Театр тарланы

DSC00237 Райымбек Сейтметов... Бұл есім киелі шаһар Түркістан үшін аса қадірлі де қастерлі. Түркістан перзенті қазақ театр өнерінің майталманы, актер, режиссер Райымбек Ноғайбайұлы Сейтметов егерде тірі болғанда 2-наурызда 76 жасқа толған болар еді. Райымбек аға жайлы көптен көкейде жүрген ойларымды оқырманмен бөліскенді жөн санадым...

ТУҒАН ЖЕРДЕ ӨНЕРДІҢ ТУЫН ТІККЕН... Тақыр жерден театр құрып, Түркістанға үлкен мәдениет әкелген тарлан талант. Түркістанның 1500 жылдығы қарсаңында дүрілдетіп небір көркем дүниелерді сахналап еді. Өзінің өнер мектебін ашып, ізін қалдырды. Артымда із қалдырсам, халқыма пайдалы дүние берсем деп саналы түрде туған жерге оралды. Тоқсаныншы жылдардың ортаcы... Сахна саңлағы Алматыдағы жылы орнын, жайлы тұрмысын тастап, туған жерге жасы 60-қа келіп қалғанда оралыпты. Әуелі Халықаралық қазақ-түрік университетінде ректор М.Жұрыновтың қолдауымен «Өнер» бөлімін ашты. Өңірдегі талантты жастарды жинап, сахна өнеріне баулыды. Ол кезде ел тұрмысы жүдеп, тіршіліктің қиюы қашқан кез-тін. Ғимарат жетіспегендіктен болар, «Өнер» бөлімі алғашқыда Кентауда орын тепті. Электр энергиясы тапшы, жылу тоқтаған, тоқырау кез. Десек те, тұрмыс қиындығынан алдына айқын мақсат қойған сахна саңлағының сағы сынбады. Райымбек аға бар қиындыққа төзді. «Түркістанның бүгіні мен ертеңін ойлағанда көңілімде бір түйткіл тұрды. Түркістанның рухын көтеру үшін, ең әуелі сол жердің рухани игіліктерін жасауымыз қажет. Өзім ұзақ жылдар қызмет еткен өнер саласының биігінен қарасам, Түркістанға театр керек. Еліміз егемендік алды, Түркістан қайта түлейтін болады деп, жастайымнан бауыр басып қалған Алматыны, атақ-абыройына ие болған өнер ордасын тастап, туған жерге тартып кетуімнің басты себебі де сол болатын. Осында жинақталған тәжірибемді, азды-көпті өнерімді сонда алып барайын деп шештім. Түркістан қайта түлеп, іргесін кеңітіп жатқанда соның бір шегесі болып қалғым келді...» деп өзі айтқанындай парасат-пайымымен туған жерге келіп, өнердің туын тікті. Өзі тәрбиелеп, оқытқан, дайындаған шәкірттерінен театр труппасын жасақтады. Түркістанда театр ашу туралы ұсынысын білдіріп Елбасымызға дейін хат жазды. Талай мекеменің есігін қағып, табалдырығын тоздырғаны тағы бар. Қысқасы, Түркістан театрының іргесін қалап, керегесін бекітіп кетті. ТҮРКІСТАН ТЕАТРЫ – ТҮРІК ӘЛЕМІНІҢ ТЕАТРЫ «Өнер» бөлімінің тұңғыш түлектері 1999 жылы қанат қағып, өнер көгіне талпынды. Алғашқы бітірушілер сайдың тасындай кілең таланты өрендер болды. Бүгінде елімізге танымал Нұржан Төлендиев, Ержан Нұрымбетов, Марат Оразметов, Айдар Наурызбаев, Ғалымжан Қалыбай, Жұлдызай Дүйсенбі, Мақсат Айтжанов тағы басқалар. Түркістан театры 2000 жылы 1500 жылдық қар­саңында ашылды. Бұрынғы 200 орындық теміржолшылар клубы жөндеуден өткізіліп, театр ғимаратына берілді. Ресми түрде 2001 жылы 12 қаңтарда жұмысын бастады. Әзірбайжан драматургі Б.Вахапзаденің «Көк тү­ріктер» тарихи драмасымен театр шымылдығы түрілді. Тұсаукесерге А.