«Нұр Отан» партиясының XXI ғасырдағы бағдары - келісім мен бірлік

3a3a13149e2f1c0d1254007e540f7d56   «Нұр Отан» партиясының XXI ғасырдағы бағдары  - қоғамдық келісім мен ұлттық бірлік. Бұл құндылықтар партияның жаңа саяси доктринасында айқындалды. BNews.kz тілшісіне сұхбат берген ҚР БҒМ философия, саясаттану және дінтану институтының бас ғылыми қызметкері, профессор, философия ғылымдарының докторы Рүстем Қадыржанов осындай пікір айтты. «Нұр Отан» партиясының жаңа доктринасының дүниеге келуі Қазақстанның идеологиялық өміріндегі маңызды оқиға болды. Доктрина «Қазақстан-2050» стратегиясын тиімді іске асыруды қамтамасыз етудегі партияның рөлін айқындайды. Бұл стратегия – экономикалық, саяси, әлеуметтік, мәдени және рухани салалардағы кең ауқымды реформалардың кешенді бағдарламасы», - деді Рүстем Қадыржанов. Оның айтуынша, «Нұр Отан» партиясының доктринасын жаңа қазақстандық патриотизмді нығайтудағы маңызды қадам ретінде қарастыруға болады. «Доктринада партия басты құндылықтарының ішінде қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті атап көрсетеді. «Біз үшін, - делінген доктринада - Қазақстан гүлденуінің маңызды шарты бірлік пен келісім болып табылады». Жаңа қазақстандық патриотизм 2050 жылға дейінгі ұлттық жаңа саяси бағдары жағдайында қазақстандық патриотизм тұжырымдамасының дамуын қарастырады», - деп ойын өрбітті профессор. Оның айтуынша, көпэтносты қоғамда бірлігі жарасқан ұлтты қалыптастыруда мемлекеттің маңызды құралы - патриотизмді тәрбиелеу болып отыр. Патриоттық тәрбиелеудің басты әлеуметтік институттарының ішінде білім беру жүйесі, әскер, өнер және мәдениетті атап өтуге болады. «Қазақстан-2050» стратегиясында Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Біздің бұл бағыттағы басты мақсатымыз қарапайым және түсінікті: біз қоғамдық келісімді сақтап, нығайтуымыз қажет» деп атап өтті. Яғни, әлемде танымал болған этносаралық және конфессияаралық келісім мен бірліктің қазақстандық моделін әрі қарай нығайтуымыз қажет деген сөз. «Нұр Отан» партиясы Елбасының стратегиялық бастамаларын іске асыруда әрқашан тірек және көмекші болды. Партия Қазақстанда азаматтық ұлтты қалыптастыруды әрқашан өзінің басты әлеуметтік-саяси мақсаттарының бірі ретінде қойды. Бұл мақсат партияның XXI ғасырдағы басты бағдары болып қала береді», - деп сөзін қорытты профессор.

Диана ҚҰЛМАҒАНБЕТОВА