2040 жылға қарай су тапшылығына тап болуымыз мүмкін
2013 ж. 09 қазан
3667
2
Қазақстан таңдаған «жасыл экономика» жұртшылықтың тұрмыс жағдайын көтеріп қана қоймай, болашақ үшін табиғи қорларды үнемді һәм ұтымды пайдалану мәселесін қаузайды. Осындай мәуелі миссия Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне жүктелген-ді. Кеше мәжілісмендер алдына есеп беруге келген министр Нұрлан Қаппаров «жасыл» дамудың жайын ғана емес, елдегі экологиялық проблемалардың шешілу барысын да қозғады. Мәжіліске жасыл галстукпен келген министрдің жұмысы да жаман бағаланған жоқ.
Елбасы айқындаған стратегия бойынша 2050 жылға қарай Қазақстанның энергия тұтынымының 50 пайызын жаңартылатын һәм балама қуат көздері құрауы тиіс. Бұл міндет аясында арнайы тұжырымдама қабылданып, заңнамалық тетіктер де іске қосылған. Әлемдік тәжірибелер де зерделеніп жатыр. Мәжіліс алдындағы баяндамасын осы жайттан бастаған жасыл галстукті министр Нұрлан Қаппаров «жасыл» дамуда Қазақстанның өз даңғылы болатынын аңғартты. «Жалпы, біз жаңартылатын энергия секторын дамытуда басқарусыз траекториямен кеткен жекелеген еуропалық елдердің қателіктерін қайталамайтын боламыз. Сондықтан да өткен жолы қабылданған заң жаңартылатын энергия секторын қадағалауға мүмкіндік береді. Айта кетерлігі, Қазақстан жаңартылатын энергетика секторы нарығына жағымды кезеңде еніп отыр. Нарыққа бірінші болып енген Германия, Испания секілді елдер Еуропадағы пісіп-жетілмеген технологиялардың ірі салымшылары болып тұсалып қалған еді. Ондай нысандардың құны соңғы онжылдықта айтарлықтай түсіп кетті. Сондықтан да аталған елдердің жүріп өткен тәжірибелерімен салыстыра отырып, құны айтарлықтай тұрақтанған технологияларды дамыту бойынша бізде таңдау мүмкіндігі баршылық», – дейді еліміздің бас экологі. Министрдің мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда жаңартылатын энергияны дамытуға жергілікті және халықаралық инвесторлар тарапынан қызығушылық соңғы уақытта арта түскен. Нәтижесінде 2011 жылдан бері Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында жалпы қуаты 16,5 МВт құрайтын су, жел, күн және биогаз қуатын өндіретін электрстансылар салынған. Ағымдағы жылдың соңына дейін жалпы қуаты 9 МВт құрайтын бірқатар жобалар да пайдалануға берілетінге ұқсайды. Жалпы, жаңартылатын энергия көздерін қолдау аясында 2020 жылға қарай қуаты 1 ГВт болатын 31 жаңартылатын қуат көзінің нысаны пайдалануға беріледі.
Сегіз су бассейнінің алтауы тапшылыққа ұрынуы мүмкін
Бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігінің қарамағында болған су ресурстарын басқару мәселесі де Қазақстанның күн тәртібіндегі өзекті мәселеге айналып келе жатқан тәрізді. Айталық, 2050 жылға дейінгі стратегияға сәйкес, елімізде 2020 жылға қарай халықты, ал 2030 жылға қарай ауыл шаруашылығын сумен тұрақты қамтамасыз ету мақсаттары межеленген болатын. Алайда министр Нұрлан Қаппаров мырза суды тұтынудың өсу үрдісін, «тіршілік көзін» тиімсіз пайдаланудың артып отырғанын айтып, өңірдегі су тапшылығына ұрындыратын қауіптің бар екенін алға тартты. «Қазақстанда сегіз су бассейнінің алтауы 2020 жылға қарай тапшылыққа ұшырауы бек мүмкін. Егер су ресурстарын пайдаланудың және басқарудың тиімділігін көтермейтін болсақ, онда 2040 жылға таман су тапшылығы арта түседі. Бұл халықты сумен қамтамасыз етуге де, экология жағдайына да кері әсерін тигізуі әбден мүмкін», – дейді министр. Сондықтан да Қоршаған ортаны қорғау ведомствосы мұны қаперде ұстап, арнайы бағдарлама әзірлеуге кірісіпті. Әлгіндей бағдарлама болса, су тапшылығының алдын алуға да болатын көрінеді. Мәселен, министрдің мысалына сүйенсек, суды үлесті тұтынуды төмендету және оны тиімді пайдалану шаралары арқылы жылына орташа құны 15 миллиард теңгені құрайтын 9,5 текше метр суды үнемдеуді қамтамасыз етуге болатын көрінеді. Ал мұндай жетістік үшін, ең алдымен, су шаруашылығы саласындағы ұлттық саясат айқын болуы шарт. Қоршаған ортаны қорғау министрлігі дәл осы ұлттық саясатты анықтау үшін ведомствоаралық кеңес құруды да сол үшін ұсынып жатқанға ұқсайды. Талқылау барысында депутаттар дәп осы су мәселесіне қатысты дүниелерді ортаға салып, бірқанша мәселені көтерді. Бірі ауызсу тапшылығын айтса, екіншісінің су сапасына көңілі көншімейді. Ал Розақұл Халмұрадов ауыл шаруашылығы саласында қордаланған мәселелерді уақтылы шешу қажеттігін айтады. «Ауыл шаруашылығы саласына 1992 жылы 26 текше шақырым су пайдаланылса, өткен жылы бар-жоғы 9,5 текше шақырым су жұмсалыпты. Себебі су жетіспейді, ал соның салдарынан миллион гектарға жуық жер айналымнан шықты», – дейді депутат Халмұрадов.