Әшімов, С.Оразбаев, Ш.Мұртаза, Ә.Кекілбаев, Ф.Оңғарсынова сынды зиялылар келіп қатысты. Қазақтың даңқты перзенттері жас театрға бата беріп, сәт-сапар тілегені әлі күнге есімізде. Ш.Мұртазаның: «Баяғыда Юлий Цезарь Римнен кетіп жатқанда айтылған деген сөз бар. Цезарь покидает Рим, чтобы завоеват Рим» деген. Сол айтқандай, Райымбек бір кезде Алматыдан кетуге мәжбүр болды. Алғашында Ал­ма­тының екi бiрдей театрын басқарған Райымбектiң Түр­кiстанға кеткенi бәрiмiзге жұмбақ болды. Сөйтсек, Райымбек текке кетпепті, Қазақ театр әлеміне жаңаша тұрпатты театр құру үшін кетіпті» - дегені есте. Қойылымды Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев та келіп тамашалады. Ұмытпасам, 2001 жылдың қарашасында Түркiстанға сапары кезiнде «Көк-Түрiктер» спектаклiн көруге келді. Хаттамаға ен­гізілмегендіктен, он бес минутқа көруге кiрген Елбасы тапжылмай отырып қойылымды соңына дейiн тамашалайды. «Жақсы қойылым екен. Тағлым алар тұстары мол. «Мына, талантты әртістерді Алматыдан шақырттыңыз ба» - деген сұрағына Р.Сейтмеов «Өзім оқытып, дайындағанмын»-деген кезде таңданысын жасыра алмай: «Райымбек Ноғайбайұлы негiзiн қала­ған Түркiстан театрының болашағы зор»- деп бағасын берiптi. Расында, алғашқы құ­рамдағы тұңғыш қойылған «Көк түріктер» керемет дүние болатын. Райымбек аға мұнымен тоқталған жоқ. «Көк түріктерді» түрік тілінде қойып, жас әртістер түрікше ойнап шықты. Театр аталмыш спектакльмен 3-4 жыл қатарынан Түркияға гастрольдік сапарға барып қайтты. «Көк түріктерді» Түркияның 40 қаласында сахналаған Райымбек ағаны түрік ағайындар төбесіне көтерді. Қолын сүйіп, маң­дайын иіп, ізет көрсетті. Әр қойылымы зор аншлагпен өтетін аталмыш премьерадан соң түрік көрермендері көз жастарын сүртіп, қол соғып қимай қоштасатынын біреу білер, біреу білмес. Бұл ақиқатты кезінде сол сапарларды ұйымдастырған, Түркияның бұрынғы Мәдениет министрі, сол тұстағы ХҚТУ Өкілетті кеңес төрағасы Намық Кемал Зейбек мырзадан естігеніміз бар. Театр небәрі 4-5 жыл көлемінде аяққа тұрды. Жас театр болса күрделі тарихи драмаларды сахнаға шығарып кәсіби тұғырға құлаш созды. Көптеген театр фестивальдерінен жүлделі оралды. Өзінің бағытын айқындады. Түріктілдес елдер драматургиясын көбірек сахналады. Мақсат айқын. Түркістан театры – түркі тілдес елдер театр өнерінің ортақ ордасына айналу керек. Райымбек ағаның екі басты арманы болатын. Біріншісі кезінде өзі өсіп жетілген қара шаңырақ М.Әуезов атындағы академтеатрда театр күндерін өткізу. Арқа төсіндегі жаңа астанамыздағы Қ.Қуанышбаев атындағы театрда «Түркістан» театрының күндерін» өткізу. Бұл арманы орындалды. 