Ресей мен Украина неге тіл табыса алмай отыр?

 

Сараптама

 

 

«БЫЛАЙ ТАРТСАҢ АРБА СЫНАДЫ, БЫЛАЙ ТАРТСАҢ ӨГІЗ ӨЛЕДІ»

    Ресей мен Украина арасында газға байланысты көптен бері келіспеушіліктің орын алып келе жатқаны жұртшылыққа мәлім. «Алараманға - алтау аз, берерменге - бесеу көп» демекші, әр тарап өзінікін дұрыс  санайды. Айтқандай-ақ, жуырда  БАҚ құралдары арқылы «егерде Украина Кедендік одаққа кірсе Ресей оған «көгілдір отынның» әрбір мың текше метрін 160 доллардан сатуға мақұл екен» деген хабар тарады. Бұл анау-мынау емес, Украинаның премьер-министрі Николай Азаровтың аузымен айтылды. Бұған біраз жұрт елең еткендей болды. Өйтпегенде ше? Ресеймен әзірше әмпей-жәмпей болып, тіпті өздеріндегі бүкіл газ тасымалдау жүйесінің тізгінін орыстардың қолына ұстатып, болашақта біз «одақтас мемлекет құрамыз!» деп ұрандатып отырған Белоруссияның өзі газдың әр мың текше метрін одақтасынан 168 доллардан сатып алады. Ал, келесі жылдың аяғына таман ол бағаның 185 долларға көтерілетінін де жақсы біледі. Әрине, Украина үшін бірден-бір қуат көзі саналатын газдың мейілінше арзан болғаны мақұл. Ол елдің экономикасын  қан жүгірітіп, кәдімгідей мол үнем мен пайда береді. Бірақ, оған Мәскеу оп-оңай көнгісі жоқ. Үш мемлекет: Беларусь, Қазақстан және Ресей  бірігіп құрған «Кедендік одаққа  қосыл немесе газ тасымалдау жүйесінің билігін бізге бер!» деген талап қояды. Украиндардың өздерінің есебінше елдің сауда-саттығының 40 пайызы әлгі айтқан үш мемлекетпен жасалатындықтан бұлардың Кедендік одаққа кіргені зиянды болмас еді. Бұған қоса кеңес одағы тұсында қалыптасқан өндірістік байланыстар, экономикалық, технологиялық ұқсатықтар бар деген сияқты. Алайда таразының екінші басында Еуропа бағыты тұр. Былайша айтқанда, тауар айналымының ендігі бір қомақты бөлігі, яғни 30 пайызы Еуроодақ елдерімен жасалады. Оның үстіне мұның мүмкіндігі мен келешегі зор деп есептелінеді. Егерде Киев Кедендік одаққа қосылса, онда Еуроодақпен интеграцияны ұмытуы тиіс. Кедендік одақтың ережесінде солай жазылған, Еуроодақ та одан теріс айналатын болады. Украина үшін ЕО та Ресей де керек-ақ. Екеуі де ірі рынок. Бірақ та Мәскеудің «Кедендік одаққа қосыл!» дегенде бұрыңғы посткеңестік аумақта өз ықпалын жүргізгісі келетіндей саяси мақсатты көзеп отырғаны анық. Сондықтан бүгінде Украина Республикасының бүгінде «былай тартсаң арба сынады, былай тартсаң өгіз өледінің» керімен екі оттың ортасында тұрған жайы бар. Осы тұрғыдан алғанда Ресей мен Украина текетіресінің  себебі мен сыры  тым әріде-тереңде жатқан сыңайлы. Сөз жоқ, әлемдік экономикада ауық-ауық қаржылық дағдарыс қысып,  жаһандану мен  аймақтану үрдістері белең алып жатқан тұста екі славян мемлекетінің өз ара түсіністікті, достас қарым-қатынаста болуының   геосаяси да стратегиялық та маңызы зор. Өйткені, бұлар ежелден географиялық орналасуы жөнінен көршілес, шаруашылықтық-экономикалық және мәдени-гуманитарлық, әлеуметтік жағынан бір-бірімен байланысып, қойындасып жатқан елдер. Оның үстіне кешегі КСРО тұсында Украина халқының саны және экономикалық күш-қуаты жағынан Ресей Федерациясынан кейінгі екінші орындағы республика болды. Ресми түрде Ресей Федерациясы және Украина Республикасы аталатын бұл екі мемлекет неліктен ортақ тіл табысып, емен-жарақын қатынас орната аламай  отыр? Осыған шама-шарқымызша талдау жасап қарайық. 