынаушысы оның ар жағында. Ал, қай нәрсенің де бәсекеге қабілеттілігі мен өміршеңдігі уақыт-мырзаның билігінде. Біткен істің бағасына жылы лебіз ретінде Алматы қаласының әкімі Ахметжан Смағұлұлы Есімовтің осы жобаға қатысты батыл қадамын ерекше елеп айтпасқа болмайды. Әрбір облыс әкімі өз өңірінде мәдени мұраның өскелең ұрпақ жадында қайта жаңғыруына осылай жұмыс жасар болса, сөз жоқ қазақ ұлтының болашағы – бүгінгі бүлдіршіндер қандай заман болса да темірқазық тұғырынан жаңылмасы анық. Аттың белі, атанның қомында жүріп-ақ әлемдік өркениет өресіне қомақты үлестерін қосқан ата-бабаларымыздың ізгі жолы, дәріпті дәстүрлері туралы көп айтамыз, жазылып та жүр. Қиыны: айтылған сөзден нақты іске көшу; көтерілген мәселені қолмен ұстап, көзбен көретін жағдайға жеткізу. Жақында Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен, ғалым М. Ахетов басқаратын Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасының тапсырысы бойынша «Azia Animation» студиясынан «Қазақ эпосы» сериясымен төрт DVD таспадан тұратын балаларға арналған анимациялық фильмдер топтамасы жарық көрді. Құнды дүниені шығарушылар: «...бұл жоба еліміздегі мемлекеттік тіл саясатын уақыт талабына сай өркендетуге септігін тигізеді. Қазақ халқының бай мәдениетінен, тарихы мен салт-дәстүрінен мол мағлұмат беретін эпикалық туындылар жаңа кейіпте, соны мазмұнда көрерменге жол тартпақ» - деп, көпшілікті көзайым етіпті. Оның үстіне редакция алқасы құрамындағы Т.Әлібек пен С.Қосан сияқты фольклортанушылардың есімдерін оқып, жобаның мамандар тезінен өткендігін аңғардық. Академик С.Қасқабасовтың жетекшілігімен «Бабалар сөзі» сериясының 100 томдығын құрастырған бұл ғалымдар материалдардың тұпнұсқасын негізге алған. Қазақ эпикалық мұраларына тән «баласыздық мотиві» деп аталатын тұрақты сарын бар. Мұнда әлі дүниеге келмеген батырдың ата-анасы әулие кезіп, күндіз-түні Құдайдан бала тілейді. Осындай арман-аңсарлардан кейін дүниеге келген бала да ерекше болып өсіп, кейін елін сыртқы жаулардан қоғайтын баһадүр болып өседі. Балаларға ұсынылған төрт эпостың бірі – «Алпамыс батыр» осылайша «ғажайып туу» мотивімен басталады. Қаны бар қазақтың санасында сартап болған осы дәстүрлі сюжетте ерекше бір құдірет күштің бары анық. Оқиға бағдары үдемелі дамып отыратын бұл анимациялық туындылар бала түгілі, үлкендердің өзін бірден баурап әкететін осындай тартымды желісімен құнды. Өйткені, балаларға арналған мына эпикалық мультфильмді қарап отырып, алдымен дала сахнасында жырлап отырған жыршыны көріп отырғандай әсер аласыз. Сол үшін де, туындыларды баламен бірге үлкендердің де қарап, талдағаны артық болмас еді. «Қобыланды», «Ер Тарғын», «Қамбар» сияқты қалған үш шығарма да шытырман уақиғаларға толы, бала танымына шақталып жасалған. Қазақ эпосының бір ерекшелігі: уақиғалардың үлкен-кішіге деп бөлінбейтіндігінде. Ал, мұраны жариялаудағы басты принцип - түпнұсқаны сақтау. Эпос түпнұсқасының сол қалпында анимацияға айналуы – баланың кейін де бағыт-бағдарынан жаңылмауы үшін оңтайлы тәсіл. Кейін, мектеп бағдарламасы аясында бүлдіршін бұл шығармалармен әлденеше рет қауышатыны анық. Алайда, ол үшін ең алғаш тыңдаған нұсқа мәңгі бағдаршам болып қалатыны осы арада орынды ескерілген. Бұл – бала тәрбиесіндегі өте маңызды мәселе! Бүлдіршін санасына халық ауыз әдебиетінің үздік үлгісін сіңіріп, оның эпикалық жадын шыңдау арқылы тіл үйренудің ұлттық үрдістеріне негізделген аталмыш жоба баланың зерек болып қалыптасуы жолында ата-бабаларымыз пайдаланған байырғы бастауларға