2005 жылы күзде Алматыға, 2006 жылы көктемде Астанада жас театр өнер көрсетті (Шымкент, Қызылорда театрларына жыл сайын гастрольдік сапармен барып қайтатын). Алматы сапарынан Райымбек аға қуанышты оралды. «Бәрі ойдағыдай, жақсы өтті. Хабиба (Елебекова), Хадиша (Бөкеева) апаларым келіп бетімнен сүйді. «Райымбекжан, Түркістанда текке жүрмеген екенсің. Мынадай талантты балаларды тәрбиелепсің, тамаша театр құрыпсың» - деп батасын берді деді қуанып. Екінші арманы Түркістан театрында түрік халықтары театрларының фестивалін өткізу болатын. Ол үшін театр­дың жаңа ғимараты салынуы тиіс еді. Бірақ, өкініштісі ол күндерді көруге сахна саңлағына Алла жазбады... ЖАҚСЫ АДАМНЫҢ ЖАНЫНДА (естеліктер, есімдегілер) 2004-2007 жылдары Түркістан театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі қызметін атқардым. Сол жылдарда Райымбек ағаның жақсы сөздеріне, өнер адамдары жайлы көп әңгімелеріне қанықтым. Бұл да Алланың маған бұйыртқан сыйы шығар деймін осы күнде. Бірақ, қазақы тартыншақтық, ұяңдықтан болар көп жанына жақындай алмаппын. Ретін тауып сұхбаттасқанда, сахна саңлағы Р.Сейітметовтей айдынды азаматтың айтары көп-ақ еді. 2005 жылдың сәуір айы еді. «Келіндер көтерілісі» спектаклінің репетициясы жүріп жатқан. «Қалқам, келіп қарасаңшы, сахна тақырыбын жазатын жорналшы репетициядан бастап көргені дұрыс. Әрбір әртісті зертте, әрбір образдың сомдалуын жіті бақылап жүр» -деді. Содан әңгімесін бастап кетті: «Келіндерді» қойғаныма 30 жыл болып қалды. 1977 жылы Әуезов театрында қойғанмын. Басты рөлді (Фармон бибіні) Сәбира Майқанова ойнады. Аншлагтан аншлаг. Бұл спектакльмен труппа бүкіл Қазақстанды аралап шықты.Залда көрермен лық толатын. Сұмдық аншлаг болады. Сәбира апам өле-өлгенше ойнап кетті. Сүйіп ойнайтын. Әр сахнада жаңа леппен, жаңа шабытпен ойнап, адуын ене бейнесін сан қырынан таныта білді. Корифей еді ғой Сәбира апай. Авторды Алматыдағы премьерасына да шақырғанбыз. Өзбек жазушы-дрматургы Сайд Ахмадпен арадағы достық осылай басталған». Райымбек ағамен театр жаңалықтары жайында ара-тұра әңгімелесіп жүретінмін. Бірде Алматыда біраз күн жүріп қайтқан ағадан: «Қазақ әдебиетінен» Б.Құндақбаевтың Б.Атабаев жайында жазғанын оқыдыңыз ба?- деп сұрадым. «Болат сөз жоқ қабілетті жігіт. Бірақ, ұлттық калоритке қарсы. Тым түршіл, тым батысшыл. Немістерден көргенін бізге тықпалауға бейім. Білмеймін, «Қарагөзді» қалай алғанын. – Ал, «Гамлетті» ше, көр­медіңіз бе? – Көре алмадым, ол кезде болмады. Жүріп жатса арнайы барып, көргім-ақ келген. Осы кезде Алматыдағы Өнер академиясын бітіріп келген суретші жігіт Ерболат қосылды әңгімеге. Қойылымды мақтады. «Жаңаша. Мүлде бөтен формада шешкен. Ұзын былғары қара плащ киген кісілер сахнаға атып шығады да...» деп бастай берген. Райымбек аға жымиып күлді де, басқа әңгіме бастады: «1971 жылы Мәскеуде режиссерлер курсында оқып жүргенмін. «Таганка» театрында Любимов «Гамлетті» қойды. Басты рөлде даңқты орыс актері В.Высоцкий. Любимов «Гамлетті» жоғарыдан бүкіл сахнаны жауып, түсіп тұратын тормен шешті. Ол торды бүкіл театр ұжымы жабыла тоқыды. Арасында қолым қалт еткенде мен де тоқыдым. Тордың ерекшелігі бұрап жіберсе орындық бола салады. Керемет режиссерлік шешім деп осыны айтар едім. ....Отыз жылдан бергі арманым - «Гамлетті» сахналау. Классиканы қойғым келеді, бірақ бұл «балаларым» әлі пісіп жетілген жоқ. Гамлетті сомдайтын актерді 30 жылдан бері іздеп жүрмін - деп жеңіл күрсінді сахнагер. 