ҚАРАШАҢЫРАҚТАҒЫ ҚАРЫШТЫ ҚАДАМ

ТҰЛҒА

 "Есті адам, орынды іске қызығып, құмарланып іздейді екен-дағы, күнінде айтса құлақ, ойланса көңіл сүйсінгендей болады екен. Оған бұл өткен өмірдің өкініші де жоқ болады екен. Есті кісілер үлкен есі шықпай, ақылды қолдан жібермей, бойын сынатпай жүріп ізденеді екен. Егер есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал!"

АБАЙ

...Ақ түйенің қарыны – ақ қар, көк мұз – қақаған қаңтарда жарылды... "Ақ киімді, денелі, ақ сақалды" қарияның қатаң жүзі кенет жылып сала берді. "Қазақтың анасы – Сыр" (Н.назарбаев) жұртының жүрегі елжіреп, ерекше еміренді. Өз ұлы, төл перзенті ғана емес, жанашыр баласы – салиқалы санасының туған топырағына ат басын тірегеніне; оғлан келбет, ойлы тұлғаның ел ортасына – бел ортасына оралғанына өзекжара қуанды. Сірә, Сыр жұртының осынша шынайы көңілі толқып, сенімі шалқыған ғасырлық тоқмейіл-тоқтауының тамаша таңдары ұмытылмақ емес. Ел-жұрттың Елбасының ерендігіне ерекше ықыласы да, көшбасшының көрегендігіне шексіз алғысы да арнасынан асып-төгілді. Еңселі елордамыз Астана асқан Аралдың жорналшы-аруы Қалила Ақбөпе: "...Көп жылдан бері Көшербаевты аңсап жүрген халық Елбасының: «Қырымбекті туған өлкесіне қызмет етуге жібердім!» дегенін ести сала, бөріктерін аспанға лақтырған. Себебі, өзекті жарып шыққан туған ұлдың өзге облыстарға жасаған жақсылықтарын халық жақсы білетін еді." – деп, кесіп сөйлеп, сүйінші сұрады... Ауылдасының алыстағы асқақ арманын, жерлесінің жеті қаттағы жалынды үмітін арқалаған Қырымбек те қарап тұрмады: бетегелі шаруаға бел шеше кірісіп кетті. Көп күттірмей, ішінара кадрлік ауыс-түйістер жасады. Әр ауданға барып, әлеуметтің әл-қауқарын көзбен көріп, көңілге түйді. Алғашқы әсер, бастапқы тұжырым көңілді көншіте қоймады. Күрмеулі түйткіл, шимайлы шаруа шаш-етектен екен. Батыстың береке қонған батпандай қос облысын басқарған басшы: "Нарықтың талабы қатал, нарық бізді қарық қылуы үшін – көзқарасты түбегейлі өзгерту керек!" – деп, сөздің тоқетерін тура айтты. Ә дегенше, арада бес апта андыздап өте шықты. Еліміздегі қалыптасқан дәстүрдің үрдісімен аймақ басшысы елдің алдында жылдық есебін беруі керек болды. Жаңа басшы толқулы еді. Ал, Сыр топырағының сырбаз да сыншыл жұрты "жақсы – көрмекке, тәлім – термекке" деп, үлкен жиынға лық толды. Келгені кеше болса да, көргені мол басшының қырағы қарымы мен берекелі білігі бірден байқалды. Қырымбек Көшербаев: "Сыр өңірі құдайдың нәсіп қылған мол қазба байлықтарына кенде емес. Бұл – бізге берілген тәңірдің сыйы. Сол байлықты тиімді пайдалану – біздің үлкен жауапкершілікпен еңбек етуімізге байланысты болмақ. Алайда, осы міндетті орындауда бізде кемшіліктер де жоқ емес." – деп, әңгімесінің әлқисасын "Сын түзелмей – мін түзелмейді" дейтін қасиетті қағидаға сүйеніп, ерен екпін, отты жолдармен бастады. Шындығында, үдемелі индустриялаудың сара жолына түрен салған Қазақстанның кез келген аймағы – тиімді инвестициялық