Ашық әңгіме, шымыр шешім Дөңгелек үстел жұмысының арқауы болды

Азат Алматы қаласындағы «Даму» кәсіпкерлерге қыз­мет көрсету орталығында «Ақ жол» партиясының жетек­шісі, Мәжілістегі партия фракция­сының басшысы Азат Перуашев­тің бастамасымен және жетек­шілігімен соңғы кезде үкімет ұсынған салықтар мөлшерін өсіру мәселесіне байланысты дөңгелек үстел жұмысы ұйымдастырылды. Көлікке салынатын салықтың көлемін үлкейту туралы бастамаға қарсы пікірін партия басшысы былай жеткізді: «Бұл тікелей Ресей көліктерінің мүддесін қорғау болып табылады, әйтпесе, немістің «Мерседес» немесе жапонның «Тойота» маркалы көліктерінен орыс көліктерінің көлемі шағын болғанымен, газ қалдықтарын шығаруы бірнеше есеге көп. Біз Ресейдің қысымымен онсыз да сырттан келетін көліктерге баж алымын өсірдік. Ресей автомобиль өндірісінің қазақ­стан­дық нарықтағы мүддесін одан әрі тықпаламай, өзіміздің азамат­тарымыздың өз қаржыларына алғысы келетін таңдау құқық­тарын қорғауымыз керек», – деді. Оның айтуынша, Үкімет «экология үшін күрес» дегенді желеу етіп, ресейлік емес, өнімнен гөрі сапалы заманауи көліктерді сатып алушыларға шүйлігуде... «Ақ жол» партиясының көшбасшысы Азат Перуашев көлемі 150 шаршы метрден асатын пәтерлер мен 300 шаршы метрден асатын жеке тұрғын үйлерге салынатын салық көлемін 3 есеге дейін өсіруді ұсынған жобаны да әділ сынға алып, тас-талқан етті. Ол: «Әдетте, қазақ отбасыларында үш ұрпақ: балалары мен әке-аналары ғана емес, сонымен бірге, ата-әжелері де бірге өмір сүріп жатады. 150 шаршы метр 4-6 баласы бар отбасына не болады? Неге осы мән-жайды ескермейсіз? Бүгін көпбалалық пен демографияны қолдау керектігін айтып жүрміз, ендеше, мұндай отбасыларға қалайша меншік салығын 3 есеге көбейтеміз? Сондықтан, Салық кодексіне ұсынылатын түзетулер қазақстандықтардың өмір сүру сапасының әлсіреуіне әкеп соғады. Біз халықты кедейшілікке итермелемей, сапалы өмір сүруге ынталандыруымыз керек». Расында, қазақ қоғамында қызу талқыға түскен бірнеше салықтардың түрін ұлғайту туралы мәселеге «Ақ жол» партиясы мен оның Мәжілістегі депутаттары белсенділікпен қатысып, қолданыстағы салық саясатын ұлттық индустрия мүдделеріне сай жаңғырту керектігін алғаш болып айтты. Әсіресе, демократиялық партияның басшысы Азат Перуашев салықты беталды өсірудің – елдің берекесін алатындығын ашық мәлімдеп, Елбасының «Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы» атты кешенді еңбегінде өндіріс және жаңа технологиялар, ауыл шаруашылығы және рентабельділігі төмен салалардың кәсіпорындары үшін қолайлы салық режимін енгізуге қажеттілігіне баса көңіл бөлінгендігін еске салып келеді. Дөңгелек үстел жұмысында салықтар мөлшерінің нақты жағдайға ғана сәйкес жаңғырту керектігіне әрдайым күш салу қажеттігі айтылып, тиісті шешім қабылданды. Айнұр АХМЕТ,                                                                                                                                                                                                                                                   өз тілшіміз,                                                                                                                                                                                                                                                     Алматы