Су мәселесімен ұштастыра отырып министр мырза балық шаруашылығының жай-күйін, орман мен аң шаруашылығының ахуалын айтты. Қалдықтарды басқару саласындағы проблемаларға да тоқталды. Министрді коммуналдық-тұрмыстық қатты қалдықтардың жыл сайын артып отырғаны алаңдататын көрінеді. «Бүгінгі күні ел аумағындағы барлық қалдықтар қоқыс төгетін орындарға көму үшін апарылады. Алайда Астанадан басқа ешбір қоқыс орны көмудің санитарлық нормаларына, экологиялық стандарттарға сай емес. Қоқыс көмілетін барлық полигонның мерзімі өтіп кеткен. Республикада қоқыс сұрыптау стансыларының бірде-біреуі жұмыс істеп тұрған жоқ. Бұл жерлерде қайталама материалдық ресурстарды, сондай-ақ «жасыл» энергия мен компост өндіру үшін кәдеге жаратуға биологиялық ірігіштер алу мақсатында қалдықтарға терең сұрыптау жүргізсе де болар еді. Ақыр аяғы бізде ең құрығанда қалдықтарды бөлек жинау немесе тұрмыстық қатты қалдықтарды түзілу кезінде сұрыптау жүйесі мүлдем дамымай отыр», – деп кейіді министр Қаппаров. Ал қордаланған бұл проблеманы қалай шешу керек? Нұрлан Жамбылұлы қалдықты басқарудың кешенді бағдарламасы, оның ішінде өнеркәсіптік қалдықтарды басқару бағдарламасы әзірленіп жатқанын тілге тиек етеді.
«Көк жайлау» Шымбұлақтың кебін кимесе игі
Жасыл галстукті министрдің мәліметтерін тыңдап, бяндамасын талқылауға кіріскенде депутаттар қоғам арасындағы бірқатар өзекті мәселелерді көтерген болатын. Ерген Досаев Алматыда салынғалы жатқан «Көк жайлау» тау шаңғысы шипажайына қатысты қоғам арасындағы қайшы пікірді еске салып, министрдің ұстанымын байқап көрген-ді. «Қазақстандықтардың алаңдайтын жөні бар-ау. Елімізде мұндай ғажайып орындар көп емес. Оның ішінде «Көк жайлау» тау шаңғысы курорты құрылысының экожүйеге тигізер салдары да мазалайды. Министр ретінде бұл жобаның орындылығын қалай бағалайсыз?» – дейді депутат Досаев. Өз кезегінде қоғамның мәселеге өткір қарауына түсіністік білдірген министр Нұрлан Қаппаров ұстанымын былай білдірді: «Жобаның орынды-орынсыздығына Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі жауапты. Туризмді дамыту бағдарламасы да, жоба да солардың қолдарында тұр. Ал сол жобаға сүйенсек, «Көк жайлау» Қазақстандағы туризмді дамытудың зәкіріне (якорь) айналмақ. Ал учаскенің таңдалуына оның экологиясы жағынан келсек, біз бұл жобаның барысын жіті қадағалап отырмыз. Алдағы уақытта да экожүйеге зақым келмеуін баса қарайтын боламыз», – дейді министр. Әлбетте, экожүйеге теріс әсерін қалдырмайтын экотуризмді дамыту – Қазақстан үшін әбден қажет-ақ дүние. Дегенмен жұртшылық арасында «Көк жайлау» курорты Шымбұлақтың кебін киіп, қаптаған коттедждің құрсауында қалмаса деген тілек бар екені белгілі. Министр Қаппаров өз ұстанымын жария еткенде де осы мәселе қаперде болатынын білдірді.
Розақұл ХАЛМҰРАДОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– «Жасыл экономика» тұжырымдамасында бүгінгі және болашақ ұрпақтар мүддесіндегі табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану көзделеді. Шын мәнінде, болашақ ұрпақ мүддесі мен табиғи ресурстарды ұқыпты әрі ұтымды пайдалану үшін не істеліп жатыр? Бұл – өзекті мәселе. Өйткені мұнайды өндіруді біз жылдан-жылға көтеріп келеміз. Мұнай министрі 2030 жылға қарай мұнайды өндіру 130 млн тоннаға жететінін айтты. Ал 2050 жылға қарай бұл 40 млн тоннаға дейін кемиді екен. Сөйтіп, біртіндеп азая береді. Сонда бұдан қандай ұқыптылықты көріп отырмыз?
Серікбай НҰРҒИСАЕВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Кезінде қасіретке айналған Қызылағаш су қоймасындағы жұмыс толығымен аяқталып біткен жоқ. Біз қазір үш жылдық бюджетті қарап жатырмыз, алайда Қызылағаш суқоймасына қатысты атқарылатын шаралар онда қамтылмаған. Бұл – бірінші мәселе. Екінші мәселе, егер Қызылағашқа су келіп, барлық мәселе шешілгеннің өзінде оның төменгі тұсындағы проблемалар алдан шығуы мүмкін. Олай болатын себебі, кезінде қойма суы Қызылағаш ауылын тұтастай шайып кеткенде, ондағы 3000-ға тарта үй-жай мен қора-қопсының үйіндісі төменгі алқапты тұтастай басып қалған болатын. Мұның жайы қалай? Гидрожүйесі не болып жатыр? Мұндай сұрақтарға жауап әлі жоқ. Халық соған алаңдаулы.
Қанат Қазы, "Алаш айнасы"