жобалармен жұмыс істеуге машықтанып қана қоймай, өркениетті әділ-тәсілдерді тезірек меңгеруге ұмтылуға тиіс болатын. Сыр елінде бірнеше жылдан бері сөз болып, қазығы да қағылып қойылған шыны зауытының құрылысы тоқтап қалып, бұл бағыттағы белсенділікті Ақтөбе облысы еншілеп кеткен... Қырымбек Елеуұлының ашына айтып, күйзеле жеткізген: "Шыны шығаруға қажетті барлық шикізат көзі бола тұра, өңірдің экономикасына зор серпін берер өндіріс орнынан айырылып қалдық" – деген өкініші өзекті өртеді. Ә дегенше, алғыр әкімнің уақыт оздырмай, дәп осы мәселенің қайта қаралуын сұрап, зауытты орналастыру жайын Үкімет басшысымен қайта пысықтағаны қапалы халықтың көңілін жайландырып сала берді. Әйткенмен, жалпы индустрияландыру картасы бойынша бүгінгі таңда аймақта 21 жобаның 15-і ғана 50 пайыздан жоғары жобалық қуаттылыққа әзер іліксе, 6 жобаның 3-еуі жобалық қуаттылығына да жетпей, қалған 3 жоба мүлдем жұмысын бастамаған. Қазақ елінің батысындағы қоңсымыз, етегі кең еңселі ел – Ресей елінде елшілік қызмет атқарып, өндіріс ошақтарының өркениетті өрісін меңгерген білікті басшы Қырымбек Көшербаев Сыр топырағындағы өндірістің "өкпені қысуының" басты себебі – жетік маркетингтік зерттеулердің жетіспеушілігінде, керек десеңіз, кейбір елді мекендерде мүлдем жоқтығында екендігін түсінді. Маркетинг – нарық шаруашылығының жүрегі іспетті. Егер өнімді шығарудан бастап, оның ақырғы тұтынушыға жеткізуге дейінгі аралығында атқарылатын істер түпкілікті зерттеліп, жобаның жетекшілерімен "жеті рет өлшеніп, бір рет кесілмесе", теккен терің зая кетеді. Жаңа жетекші: "Бүгінгі күннің өзекті проблемасының бірі – облыста өңдеу өнеркәсібінің баяу дамуы. Оны шешудің бірден-бір жолы – шикізаттық тәуелділіктен арылу. Бұл мақсатқа жету үшін өңірімізде пайдалы қазбалардың қоры да және мүмкіндіктеріміз де жетіп артылады." – дегенді дәргейіне жеткізе жария етті. Айталық, Шиелі ауданындағы «Бала Сауысқандық» ванадий кен орнында құны 35,0 млрд. теңгелік қара тақтатасты автоклавты өңдеу жобасы іске асырылуда. Жоба шеңберінде жалпы қоры 800 мың тоннаға жуықтайтын ванадий өндірісінің төңірегінде қосалқы өндіріс көздерін ұйымдастыруға болады. Қосалқы өндірістерді ашуға тиісті қаржы институттары мен жеке инвесторлардың инвестицияларын тартып, арнайы экономикалық құрылым құру жоспарланды. Мұның өзі – аймақтағы шикізаттық емес сектордың дамуына ықпал ету арқылы жаңа жұмыс орындарын ашуға, инвестиция тарту мен өңдеу өнеркәсібі саласының дамуына қуатты ықпал етеді. Ілкімді істің иінін тапқан аймақтың жаңа әкімі: "Өңдеу өнеркәсібін дамытуда ірі жүйе құраушы кәсіпорындарды ашуға басты назар аударуымыз қажет. Ол үшін облыс орталығында индустриалдық аймақ құрылып, тиісті инженерлік желілер тартылуда. Осы аймақта шыны зауытымен қатар, цемент, кальциленген сода шығару зауыттарының және тау-кен байыту фабрикасының жобаларын орналастыру көзделіп отыр" – деп, елдің емеурінін көтеріп