2006 жылы қаңтарда, театрдың 5 жылдығына орай Райымбек аға Шекспирдің «Асауға тұсауын» сахналады. «Жас театр үшін Шекспир ауырлау болады деп барғым келмей жүрді. Енді, бес белесті артқа тастап, толысқан соң қою керек деп шештім. Шекспир «Беу-қыздар-ай», анау-мынау емес» - деді труппаны жинап. Жауапкершілік жүктеді. Премьера сәтті өтті. Сахна саңлағы балаша шаттанып: «Түркістан қалай қабылдайды екен деуші едім. Жақсы қабылдады, көрерменіміз де өзімізбен бірге өсіп келеді екен» деп қуанды. Кезекті репетициядан кейін Райымбек аға тағы өткеннен сыр шертті. «...1983 жылы ТЮЗ-ға (Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөсіпірімдер театры) көркемдік жетекші болып келдім. Құлдырап кеткен театр, қожыраған өнер ұжымына дұрыс басшылық керек болды. Тың дүниелерді сахналап, батыл бетбұрыс жасадым. Мақтанғаным емес, театр екі-үш жылда айтарлықтай көтеріліп, жаңа белеске шықты. М.Әуезовтің «Алуасын» сахналадым. «Алуа» спектаклі - менің шығармашылық өмірімнің бір белесі. Бұл М.Әуезовтің жазылып, бірақ 30 жыл бойы қойылмай тартпада жатқан шығармасы болатын. Бұл біздің театрымыз үшін де, ұлттық театр өнері үшін де үлкен оқиға болды. «Алуа» спектаклі көрерменнің көңілінен шықты. Спектакльдің жоғары деңгейде қойылғаны үшін режиссер маған, Алуа рөлін сомдаған Гүлжамал Қазақбаеваға, Мәкіл Құланбаев пен Мұхтар Бақтыгереевтерге Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді. Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқтысын» қойдым. Ақтоқтыны Райхан Қалиолдина сомдады. Нағыз Ақтоқтыға лайық актриса (Бұрын аса танылмаған, теледидарда жүргізуші болып жүрген қыз екен. Режиссер ретінде оның бағын аштым десем де болады). Ақанды – Досхан Жолжақсынов, Науан хазіретті – Мұхтар Бақтыгереев сомдады. Спектакль бүкіл БАҚ-тың, театртанушылардың назарын аударды. Ғабең марқұм қатты риза болды. Маусым бойы бір рет те жібермей спектакльді көріп жүрді. Премьерадан соң әртістердің түгел қолын қысып, құттықтап шықты. Ризашылығын білдіріп, труппаны (тайлы-таяғымызбен) шақырып банкет берді. Сол кезде ең модный мейрамхана «Алматыда» Ғабең бізді қонақ еткені бар. Ғабең нағыз эстет, театрды, көркемөнерді қадірлейтін жан еді. Бір күні маған бұрын баспа жүзін көрмеген, «Қыпшақ қызы – Аппақ» атты шығармасын алып келді. Қарап шықтым, жақсы дүние. Бірақ, кей тұстарын қайта қарау керек. Ғабеңе айтып, түсіндірдім. Ол кісі түсінді. «Қайдам, Райымбекжан бізден қайрат кетті ғой, көрейін» - деді. Сол дүниесін ақыры аяқтай алмай Ғабең дүниеден озды. Содан соң Жазушылар одағына хат жаздым. Осыны бір драматург қолға алсын деп пьесаны жібердім. Одақтан жауап болмады. Тағы да жаздым. Осылай жүріп пьесадан айрылып қалдым (бір қиыны, ол кезде ксерокөшірме жоқ). Иә, Алла жазбаған екен, сөз зергерінің пьесасы сахналанбай қалды. Солай шырағым, адамның дегені бола бермейді әркез...» –деп еді театр тарланы.

