Қор болудың құрығы

  ...Осыдан небәрі жиырма шақты жыл бұрын ғана ірі-ірі 14 ұлтты табанында таптап, аяусыз езгілеген Ресей мемлекетінің қалқан қылған «СССР» деп аталатын тажал-тұғыры абайсызда қирап қалғаннан кейін, ормандай орыс өзара кескілесіп, бар қазына-байлығын талан-таражға салуға кірісті. Дәп осы кезде Ресейдің ең жоғарғы билігі – Ресей Президенті Борис Ельциннің жанынан Ленин комсомолы сыйлығының иегері Борис Абрамұлы Березовский табыла кетті. Мемлекет басшысының қызы Татьяна Дьяченкомен жақын араласқан ол 1994 жылдың қысында Борис Ельциннің «Президенттің жазбалары» атты кітабына демеушілік жасады. Өзі ғалым әрі кәсіпкер тамаша мүмкіндікті қалт жіберген жоқ. Ресей басшысын «Сібірмұнай» же­кеменшік мұнай компаниясын ашуға рұқсат етуге көндірді. Мол ақшаның дәмін татып: «Егер мен зауыттың директорын арзанға сатып ала алатын болсам, онда зауыттың өзін удай ақшаға несіне сатып аламын?!.» – деп, кекірейген Березовский Ресей Президенті Жеке күзетінің бастығы Александр Коржаковты да айтқанына көндіріп, «Кремльдің қуатты қолы» деген атақ алды. «Саясаттағы Мефистофель» лақабын алған ол ақпарат құралдарына ауыз салып, ОРТ телеарнасын құруға атсалысып, ТВ-6-ның акционері атанды. Сосын, «Коммерсантъ», «Московская комсомолка», «Независимая газета», «Новые Известия», «Свежий номер» газеттері, «Автопилот», «Власть», «Деньги», «Молоток», «Домовой», «Огонек» журналдарын, «Наше радио» радиостанциясын, «ОРТ» (Бірінші арна), МНВК (ТВ-6) телеарналарын иеленіп, Ресейдің медианарығындағы ең ықпалды тұлға болды. Б.Березовский ОРТ мен өзінің ақпарат құралдары арқылы В.Путинге қолдау көрсетіп, 2000 жылдың 27 наурызында Владимир Путин Ресейдің жаңа Президенті болып сайланды. Ресейдің ең жоғарғы билігіне жақын кейбір адамдар: «В.Путинді Б.Ельцинге болашақ тақ мұрагері ретінде ұсынған Б.Березовский еді» – дейді. Бірақ, қалай болғанда да, В.Путин таққа отыра салысымен, алды-артына қарамай, Ресейден қашуға мәжбүр болып, өмірінің ақырында байлығының бәрінен дерлік жұрдай айырылған Б.Березовский: «Менің өмірдегі ең үлкен қателігім – Путинді билік басына әкелгенім!» – деген жанайқайын әлемге айқайлап айтты. В.Путиннің Ресей президенттігіне сайлануында Б.Березовскийдің зор ықпалы мен мол көмегі болғандығын саяси сарапшылардың дені мойындайды. Ә дегенде, Б.Березовский мен В.Путиннің тонның ішкі бауындай тату болғандығы да шындық. Борис Абрамұлының ешқа­шан, ешбір жағдайда айнымай­тын және айырылмайтын «қасиет­тері»: жалғандық, өркөкі­ректік, арсыздық, тек қажетті адамдармен ғана «достасып», пайдасы бар істермен ғана шұғылдану болса, дұшпандарын ешқашан тыныш қоймаған оның өмірлік қағидасы: «Тұтқындардың көзін жою керек, жараланғандарды тірі қалдыруға болмайды!» – деген темірдей тәртіптен айныған жоқ. Адамның тағдыры қызық қой. Көбіне өзгеге қазған орға өзі түсіп жатады. Өзекті пенде Борис Абрамұлы да, қаншама айлакер, қаншама арамза болса да, құдайдың құрығынан құтыла алмады. Ең жоғарғы мемлекет билігінің тізгінін тастай қатып ұстаған барлаушы В.