тастады. Аталған жобалардың тәуліктік жүк айналымы – 100 вагоннан астам болмақшы. Қазіргі уақытта Белкөл қыстағындағы және Қызылорда қаласындағы стансалық бекеттердің жүк айналымы тәулігіне орташа есеппен 200 вагонға жетіп, толық қуаттылығында жұмыс істеуде. Ал, болашақ индустриалдық аймаққа Қызылжарма қыстағына жақын орналасқан 11-жолайрықта (разъезд) стансалық жолдары бар жаңа бекеттің құрылысын салу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Мұның нәтижесінде келешекте аталмыш зауыт, фабрикалардың өндірістік қуаттары еселеніп, тынысы кеңейе түсетіндігі қаперге алынып, бұл жоба «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясымен бірге тығыз талқылануда. Турасын айтсақ, облыста өңдеу өнеркәсібінің негізгі көзі болып табылатын кәсіпорындар бар болғанымен, өз деңгейінде жұмыс істей алмауда. Мәселен, қуаттылығы 1200 вагон-платформа шығаруға және 200 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндігі бар «Аралвагон» ЖШС-нің зауытының шығаратын теміржол вагон-платформаларына «Қазақстан темір жолы» компаниясы арқылы мемлекеттік тапсырыс берумен зауытты жаңғырту мәселесі зерттеліп жатқандығы да әзірге көңілге демеу. Жаңақоған ауданындағы «Шалқия» кешенінде полиметалдық руда өңдеп шығаратын мекеменің тоқтаған өндірісін қайта жүргізу мақсатында салалық министрліктермен қызу жұмыс атқарылуда. Кәсіпорынның жұмысын жалғастыру үшін қажетті 490,0 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция тарту үшін қажетті келіссөздер жүргізілуде. Аймақтағы индустрияландырудың қарқыны көңілінен шықпаған Қырымбек Елеуұлы: "Бізде мұнай мен газдың мол қоры бар. Біздің жер қойнауын пайдаланушылардың барлығы дерлік мұнай көзін игеруге ғана бағыт алып кеткен, ал газ өндіру, оны пайдаға асыру дұрыс жолға қойылмаған. Оларға газды өндіріп, өңдеп, тұтынушыға жеткізуден гөрі – мұнай кен орындарында алаулар жағып, тиесілі айыппұлын төлеп отыру тиімді сияқты. Егер мұнай сияқты газ өніміне де тиісті нарықтық баға бекітілсе, мұндай жағдай болмас еді. Бұл мәселені дереу қолға алуымыз керек." – деп, ащы шындықтың шылбырын шешті. Қызылорда қаласының газға қажеттілігін толық өтеу үшін «Бейнеу-Шымкент» магистралды газ құбырынан Қызылорда қаласына құбыр тартып, қала ішіне 2-автоматтандырылған газ тарату стансасын салу керек. Бұл жұмыстарды «ҚазТрансГаз» АҚ-ның қаржысы есебінен іске асыру жоспарланған. «Бейнеу-Шымкент» магистралды газ құбырының облыстағы барлық аудан орталықтарының қапталынан өтетіндігін дөп аңғарған аймақ басшысы көгілдір отынның игілігін өңір тұрғындарының түгел пайдалануы қажеттігіне тоқталып, Сыр жеріндегі жаппай газдандыру мәселесінің 2,5 жыл ішінде толық шешімін табатындығына сенім білдірді. Арысқұм, Қоныс, Кеңлік, Қызылқия, Бектас кен орындарының көгілдір отынын пайдалану үшін «Арысқұм-Жосалы» газ құбырын салып, «Бейнеу-Шымкент» магистралдық газ құбырына жалғастырған аса тиімді. Қызылорда қаласы – еліміздегі ыстық сумен