«Біз бұрын ұлы ел едік, қазір ұры ел атандық»

  «Біз алдын ұлы ел едік, қазір ұры ел атандық» деп, 1993 жылдың қазан айында қайтыс болардан бір ай бұрын Әнуар Әлімжанов айтып еді. Сол кездің өзінде бүгінгі күнді көріп, болжап кеткендей әсер қалдырады. 2013 жылдың 28 қаңтарында Ақордада өткен жиында Елбасы Қазақстан Республикасы Ұлттық банктен 10 миллард доллар жоғалғаны туралы көпшілікке жайып салды. Кезінде Махатми Гандидан сұрапты «бір миллиард санды қалай түсіндіре аласыз?» деп, сонда Ганди «бір кітаптың басы осы жерден басталса, соңы елу шақырым жерден аяқталады» деген екен. Енді он миллард деген Астана мен Қостанайдың арасында 500 шақырым жерді қамтитын кітаптың беті секілді қаржы. Тіпті, ата-бабаңның өңі түгілі, түсінде кірмеген ақша. Асстафуралла, о заманда бұ заман, айдың күннің аманында айырылып қалып отырмыз. Егер Бұқар жырау бүгін тіріліп келе қалса, әкім-қарарға былай деуі мүмкін-ау: Он миллард теңге ұрладың, Баукеспең, әсте, тоймайды Жемқорға тұзақ құрмадың Қазаққа қазір сол қайғы... Әлемнің ең бай мемлекеті АҚШ-та осындай жағдай бола қалса, елдің президенті Барак Обаманың іс-әрекетін қадағалап отырған Конгресстегі 600 демократ Б. Обаманың мәселесін қатаң талқыға салар еді... Мысалы, Норвегияда мектеп оқушысы мемлекеттің қазынасындағы қаржының қайда жұмсалып жатқаны туралы емтихан тапсырып, баға алады екен. Ал, біздің жұрт елдің қазынасы мен мемлекет қаржысына немқұрайлы қарап: «Менің қатысым жоқ, Үкімет өзі біледі ғой» деп, жайбарақат жүргенге үйренген. Осы «Жаны ашымастың қасында – басы ауырмас», жағымсыз әдет, жұғымсыз қылықтан құтылуымыз керек. Ол үшін бүкіл Қазақстан аумағына ағартушылық жұмыс қажет. Яғни, «Мелекеттің бюд­жеті – менікі, Ұлттық банк қо­рындағы миллардтаған қар­жылар да – менікі» деген түйсік әрбір қазақтың санасына сіңуі тиіс! Бәлкім, сонда ғана мемлекеттің аса маңызды саласында тиянақты тәртіп орнауы мүмкін. Біздің саяси жүйедегі үлкен қателік – қарапайым ха­лықтың салығынан құралатын қаржылық жүйе өзінің басты құрылтайшысы – халықтың алдында Ұлттық банк есеп бермейді. Парламент депутаттары үш рет арнайы шақырса да, Ұлттық банктің төрағасы Григорий Марченконың пысқырып қарамауы, мүлдем құлақ аспауы – Парламенттің қазақ қоғамындағы нақты қауқарын байқатады. Ақырында, депутат Ғани Қасымов: «Үш рет шақырғанда келмеген Г.Марченконы орнынан алып тастау керек!» деп, арқырғанымен, сенат қабырғасынан шыға беріс дәлізде Ғани ағамыз Марченкоға : «Әзілдеп едім» дей салған көрінеді.... Парламентті көзіне ілмейтін Г.Марченконың КТК телеарнасына ерекше құрметпен қарайтыны айдан анық байқалады. Ұлттық банктің басшысы КТК телеарнасының журналисі А.Платоновты тонның ішкі бауындай жақын тартып, ашық сырласады... Қаржы дағдарысы алдында Ұлттық банктің тиісті іс-шаралар қарастырып, елдің банк жүйесін қаржылық апаттан сақтандыра алмағаны белгілі болды. Отандық тауар өндірушілерге берілуге тиіс миллиардтаған қаржылар жеке банктерге жұмсалып, жыртығын жамағанымен, «жанын» алып қала алмады. Егер осынау есепсіз қаржы-қаражат шағын және орта бизнеске төмен пайыз негізінде берілгенде, ауыл-аймақтарда жаңа жұмыс орындары ашылып, жалпы экономикамыздың әл-ауқаты мен күш-қуаты беки түсер еді. Қазақтың қаржы мәселесіне қатысты қабырғалы мәселелерінің құлағын қазаққа шынайы жанашыр азаматтар ұстап отыруы керек. Ұлттық банктің қыруар қаржысының қызығына қарық болып, байлыққа белшесінен батып жүрген, бірақ, қазақша бір сұраққа ақылға қонымды жауап бере алмайтын қаржыгерлерді қызметте ұстаудың қажеті бар ма?!. Бабамыз қазақ: «Не көрген алады, не көмген алады» дегенде де, «Айран ішкен құтылады, шелек жалаған тұтылады» дегенде де – ұрлық түбі – қорлық екендігін меңзеген. Соның бір дәлелі: 2013 жылдың 20 ақпанында Ресей Думасының депутаттары Қазақстан банктеріне 80 миллион АҚШ доллардан аса берешегі бар Михеевты Ресей Думасының депутаттық иммунитетінен айырды. Мемлекеттік Дума депутаттары Михеевтің мандатын қайтарып алу туралы қаулыны бірауыздан қолдады. Енді ол қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады. Қазақстан Бас прокуратурасының Ресейдегі өкілі А.