сурет ӨЛЕҢМЕН ӨРІЛГЕН 2004 жылы ақпанда театр Қадыр Мырза Әлидің «Әмір -Темір» тарихи драмасын қойды. Басты рөлді Ержан Исатаев сомдады. Жарты әлемді жаулаған ханның өмірінің соңғы сәттерінен жазылған драмада небәрі 3-4 қана кейіпкер. Драма тұтастай өлеңмен жазылған. Қойылым сәтті шықты. Автор да премьераға қатысты. Жалпы режиссер Райымбек Сейітметовтің қазақ театр өнеріне әкелген жаңалығы, қосқан сүбелі үлесі осы поэтикалық шығармаларды сахналауы. Махамбеттің отты жырлары негізінде қойылған «Туған ұлдан не пайда?», Абай өлеңдері желісінде «Қалың елім, қазағым» (инсценировкасын өзі жазған) туындысын жасап, классиктер шығармашылығындағы ешқашан ескірмейтін адамзатқа ортақ проблемаларды бүгінгі күнмен ұштастыра білген зерек суреткер деп сахна сыншысы Ә.Сығайдың баға беруі орынды. Расында Р.Сейітметов елімізде поэтикалық тетардың қалыптасуына зор еңбек сіңірген режиссер. Сахна саңлағы кезінде Т.Бердияровтың, М.Шахановтың, М.Мақа­таев­тың, Ф.Оңғарсынованың, Қ.Мырза-Әли шығармалары негізінде спектакльдер қойып, ол қазақ сахна өнеріне жаңаша леп әкеліп, басқаша бағытқа кең жол ашқан. Осы дәстүрлі сүрлеу тәй-тәй басқан жас Түркістан театрында да жалғасын тапты. Иә, Райымбек аға өлең оқу­дың, көркемсөздің хас шебері-тін. Әр сөзге, әрбір дыбысқа, буынға, екпінге ерекше мән беріп шәкірттеріне ерінбей үйретті. Сосын, ол кейіпкері аз, психологиялық тартысқа толы драмаларды сахналаудың шебері. Небәрі екі-ақ кейіпкер, үш-ақ кейіпкер қатысады. Басында ойлап отырасың, «көрерменді жалықтырып жібермес пе екен» деп. Жоқ шиыршықша ширығып шыққан, артық сөз жоқ шымыр дүние еліктіріп әкетеді. Шеберлігі ғой. Ол небір солғын дүниелерге жан бітіріп, тәп-тәуір қойылым етіп шығаратын. Жергілікті драматург С.Қасымбектің бірқатар дүниелері туралы осылай деуге болады. Ортақол жазушыны жап-жақсы драматург етті. ТЕАТРДЫҢ КИЕСІ ДЕ, ИЕСІ ДЕ... Туған жерінде өнердің туын тігіп, ордасын құрған атпал азаматқа түркістандықтар қандай құрмет жасаса да жарасады. Бірақ,«өлдің -өштің»деген бар. Өткен жылы 75 жылдық мерейтойын театр ұжымы мұрындық болып қала деңгейінде өткізіп еді. «Райымбек Сейтметов атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің» сайысын өткізді. Биыл ол да жоқ. Театрдың атын береміз деген. «Тәрітіп бойынша марқұм болған кісінің өлгенінне 5 жыл толмай берілмейді-міс»- дейді. Биыл күзде, 3 қарашада 5 жыл емес, 7 жыл толады Райымбек ағаның көз жұмғанына. Естуімізше, Халық әртісі А.Әшімов, театр сыншысы Ә.Сығай бастаған өнер қайраткерлерінің ұсыныс хаты, т.б. театрдың атын беру жөнінде құжаттар дайындалып, облыстық Ономастика комитетінде қаралып, мақұлданған. Шешімді рес­пуб­ликалық құзырлы мекеме шығаратын көрінеді. Күтіп жүрміз дейді театр ұжымы. Түркістан театры бүгінде режиссерге, көркемдік жетекшіге зәру. Райымбек ағадан соң Ерғали Оразымбетов, Ғазиз Арынов сынды көркемдік жетекшілер, режиссерлер басқарды. Әлбетте ол кісілердің өз орыны бар. Нашар басшылық етті дей алмаймыз. Жақсы дүниелер қойылды. Театрдың баяғы даңқы жоқ бірақ. Бұйығы, томаға-тұйық тіршілік кешуде. Ел Сейтметовтей сахна саңлағын сағынады. Ол кісінің әрбір қойылымы аншлагпен өтетін. Көрермен залға сыймай кетуші еді кейде.Ол кісінің спектакль басталғанша «кіріспе сөзі» болушы еді, сол сөздің өзінен көрермен көп рухани байлық, ләззат алатын. Шешен сөйлейтін, өлеңді Райымбек ағадай көркем оқыған жанды кездестірмеппін. Тұла бойы талант, мәдениеттің, эстетиканың эталоны еді ғой Райымбек аға. ...Түркістан театрында көркемдік жетекші жоқ. Түркістан театры жетімсіреп тұр. Театрдың иесі де, киесі Райымбек аға еді... Иесіз қалғаны ма?!. Әтіргүл ТӘШІМ, Түркістан қаласы