қамтамасыз етілмеген жалғыз облыс орталығы. Қаланың қолданыстағы жылу көздерінің қуаттылығы барлық көпқабатты тұрғынүйлерді ыстық сумен жабдықтауға жеткілікті. Қаланы ыстық сумен жабдықтауға биылғы жылы облыстық бюджеттен жоба әзірленіп, бәлкім, алдағы жылдары республикалық бюджеттің қаражаты есебінен құрылыс жұмыстары басталуы мүмкін. Қызылорда қаласының тұрғындары су қоры мол, барлық санитарлық талаптарға сай келетін Қызылжарма жерасты суының нақ үстінде отырса да, ауыз суды Сырдария өзенінен алып отыр. Жерасты суынан тәулігіне 83 мың текше метр су алуға болады, су қоры алдағы 25 жылға жеткілікті. Сондықтан, биылдан бастап Қызылжарма жерасты су қорын игеру жұмыстары басталады. Алдағы 3 жылда Қызылорда қаласының халқы толықтай жерасты суын пайдаланатын болады. "Су" демекші, бір заманда тіршіліктің таусылмастай көзі – айдындай жарқыраған Аралды болатын. Жағалауы жарға соғып, шортандары аспанға шапшыған Аралдың табанынан су кетіп, берекесі қашты, тірлігі тілімделді. Жетпіс мың жүректі мұң басып, мұнар қапты. "Балықтан басқа өнімі жоқ бұл өңірге жасанды болса да жеміс бағы керек!" – деген жан дауыс, жүрек шырылын жеткізуді сұрапты жазған-жұрт... Хакім Абай азынаған Аралдың қамкөңіл, жармақпейіл халін тура басқан тамыршыдай: "...Жан бізді жас күнімізде билеп жүр екен. Ержеткен соң, күш енген соң, оған билетпедік. Жанды тәнге бас ұрғыздық, ешнәрсеге көңілменен қарамадық, көзбен де жақсы қарамадық, көңіл айтып тұрса, сенбедік. Көзбен көрген нәрсенің де сыртын көргенге-ақ тойдық. Сырын "қалай болады" деп көңілге салмадық, оны білмеген кісінің "несі кетіпті" дейміз. Біреу кеткенін айтса да, ұқпаймыз. Біреу ақыл айтса: "Ой, тәңірі-ай, кімнен кім артық дейсің!" – дейміз, артығын білмейміз, айтып тұрса ұқпаймыз. Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ..." – деп жазыпты... Айналаң ақ шағылға шомылып, теңіз табаны таптырмай кетсе, көкіректе сәуле, көңілде сенім қайдан болсын?!. Дей тұрғанмен, "үмітсіз – тек ібіліс" екен. Елбасының тікелей бастамасымен Аралда өңірдегі ең ірі жобалардың бірі – «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасы дүниеге келді. Бүгінде жобаның 2-фазасына облыс бойынша 8 компонент кіріп, қазіргі күні олар жан-жақты зерттелу үстінде. Қазір жобаны іске асыру мерзімін тездету жөнінде Үкіметке ұсыныс берілді. Аралдықтардың дәстүрлі кәсібі – балық шаруашылығы жандануға бет бұрды. Бірақ, бүгінде Арал теңізінен ауланған балықтар шикілей, өңделмей, бей-берекет шетелдерге сатылып жатыр. Балық аулаушылардың, өңдеушілердің, тасымалдаушылардың, реттеушілердің, лицензия және квота берушілердің арасында үйлесімді жұмыс жоқ. Сол себепті, балық шаруашылығын дамытудың жаңа жүйесін қалыптастыру қажеттігі күн тәртібіне кірді. Жасыратын жоқ, "Ақмаржанның" алтын отаны, қазақ күрішінің 85 пайызын өндіретін өңірде, өкінішке қарай, соңғы кезеңде дақылдың әр гектарынан 37,5 центнерден өнім алынып, нәбәрі 283,7 мың