негізделген. Бала танымына лайықталған анимациялық көріністер олардың эпикалық білімін жетілдіруге, есте сақтау қабілетін ұштауға, сол арқылы ұлт мүлкіне деген қызығушылығын арттырып, ұлтжанды болуға тәрбиелейді. Ең бастысы, бүлдіршін эпос сюжетін көре отырып, есте сақтау, қайталау, еліктеу, өзі де сол уақиғаларға ойша араласып отыру арқылы сөзді дұрыс айтуға, жедел ойлауға, логикасын шынықтыруға, тіл ұстартуға машықтанады. Болашақта «Бабалар сөзі» сериясына енген төрт жүзден аса эпикалық шығармаларымызды толықтай анимациялық тауарға айналдыратын болсақ –келер буын тарих сахнасына шыққанда қазақтың тілі, ділі, мәдениеті, салт-дәстүрі туралы көтеріліп жүрген бітпейтін әңгіменің аяғына нүкте қойылар еді. Бір көркем фильмге жұмсалған қыруар қаржыны болашағымыздың түп қазығы – балаларымыз көретін анимациялық мультсериалдар түсіруге пайдалансақ, ұтылғанымыздан ұтарымыз көбейері хақ. Жобаның келесі кезегінде өз кезеңін күтіп жатқан қазақтың ғажайып аңыз-әпсаналары, ертегілері мен балалар фольклорын түгел экрандайтын болсақ, Қазақ Елі, мұртыңды балта шабар ма?! Жақсылықтың жаршысына айналған қайран Алматы, енді міне, ұлттық тәрбиенің де тұма бастауында тұр. Осыдан екі жыл бұрын, қала әкімі Ахметжан Смағұлұлының бастамасымен қазақ және әлем халықтары ертегілерінің желісінен және Алдаркөсе жайлы түсірілген балаларға арналған 175 сериялы мультфильм мен 1000 сөздігі бар 14 дискіден тұратын топтама шыққан болатын. Кезінде тиісті дәрежеде насихатталмай қалған сол анимациялық фильмдердің қазақ бүлдіршіндерінің таным кеңістігін қалыптастыруға талғажау болып, ұлт болашағының таптырмас тәрбие құралына айналып бара жатқанына да биыл екінші жыл. «Ертегіден артық тіл үйрену құралы жоқ. Оның ішінде сөйлеу тілінің қайталанбас бейнесі де, халық ділінің ерекшеліктері, мәдениет пен тұрмыс, әдет-ғұрып, өмір бояулары да молынан бар. Бұл жобаны біз Сіздердің қазақ тілін үйрену процесіне аздап жеңілдік қосу талабымен жасаған едік...» дейді, топтаманы құрастырушылар. Рас, мектепке дейінгі және бастауыш мектеп жасындағы балалар үшін бұл тілашар орнына жүретін көмекші құралға айналғанын қазір екінің бірі айтып жүр. Жылдар бойы кірген орыстандыру саясатының батпан жүгі буын ауысқан сайын ұлт ағзасынан осылайша, мысқалдап болса да шыға бастағанына қуанайық! Бала тәрбиесінің нәтижесі араға ұзақ жылдар салғаннан кейін бір-ақ көрінетінін кәнігі педагогтар қауымы жақсы біледі. Олай болса, келесі кезекте балаларға арнап экрандалған қазақ эпосын Қазақстан бойынша жаппай насихаттайтын телеканал мен прокаттың жағдайын жолға қою мәселесі де шешілетіндігіне сенейік. Күнделікті жаңалықтан асып, кітап оқып та жарымайтындар үшін ұлт қазынасының қайнар көзі – қазақ эпосынан тәлім түюдің ендігі жалғыз жолы – осы! Әйтпесе: «піскен астың күйігі жаман» деген жоқ па, қазекең! Біздің аға буын ұрпақ өкілдері далалық үрдіс ыңғайында аталарымыздан шежіре сөз, аңыз-әпсана; аналарымыздан бесік жыры мен ертегі тыңдап ер жетті. Елінің салт-дәстүрі, ырым-жоралғысы жөнінде талай сырға қанығып өскендіктен олар уызына жарып, бағылан болды. Оның үстіне қандай қиын-қыстау заманда да дала мәдениетінің салтанатын кіргізген сал-сері, ақын, әнші, жыршы, жыраулар ғасырлар қойнауынан қотарып, ел арасына ауызша тарап, ұлтымыздың тарихи жады мен зердесіне шөккен қазынаны қылдай жерін қисайтпай ұрпақтан буынға жеткізіп отыруды парызым деп білген. Қанымызға сіңген сондай отаншылдық қасиет арқасында ұлттық қазыналарымыз бәз-баяғы қалпында ХХ ғасырдың табалдырығына жетіп