Путин есепсіз, қыруар қазына-байлықты да өз қолына жұмылдыру шараларына бел шеше кірісіп кетті. Тұманды Альбионға табан тіреген Б.Березовский: «Владимир Путин – саясаттағы кездейсоқ адам» деген қағидасынан танбай, ағылшын баспасөзінде арнайы тапсырыстармен мақалалар бастырып, арандатушылық мәлімдемелер жасап, Кремльдің басшысы туралы алып-қашпа әңгімелерді үрлеп, ушықтырып отырды. Ол Ресейге қайтып келіп, оппозициялық қуатты партия құратындығын мәлім етті. 2003 жылы Лондон Березовскийге саяси босқын мәртебесін беріп, ағылшын төлқұжатында оның аты-жөні «Платон Еленин» деп көрсетілді. Жаңа құжатымен ол Грузия мен Латвия барып қайтты. 2012 жылы бұрынғы Борис Березовский, қазіргі Платон Еленинге Мәскеудегі «Миллиондар маршы» аталған жаппай тәртіпсіздіктерге ықпал етті, дейтін айып тағылып, қылмыстық іс қозғалды. Соңғы жылдар миллиардердің тек қана ойсырай жеңілулері мен тізе бүгулерінен тізбектелді. Бұрынғы әріптесі Р.Абрамовичті қайта-қайта сотқа сүйреп, «Сібірмұнай» және «Русал» компанияларындағы үлестері үшін 5,5 млрд АҚШ долларын өндіріп алмақшы болған Б.Березовский іс жүзінде Жо­ғарғы Лондон сотында күйрей жеңіліс тапты. Өмірінің ақырғы 12 жылын туған топырағынан тыс, тым алыста өткізген Борис Березовский өлерінен бірнеше сағат бұрын «Форбс» журналының тілшісімен бейресми кездескенде, күңіре­ніп-күйзеліп былай депті: «Менің Ресейді жақсы көреті­нім соншалық, эмигрант бола алмайды екенмін. Тіпті, Ресейде маған қарсы қылмыстық істер қозғалғанда да, менің отаныма қайтқым келді. Тек Елена Боннэрдің (Академик Андрей Сахаровтың жесірі) ақылымен ғана Лондонда қалып қойдым.... Қазір менің өмірге, ортаға, билікке деген көзқарастарым түбегейлі өзгерді. Менің өзім де өзгердім. Ресейдің қандай екендігін де, Батыстың бет-бейнесін де шынайы ұғындым. Мен Еуропаның кіндігіндегі демократияны мінсіз деп ойлаппын және Ресейде де бұл үрдістер кемшін-мінсіз жүруі керек, деп теріс түсініппін. Ресейдің «болмысына» тән бейқамдығын байқай алмаппын, ал, Батыстың бағасын шектен тыс асырып жіберіппін. Уақыт өте келе мен өзімнің қателіктерімді түсіндім. Ресейдің даму жолы жөніндегі көзқарастарым өзгерді... Мен өмір сүрудің мән-мағынасын жоғалтып алдым. Өмірдің мәні кетті. Менің қазір саясатпен айналысқым келмейді. Не істерімді де білмеймін. Менің жасым 67-ге келді, ал, мен әрі қарай қалай өмір сүру керектігін білмеймін...» ...Ресей Президентінің Баспасөз хатшысы Д.Песков Борис Березовскийдің бақандай он үш жыл бойы саяси қарсыласы болған В.Путинге осыдан екі ай бұрын хат жазып, кешірім сұрағанын айтты. В.