тонна ғана Сыр салысы қамбаға құйылып, ұятты жағдай орын алды. Енді, ең бастысы, өнімділікті көтеру үшін тиімді әдіс, озық тәжірибелерді өндіріске енгізу ауадай қажет болып отыр. Етке құмар елдің төрт түлігі де түлеп тұрған жоқ. Мал шаруашылығын дамытуда тың тәсіл, жаңа саясатты ұстану қажет, деп табылды. Ет бағытындағы малдарды асылдандыру мақсатымен шетелден мал сатып алуды үзілді-кесілді тоқтату қажеттігін батырып айтты әкім. Аймақтың географиялық және климаттық жағдайына шетелдік асыл тұқымды малдың жерсінбейтіндігі айқын белгілі болды. Қазақтың асыл тұқымды «Ақбас», «Әулиекөл» сияқты мол ет беретін 2700 бас малын сатып алып, облыста көбейтудің маңыздылығы жақында облыста өткен аграрлық форумда да кеңінен сөз болып, Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан қолдау тапты. Қырымбек Елеуұлы бар болмыс-бітімімен, тегі-табиғатымен әлеуметтік салаға етене жақын жетекші. Еліміздің білім, ғылым, денсаулық салаларын басқарып, ыстық-суығын тұшынып, күллі қыр-сырын меңгерген азамат. Терістіктің орақ ойлы, семсер тілді Тілеуұлы Абыл ақынының "Басында миуа ағаштың сайрар бұлбұл" дейтін рухты жырындағы:   "...Жігіттер, болсаң тату, жақсымен бол, Дүниенің асылындай баға жетпес. Ел болмас мақтаса да кісі еліндей, Жіп тұсау – жаман жолдас – кісеніңдей. "Қанша жақсы" десең де соңғы жолдас, Бола алмайды әуелгінің мүшеліндей..." – деген өсиетін бойына терең сіңіріп, тәлім еткен Қырекең қашанда адалдың алдынан, қасиеттінің қасынан, жақсының жанынан енші алу үшін терең білім, тұшымды ойдың қажеттігіне сүйеніп келеді. Қазіргі қазақ білімінің көрсеткіші – Бірыңғай ұлттық тестілеу десек, бұл салада Сыр жұрты былтырғы жылы республика бойынша ең соңғы 16 орынға жылжып, елдің еңсесі түсті. Намысын қамшылап, жігерін жаныған Қырымбек Елеуұлы ешкімнің бет-жүзіне қарамай былай деді: "Бұл деген балаларымыздың болашағына балта шабумен бірдей деп есептеймін. Балаларымызды кінәлай алмаймыз, кінә өзімізде. Біздің балаларымыздың басқа облыс балаларынан еш кемі жоқ. Менің ойымша, біздің мұғалімдер қауымы балаларды мектеп қабырғасының алғашқы сыныптарынан-ақ дайындау керектігін әлі күнге дейін түсінбейтін сияқты. Төмен көрсеткішке жеткен мектеп басшыларының бұл мәселені шешуге қауқары жетпейтін болса, олардың орнына дарынды, талапты жас азаматтарды батыл қою керек." Апаттық жағдайдағы 24 мектептің алтауының құрылысы жүргізілуде, төртеуінің құжаттамасы әзірленуде. 14 мектептің құжаттамаларын әзірлеуге қаржы қарастырылып, құрылысын бастау пысықталуда. Оқу барысы 3 ауысымда өтетін 4 мектептің мәселесі қазіргі таңда құрылысы жүріп жатқан жаңа мектептер есебінен шешімін таппақ. Апаттық ахуалдағы 18 балабақшаның 4-еуінің құрылысы басталды, 2-еуінің құжаттамасы әзірленуде. 