Жармахан Әміржанды кіргізбеді... ЖСДП съезіне...

  Бүгін жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП) кезекті съездін өткізді. Сәл кешігіңкіреп бізде бардық. Барсақ, сыртта ЖСДП-сы төрағасының бірінші орынбасары Әміржан Қосанов «Мені съезге кіргізбеді» деп сыртта отыр екен. Сөйтіп, Әміржан мырзаны аз-кем әңгімеге тарттық. Әміржан Қосанов: -   Бүгін бітеу жараның жарылған күні. Сондықтан айтайын. 2009 жылы екі іргелі партия -  «Азат» пен «ЖСДП» бірікті. Бұл бірігуде «Азат» партиясы өзін саяси құрбандыққа шалып, өзін жоюға жіберді де, ЖСДП партиясының негізінде бірікті. Бұл - Қазақстан оппозициясында оң қадам болды. Тұяқбайға да, Әбіловке де оппозиция бірге болу керек деп әу бастан айтып келемін.  Оппозиция үшін Алтынбек, Заманбек, Батырхан, Асхат өмірін беріп жатқан кезде біздің қызмет пен орынтақ үшін кім төрге озады деуіміз ұят. Халық бұл ісімізді түсінбейді. Тіркелмеген партиялар мен ұлттық мәселе көтеріп жүрген қоғамдық қозғалыстарға есігімізді ашайық, бірге болайық дедім. Бірақ, өкінішке қарай, Жармахан бастаған топ  ЖСДП-ның жарғысында төраға ғана бар, тең төраға, бас хатшы жоқ дегенді желеу қылып, бүгін міне, съездін өткізіп жатыр. Әділеттілік үшін күресіп жүргендіктен партия ішіндегі істе әділ болуы үшін 2009 жылы екі партия біріккен кезде болған делегаттардың бәрін түгел шақырып, «Әділет министрлігі тіркемей жатыр. Не істейміз?» деп ақылдаса отырып шешу керек еді.  Ал, мына съезде делегаттардың елу пайызы ғана отыр. Қалғаны шақырылмаған. Мен ЖСДП-сы төрағасының бірінші орынбасарымын. Съездге келіп тұрмын. Бірақ мені кіргізбеді. -   Съездге неге кіргізбеді деп ойлайсыз? Сізден қорқа ма, күдіктене ме? Жоқ әлде әңгімелеріңіз жараспай ма? -  Бұлар мені орынтаққа таласып, залды үйіріп алып кетеді де төрағалыққа таласады деп ойлайды-ау деймін.  Осыдан 10 күн бұрын Тұяқбайдың көмекшісіне хабарласып, партияның бірлігін ойлайық, сондықтан мен Жармаханмен кездесейін деп айтқанмын. 10 күн өтті. Тұяқбай хабарласқан жоқ. Ал, кеше сағат 10 да Тұяқбайдың көмекшісі хабарласып, «Сіз съездге келмей-ақ қойыңыз» дейді. Мен өзі тік мінез адаммын. Сөйтіп, шағын баяндамамды дайындап алып, съездге қатысуға келген бетім еді. Мені съездге кіргізбеуі партияның қазіргі басшылығында отырған азаматтардың, кешіріңіз, артының ашылуы. Яғни, саяси бәсекеден, ашық әңгімеден қашу. Мұндай басшылықпен партия ұшпаққа шықпайды. Бұлар осы істері арқылы қаншама еңбекпен құрылған партияның абыройын айрандай төгіп отыр. Мен ЖСДП-на сенім артқан азаматтардан кешірім сұраймын. Бұған менің қатысым жоқ. Мұны істеп отырған партияның ішіндегі топ. Өкінішке қарай, оны бастап жүрген Жармахан Тұяқбай болуы мүмкін. Бірақ мен онымен әлі сөйлескен жоқпын. 2012 жылы ЖСДП ештеңе істеген жоқ. Жаңаөзен оқиғасына байланысты комиссияға бұл партия кірген жоқ. Мен ұялғанымнан партиямның атынан комиссияға кірдім. Референдумның ұйымдастыру комитеті құрылды. Оған да кірген жоқ. Ол комитетке де партияның абыройын ойлап тағы да мен бардым. Өткен жылғы сайлаудан кейін Тұяқбай басқа кеңсеге көшіп кетті. Ол жаққа өз маңындағы аппаратын ғана шақырды. Біз шақырылған жоқпыз. -  Жұрт сіздерді әлсіз, ұлттық мәселелерді көтермейді, халықты соңынан ерте алмайды деп жатады ғой. -  Біз барлық күш-жігерімізді, қуатымызды сондай жұмыстарға салудың орнына бүгінгідей саяси интригаға барып жатырмыз. Мына әрекеттері Қазақстан оппозициясының масқаралау. - Бұдан кейінгі іс-әрекетіңіз қандай болады? -  Мен партияның қатарында қаламын. - Съездге кіргізбей отырған партияның қатарында неге қаласыз? - Өйткені бұл жікшілдер мен топшылдардың партиясы емес, халықтың партиясы. Партияма ашық жазамын. Партияның қатарындағы ілгерлеушілікті қалайтын азаматтарға ұран тастаймын. - Партия қатарынан шығарып тастаса не істейсіз? - Осы күнге дейін өз ойын ашық