Путинге хатында ол: «Мен көп қателік жібердім, мені кешірудің оңайға түспесін білемін, әйтсе де мен шатастым, мұным үшін кешірім өтінемін. Менің туған отаным Ресейге қайтуыма мүмкіндік әрі жәрдем беруіңізді сұраймын» – депті. «...Бір жолғы әңгімемізде біз абайсызда денсаулық пен сырқат мәселесін сөз қылдық, – деп жазады журналист Пархоменко. – Сонда Борис Абрамұлы былай деді: «Менің денсаулығым да – менің бір қаруым. Кім бірінші өлсе, сол ұтылады. Ал, мен әрдайым жеңуге дағдыланғанмын...» Осы сөздерді нықтап айтқан Б.Березовскийді мен тура бір жыл бұрын көрдім, ол өлімге мойынсынған да, асыққан да адам емес еді...» Иә, өмірінің соңғы мүшелі сыртта өткен бұрынғы олигархтың өліміне қатысты долбар да көп, сыбыс та шаш етектен. Бірақ, Б.Березовскийді етене танып, жақсы білетіндер оның өзіне қол жұмсағанына да, «Тәубеге келу хатын» жазғандығына да аса үлкен күмәнмен қарайды. Мәселен, А.Закаев: «Бұл хаттың бір сөзіне де сенбеймін. Борис өзі жанын салып, күрескен құндылықтарына әрқашан адал болды. В.Путин мен Б.Березовский арасындағы айырмашылық: Борис өз қателігін әрдайым мойындай білетін»– дейді. Кедейшілікке бет алғанға дейінгі бар байлығы 1,2 млрд фунт стерлингтен – 3 млрд фунт стерлингке жетіп-жығылған. Марқұмның бар арманы Мәскеудегі «Спартак» базасының маңындағы бейіт­те мәңгілік байыз табу екен. Тірілердің иманы кемшін тартпаса, марқұм ниетіне де жетер... *** Иә, «Менің ең үлкен қателігім – Путинді билік басына әкел­генім» деп, 13 жыл бойы бар­мағын тістеп-өкінген, бір кездері министріңді көзге ілмей, губернаторыңмен жүре сөйлескен Борис Березовский де жалған дүниеден озды... Жалпы, адам баласының күнәсі мен қателігі көп қой. Біздің де қателігіміз бір басымызға жетіп-артылады. Сонау тәуелсіздік алып, «тәлтіректеген» тұста бар қазына-байлығымыз ұстағанның қолында, тістегеннің ауызында кетті. Билiкке жақын пысықайлар қазақпен санасқан жоқ, халыққа қарасқан жоқ, Қазақстанның «капитализмге өту» дәуiрiн өз пайдаларына шешті... Билiкпен тығыз байланы­сының көмегімен еуразиялық үштiк қазақтың төл несiбесiн қомағайлана қарпып, тәуелсiз­дiктiң алғашқы алмағайып жылдарында металл және тау-кен өнеркәсiбi, энергетика мен қаржы саласындағы активтердiң басым бөлігіне бақылау орнатты. Әлемдегі металл өңдеу және тау-кен өнеркәсiбiнің iрi корпорациялардың бiрегейi ENRC корпорациясын құрған «қазақстандық» саналатын үш бизнесмен Александр Машкевич, Патох Шодиев және Алиджан Ибрагимов қазір Қазақстан өнеркәсібінің басым бөлігін толық иелігінде ұстап отыр. Жат жұрт, басқа ұлт өкiлдерiнiң небір ақылды қазақтарды тақырға отырғызып, Қазақ Елінде соншалықты орасан үлкен бизнес құруының «сырын» ешкім терең түсініп, құпиясын аша алар емес. Болжам көп, байлам жоқ. Қазір Лондон қор биржасындағы капиталдандыруы жоғары арнайы 100 компанияның тiзiмiне кірген ENRC корпорациясында Қазақ үкiметiнiң үлесі небәрі 12 пайыз ғана, яғни, қазақ үкіметі бұл ұжымның басты шешімдеріне тікелей ықпал етуге қауқарсыз. Араны ашылған үштік қазақ байлығын одан әрі талан-таражға салуда. Енді Қазақстанның хром, темiр рудасы және аллюминий глиноземi активтерiн толық иемденді. Қазақстанның майлы қазанының қақпағын ұстаған үштіктің қарымын екшегенде, марқұм Б.