Константиновтың айтуынша, алаяқ депутат 2005, 2006 және 2007 жылдар аралығында Қазақстан банктерінен әртүрлі көлемде несие алған. Оларды әртүрлі фирманың атына рәсімдеп, алайда ешқайсысын қайтармаған. Бүгінде оның жалпы берешегі 80 миллион АҚШ долларынан асып жығылған. Оның тең жартысын «Казкоммерцбанктен» алыпты. Несиеге қатысты келісім жасау үшін Қазақстанға депутаттың өзі келіп тұрыпты. Онысы Михеев «Казкоммерцбанк» пен «БТА Банк»-тің Ресейдегі бөлімшелерінен тағы да 33 миллион АҚШ доллары көлемінде несие алған. Михеев Қазақстан ғана емес, Ресейдің бірнеше банкінен де қыруар қаржылар алып, қарызын өтемеген. Тергеу барысында оның Волгоград қозғалтқыш құрастыру зауытының 14 нысанын заңсыз иеленіп алғаны және «ПромьСвязьБанкінен» 2 миллард рубль алғандығы да белгілі болды. Қазақстандағы жеке банктердің қауіпсіздік деңгейінің сиқы осындай?!. 2012 жылдың қарашасында Қазақстанның 2015 жылға қарай шетелдік банктерге қойылатын талап-міндеттемелерін 24 пайыздан 10 пайызға дейін шектейтіндігін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры басқарма бастығының орынбасары Елена Бахмутова мәлімдеген еді. Содан бергі уақытта тып-тыныш жатқан Ресей жағы қазақтың вице-премьері Қайрат Келімбетовтің Мәскеуге сапары кезінде аяқ астынан байбалам салып шыға келді. Ресей «Сбербанкінің» басшысы Герман Греф ЕурАзЭҚ интеграциялық комитетінің басшысы, РФ бірінші вице-премьері Игорь Шуваловтың атына хат жазып, оны «Извес­тия-Қазақстан» газеті жариялады. «Это вам не баран чихнул…» деген мақаласында Герман Греф Игорь Шуваловқа Қазақстан жағының шешіміне ықпал етуді сұрайды. Әйтпесе, ресейлік банктер бұдан 120 млрд. теңге (24 рубль) зардап шегеді» деп «өлердегі сөзін» айтты... Естуімізше, Ресей басы­лымдарының Қазақстан­дағы қосымшалары өз елінен көк тиын алмайды. Есесіне қазақтың қаржысына шы­ғып, Қазақстанға қарсы ма­қалаларын жариялайды. Еліміздің ең ірі партиясының «қамқорлығындағы» «Известия-Қазақстан» газеті ұжымының «Асымызды ішіп, аяғымызды тепкен» жымысқы іс-әрекетіне бірауыздан тосқауыл қою керек. Немене, қазақтың ақшасына шығарылатын қосымша қазақтың ұлттық мүддесіне қарсы жұмыс істеп, талтаң басып жүре беруі керек пе?!. Банк саласындағы талапты күшейту мәселесіне келетін болсақ, одан «бас жарылып, көз шығатындай» ештеңе жоқ. Осы мәселеге орай БАҚ-қа түсініктеме берген Елена Бахмутова: «Қазақстанның Ұлттық банкісін қоса алғанда, шетелдің қатысуымен құрылған банктерге мемлекеттік қордың жалпы міндеттеме-талабынан 24 пайыздық шектеу қойылған». «Сбербанктің» жағдайы қалыпты, ешқандай кедергі жоқ. Айдың күннің аманында жоғары жаққа хат жазып, елді дүрліктірген Герман Грефтың «бас ауруы» өз банкіне деген жанашырлықтан гөрі, өзі туып-өскен, суын ішіп, нанын жеген қазақ халқына деген белгісіз өштік сияқты... ...Қазіргі таңда еліміздің қоғамдық сана-сезімдегі нем­құрайлылық пен тоқырау­шылық байқалады. Мұның себеп-салдары: адамдардың әлеуметтік құқықтарының қорғалуына деген сенімі азайды. Айталық, байлардың байлығының шексіз артып, ал, кедейдің одан бетер кедейленуі – әлеуметтік теңсіздікті күшейте түсуде. Мұның үстіне сыртқы қауіптердің екпіні де ескерусіз қалмайды. Ең бастысы – азаматтық қоғамның шынайы орнығуы үшін халықтың билікке сенімі нығаюы керек. Әлеуметтік қарапайым мәселелердің өзі парақорлықпен шешілетін қоғамның келешегі күңгірттене түспек. Алмақтың да – салмағы болады. Сыртқы қарыздарымыздың 120 миллиард АҚШ долларынан асып-жығылуы – әрбір қазақ пен қазақстандықтың түн ұйқысын төрт бөлуде. Американың ипотекалық несие саясатының шикілігінен банктері қарызға белшесінен батып, оның ақыры әлемдік қаржы дағдырысына тірелді. Сондықтен, елдің сыртқы қарыздарының көбеюі – ұлттың келешегіне қауіп төндіреді. Сыртқы қарыздарды аса біліктілікпен және жоғары жауапкершілікпен мұқият қадағалап, әрі реттеп отыру керек. Осы бағыттағы заңдарды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың құзырын кү­шейтіп, жауапкершілігін қатаң назарда ұстауымыз керек. Жұмамұрат Шәмші тарих ғылымдарының кандидаты