айтып, жазып, күресіп келген Әміржан Қосанов болып қала беремін. Егер шығарып жатса, жаңаша күш құру керек шығар. - Жармахан Тұяқбай о баста оппозицияға өткенде көңілдеріңізде жүрген, бірақ айтпаған күдіктеріңіз болды ма? - 2005 жылы күдігім болған жоқ. Өйткені, сол жылы Президент сайлауы кезінде бұл кісімен бірге 16 облысты араладық. Бірақ қазір күдігім бар. Мынау (съезд) демократиялық күштердің бірлігін ойлаған адамдардың тірлігі емес. - Оппозицияда буын алмасу процесі болу мүмкін бе? Әлде билік ауысқан кезде оппозицияда да өзгерістер бола ма? - Оппозицияда буын ауысу болмай оның халық алдында беделі болмайды. Яғни, ана жақта бір адам, мына жақта бір адам тапжылмай отыратын болса, халық билікке де, оппозицияға да сенбейді. Үшінші күшті күтеді. Таяу арада партия басшыларымен сөйлесемін. Егер осы заңды партия ұлттық, азаттық, демократиялық мәселелерді қозғап, сол жолда жұмыс істеуге мүмкіндік бермесе, жаңа күш құрамын. Оған менің тәжірбием жетеді. -  Ол күш қандай бағытта болады? - Ұлшылдық, демократиялық бағытта болуы керек. Әміржан Қосановпен қысқа сұхбатты аяқтап, съезд өтіп жатқан ғимараттың есігіне бірнеше журналист барып едік, күзетшілер кіргізбеді. Ақыры, жиналыс аяқталып, журналистерге арнап брифинг өткізіп жатыр дегенде ғана барып ішке кіргізді. Жармахан Тұяқбай, ЖСДП-ның төрағасы: - Біздің екі партияны қоссақ деген ісіміз нәтиже бермеді. Оның себептерін бірнеше мәрте айтқанбыз. Өткен қыста қосылған екі партияның арасында көзқарас қайшылығы қалыптасты. Содан кейін әркім өз жолымен жеке кету мәселесі алға шықты. Сондықтан бүгінгі таңда екі партия бар. Бірі - «Азат», екіншісі - ЖСДП. Әбілов мырза «Азат» партиясының төрағасы. Екі партияның қосылуын заңды түрде тіркемегеннен кейін осы мәселе партияның төралқасында қаралды. Сол жерде көзқарастар екіге жарылып, төралқаның көпшілік мүшесі не анда емес, не мұнда емес болып жүргеннен гөрі әр партия өз жолымен жүргені дұрыс деген ұсыныс айтты. Содан бері Қосанов мырза жылдан астам уақыт партияның жұмыстарына араласқан жоқ. Осы бір жылдың ішінде  партия төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары ретінде партия жұмыстарына араласуын, атсалысуын айтып келіссөз жүргіздік. Өкінішке қарай, келіссөздер еш нәтиже бермеді. Біз оны бүгінгі съездің делегаты болатын шығар деп ақырына дейін күттік. Бірақ ол келісімін берген жоқ. Ол бүгін съездің жұмысына араласуға емес, басқа оймен келген. Съезд ойыншық емес. Партия жарғысына сәйкес делегаттар мен шақырылған адамдар ғана қатысатын жиналыс. Сондықтан, Қосанов мырза съезд делегаты болмағандықтан, жиналысқа қатыса алмайды. Менің ойымша бүгінгі съезден саяси қитұрқы іздеудің керегі жоқ. Әміржан Қосанов партияда болатын болса, біз қарсы емеспіз. Партияға бірлік керек. Сол бірлікте жұмыс істеймін десе, есігіміз ашық. Бірақ Әміржан Қосанов партиядан шыққан жоқ. Біз оны шығарған жоқпыз. Әміржан съездге келгіш болса, неге конференцияға қатысып делегат болмайды? Кім оған қарсы болыпты?! Біз оған қайта кел дедік қой. Кешегі күнге дейін келіссөз жүргіздік. Біресе келем дейді, біресе келмеймін дейді. Ақырында келіп, айқай шығару үшін сендердің алдарыңа келіп сөйлеп жатыр. Ар жағын айтқым келмейді. - Оған кеше Сіздің көмекшіңіз хабарласып, келмеуін өтініпті. -  Білмеймін. Оның алдында келем десең, кел деп біз оған арнайы айтқанбыз. Артынан ол мен келемін де съездің тас-талқанын шығарамын дейді. Сонда біз соған көніп отыруымыз керек пе? Бұл съезд ғой, съезд! Ойыншық емес.   Съезд жұмысына кешігіп барған журналисттердің неге кіргізлмегенін айтқан «Ашық алаң» газетінің журналисті Инга Иманбайдан Жармахан Тұяқбай кешірім сұрады. Ал, партияның баспасөз қызметі болса, күзетшілерден кеткен қателік деп ақталды.   Сөйтіп, «Көктөбе» шипажайында өткен ЖСДП-ның кезекті съезі аяқталды.  

Өміржан Әбдіхалықұлы - Abai.kz