жығылды. Бүгінде ХХI ғасырдың түңлігін түріп тұрмыз. Тарих өлшемі не дейтінін қайдам, дала мәдениетінің қалалық үрдіске үдере көшкеніне сүт пісірімдей ғана уақыт өтті. Алайда, бұған дейінгі мың ғасырдың теперішінен гөрі, дүние дидарындағы барша ұлт пен ұлыс атаулының мидай араласып, халықтық салт-дәстүрлердің сапырылысып, мәдениет пен діннің бітіспейтін майданы ушығып кеткен соңғы бір ғасырдың тепкісіне төтеп беру, жұдырығы жуан елдердің қанжығасында кетпей, ұлттық тұғырымызды сақтап қалу – үлкен сын! Тас үйде тұрып, тастақ жолда өскендіктен, бүгінде бесік жырын айтатын анасы жоқ, дәстүрін дәріптейтін әкесі жоқ, ертегі білетін әжесі, аңызға ұйытатын аталары азайған қала баласы келешегінде әлгіндей тәлім-тәрбиені қайдан алмақ?! Қазақтың жанына батып, жүрегін тілгілейтін сұраулы сауалдың бірі – осы. Қазіргі дала баласының да әкесі мен шешесі, қалыптастырушы ұстазы – көше тәрбиесі мен көгілдір экран, таңның атуы мен күннің батуына қарамастан сайрайтын кәдуілгі қара қобди! Жақсылық атаулының жаршысы, жын-перінің қылуасына бергісіз дүниелердің де насихатшысы болғандықтан, кейде жарықтық, ата-әжелеріміздің секем алып, шоши қараған сайтаны да осы ма дерсің?! Олай болса, қала өркениетіне көнесің, көніп қана қоймай, соған сай көшіңді қайта түзейсің, арда қазақ! Ұрпақ санасын теледидар мен түрлі әлеуметтік желілер жаулаған қоғамда, осы тылды күшейтіп, қолда бар күш-жігер мен ресурс атаулының барлығын осы игіліктің жолына сарп етпеген ұлттың түптің түбінде жеңіліс тауып, жер бетінен жойылып, ақырында тып-типыл болып тынары хақ. Мен өзім арнайы тақырыптар бойынша хабар тарататын Еуропа мен Ресейдің тележелілеріндегі жүйелі жүргізілетін ғылыми бағдарламаларға тәнтімін. Көздің жауын алатын сапасын былай қойғанда, мазмұн-мағынасы мен ғылыми жаңалығының өзі бір бөлек әлем. Басқасын айтпағанда, дамыған мемлекеттер бүлдіршіндеріне арнап қос-қостап желі жасап қойған. Балаға қатысты білгің келген дүниенің бәрін сол жерден табасың. Осылайша мемлекет болашағының бағыт-бағдарын анықтап беріп отырғанын түйсінгенде «біздің де шешелеріміз қалжа жеген сияқты еді ғой» деп, қарап отырып қарның ашады. Қазақ ұлтының болашағы – бүгінгі бүлдіршіндеріміз үшін біз не жасап жатырмыз? Шынын айту керек, бүгінде баланы дүниеге әкелуші әке-шешесі болғанмен, тәрбиешісі – көгілдір экран! Ендеше, біздің «ұлттық» телеарналар үшін сәби санасына Еуропаның таным-түсінігін жүктей беретін аударма дүниелер емес, төл тарихымыздан алынған, ұлттық танымды қалыптастыратын персонаждар туралы өнімдер қажет-ақ. Осы арқылы ғана баланың ана тілі мен ұлттық танымын қалыптастыруға болатыны бүгінде жарым-жартылай болса да дәлелденуге айналды. Осыдан кейін «Қалауын тапса қар жанады» деген дана қазақтың сөзіне таң қалмай көріңіз. Бүлдіршін санасы қамырдан да жұмсақ. Одан әр халық өз қалауы бойынша илеп, иін қандырған ойдағы дүниесін алады. Ал біздің қалауымыз не? ...Көп болса бір жыл жол салмай-ақ қоярмыз. Әрі кеткенде жарым жыл үйдің кезегін тоса тұрармыз. Есесіне, ұлт тарихы мен руханияты туралы қаншама ұлағатты мультфильмдер жасауға болатынын, сол арқылы болашағымызға сеніммен қарайтын күн туатынын ойлағанда, көңіл көкжиегі кеңіп сала береді. Біздің ұлт үшін кезек күттірмейтін мәселенің бірі – осы! Қалыптасып болған адамның танымын тәрбиелеуге күш жұмсаудың қажеті шамалы. Ал, оң мен солын танып үлгермеген жеткіншек ұрпақтың ой-санасын қалыптастыру – мәселенің маңыздысы! Олай болса, құбылаңды енді таптың, қазақ эпосы! Берік ЖҮСІПОВ, фольклортанушы