12 балабақшаның құжаттамаларын әзірлеу үшін қаржы қарастыруға пәрмен берілді. Қазақтың өнері мен әдебиетіне тәнті Қырымбек Көшербаев: "Сәтін салса, 2014 жылы облыста Халықаралық «Қорқыт және Ұлы дала сазы» атты түркі тілдес елдердің фольклорлық-музыкалық өнер фестивалін өткіземіз. Әйгілі Қорқыт баба кешенін әлемге танытып, дүниежүзілік туристік орталыққа айналдыру міндетін басты назарға қоямыз" – деген сүйінші-хабарын ыстық ықылас, айрықша ынтамен жеткізді. Көненің көзі, Құранның сөзінде кездесетін сылқым Сырдария суының адуынды ағыс, тарпаң мінезін ауыздықтауға 2008 жылы жалпы құны 16,5 млрд. теңгені құрайтын «Сырдария өзенінің жағасын нығайту және Қызылорда қаласының қорғаныс бөгеттерін қайта жаңғырту» жобасын бастауға 500 млн. теңге бөлініп, 330 метрлік қорғаныс бөгеттері қайта жаңғыртылған екен. Бұл жобаны қайта жалғастыру жөнінде Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне ұсыныс енгізілді. Есігін жапқан ескі жылда облыстағы өнеркәсіп кәсіпорындарында 1 трлн. теңгеден астам, ауыл шаруашылығы құрылымдарында 48,3 млрд. теңге көлемінде өнім өндірілді. Облыс экономикасының барлық салаларына 253,5 млрд. теңгеге инвестиция тартылды. Барлық көздерден 293,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Облыс бюджеті республикадан бөлінген трансферттермен қоса, 50,5 млрд. теңгеге өсіп, 144,6 млрд. теңге көлеміне жетті. Экономиканың өсуінің қарқыны әлеуметтік салада да оң нәтижелерін байқатты. Былтыр 2011 жылға қарағанда, жұмыссыздық деңгейі 0,1 пайызға төмендеп, 6,4 пайыздық инфляция деңгейінде жан басына шаққандағы нақты ақшалай табыс 7,1 пайызға артты. ...Тәубешіл елміз, шүкіршіл халықпыз. Ауызды қу шөппен сүртетін жағдай жоқ. Барға қанағат, жоққа аманат дейміз. Елден адасып, көштен қалған жоқпыз. Ілгерілеу – бар, үміт – зор. Ел шарушылығының "он екіде – бір сайманы жоқ" жабырқау жағдайының өзі білімді басшы, білгір жетекшінің көңіліне қаяу түсіре алмақ емес. Елбасының сенімі мен елінің ықыласы – дені сау, санасы ояу арлы да атпал азаматтың қиналғанда – қорғаны, қорғанғанда – қалқаны болмақ. Жаңа әкімнің жағасынан алмай, жағдайын ұғыну – көргенділіктің көрінісі, ұлағаттылықтың өлшемі. "Көп түкірсе – көл" деген, кіндік қаны тамған киелі топырағына асыл арман, ақылман ойларын арқалап жеткен төл перзентін туған жұртының "Бір жағадан – бас, бір жеңнен – қол" шығарып, демеп-қуаттауы – елдігінің айқын белгісі, деп түсінген ләзім. "Әркімнің айтқаны – ескеру, әкімнің айтқаны – дес беру" демекші, байсалды басшының еселеп айтуы – шарт емес, есті есеп беруі – мерейлі міндеті, болса керек. Ақылман Абай атамыз айтқан: "Есті адам, орынды іске қызығып, құмарланып іздейді екен-дағы, күнінде айтса құлақ, ойланса көңіл сүйсінгендей болады екен. Оған бұл өткен өмірдің өкініші де жоқ болады екен. Есті кісілер үлкен есі шықпай, ақылды қолдан жібермей, бойын сынатпай жүріп ізденеді екен. Егер есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал!" – дейтұғын дәмелі дәргейі дәулетімізді тасытып, әулетімізді асырса деп, тілемекшіміз Жаратқаннан... Есті адамның есебі, міне, осындай...  

Мыңжан БАЙЖАНИН

www.qazaquni.kz