Березовскийдің ұрлық-қарлығы ойыншық болып көрінеді. Бүгінгі таңда басты өндiрiстiк активтерi Қазақстанда орналасқан үштік алдыңғы бес жылда өз байлықтарын үстемелеу үшін елімізге 6 млрд. АҚШ доллары мөлшерінде инвестиция әкелмекші. Ал, қазақтың жерінен қаншама байлыққа кенеліп, қанша миллиард қаржы алып кететіні бір құдайға аян?!. Танымал “Independent on Sunday” газетi бір кезде: «Қазақ үкiметi тұтастай осы үш олигархқа тиесiлi. Қазақстанда олардың иелiгiнде жер де, көптеген өнеркәсiп те бар» – деп ашық та анық жазған еді. Күллі бір ұлттың, тұтас бүтін елдің әлеу­меттiк тұрмысы, қаржысы мен экономикасы, тіпті, тағдыры сырттан келген үш келімсекке тәуелдi болатындай басымызға не күн туды?!. Елiмiздiң 65 мың азаматы жалданып жүрген үштіктің меншiгiндегi кәсiпорындарда қанша азаматымыз бақилық болды, жұмыс техникаларының ескiлiгiнен қанша жұмысшы­ларымыз күн сайын өмірлерін қауіпке байлап, зардап шегiп жүр. Жеке бастарының пайдасын ғана көздеп, қыруар қаржы қарбытқан еуразиялық топ өнеркәсiптiң материалдық базасына да, кеншiлер мен жұмысшылардың еңбек жалақысының аздығына да назар аударған емес. Ал, топтың басшысы А.Машкевич: «Мен ENRC-дi керемет компания деп есептеймін. Республиканың мұндай табысының басты негiзi оның басшылығының саяси даналығында, көрегендiгi мен батылдығында жатыр. Мен президент Назарбаев тәуелсiздiктiң 20 жылында елдi сәттi басқарып келедi деп есептеймiн»– деп, бұлбұлша сайрайды. Аталған үштік өз «табыстарын» қанағат тұтпай, қазақтың қазынасын басқа да көлденең көкаттыларға таратуға жәрдемдесе бастады. Мысалы, «Financial Times» басылымы Қазақстанның болат өндіру зауытын ArcelorMittal компаниясына өткiзуге «ықпал еткені үшін» үнді жебірейі Лакшми Митталдың еуразиялық үштiкке 100 миллион АҚШ доллары шамасында «сыйақы» бергендігін жазды. Қазір Лакшми Миттал қазақты теспей-сорған төртінші жегіқұртқа айналды... Тәуелсiздiктiң алғашқы қиын жылдарында амалсыздықтан әрі білместіктен тиын-тебенге сатылып кеткен iргелi кә­сiпорындарды мемлекетке түпкiлiктi қайтарып алудың жолы өте көп. Мұндай қате­лік­тер жер жүзінің көпте­ген мемлекететінің басынан өтті. Айталық, Латын Аме­ри­касында да, Боливия­да да, басқа құрылықтар мен елдерде де, жаңа заңдар қа­был­данып, мемлекеттің менші­гінің өз халқына толық қайта­рылғандығы тарихтан мәлім. «Күресерге дәрмен жоқ!» – деп, құр айқайлап, сары уайым­ға салына бермей, қарым-қаты­настардың өркениетті әдіс-тәсіл­дерін қолға алуымыз керек. Қажымұқан ҒАБДОЛЛА