1991 жылдың 8 желтоқсанында беларусьтың Беловежі орманында үш мемлекеттің басшылары (Беларуссия, Ресей және Украина) КСРО-ның таратылғанын жариялағанан бері қарайғы жиырма жылдан астам уақыт ішінде  Украина өзінің мемлекеттілігі мен тәуелсіздігін нығайтып, қал-қадірінше дамытып келеді. Кәзіргі таңда ол әлем танып, мойындаған өзінің ұстанған ішкі және сыртқы саясаты бар егеменді мемлекет. Бұл жолда оның бірқатар қиындықтарды бастан кешкені, ондай ауыртпалықтардың дамуға әлі де кедергі болып отырғаны жасырын емес. Өз кезегінде ол сыртқы факторларға да байланысты. Мәселен, елдің экономикасына, жалпы дамуына Ресеймен жөнді қарым-қатынаста болмауы кері ықпалын тигізбей отыр дей алмаймыз. Осы тұрғыдан алғанда, Украинаның дербес саясат жүргізіп, батысқа қарайлайтыны, бір кездері НАТО-мен жақындасуға әрекет жасағаны, өздеріндегі баяғы ОУН (Украин ұлтшылдары ұйымы) мен УПА (Украина көтерілісшілері армиясын) елдің тәуелсіздігі жолындағы күрескерлер деп бағалауы, Абхазия мен Оңтүстік Осетия үшін қақтығыс тұсында бұлардың Грузияға қару-жарақ пен әскери техника сатуы Мәскеуге ұнамайды. Ал, Киев 1930 жылдардағы аштықты (голдомор) украин халқын құрту үшін әдейі жасалған геноцид деп есептейді. Ресейдің Қара теңіз флотының Қырымда, Севастопльде болуы да Украина үшін «бас ауру» болып тұр. Оның үстіне орыстар жағы Украинада орыс тіліне екінші мемлекеттік тіл мәртебесі берілмей отырғанына да өкпелі. Бұған қоса, екі мемлекеттің арасында Азов теңізі мен Керечь бұғазы маңында су астында шекара сызығы белгіленбеген аудандар да бар. Керек десеңіз, діни-шіркеулік мәселеде де келіспеушілік орын алған. Осыған байланысты Киевте кәдуілгі  Мәскеу патриархатының құрамындағы Украин православтік шіркеуіне қоса, өз алдына бөлек православиелік шіркеулік патриархат жұмыс істейді. Осындай-осындай дау-дамайлар жинақтала келіп, Украина-Ресей қатынасына сызат түсіріп, сауда-экономикалық байланыстарға да нұқсан келтіріп, тіпті «газ мәселесін» де ушықтырып отыр деуге болады. Сол себепті, «көгілдір отын» украин-ресейлік қатынастағы ең бір өзекті дауға айналғандай. Кейбіреулер екі мемлекеттің қарым-қатынасында кейде жеке тұлғалар, билік басына келушілер де айтарлықтай рөл атқарады дегенді айтады.       Сондықтан ба, екен Украинадағы соңғы президенттік сайлауларда  Мәскеудің  негізгі «акцентті» Виктор Януковичке жасап, cоған үміт артты. Себебі бас ашық батысшыл Виктор Ющенко мен құбылып тұрған өрімшашты Юлия Тимошенкодан гөрі Янукович бұларға қолайлы көрінді.  Сыртқы саясатта есесін оңайлықпен жібере қоймайтын Ресей  Януковичке сенім артқанда, оған қатысты барлық жағымды факторларды (оның шешесі Ольга Семеновна Леонованың орыс болғанын,  оның Донецкіде орыс тілді ортада тұлға, саясаткер болып қалыптасқаны-бәрі-бәрін) мықтап ескерді. Мамандығы жөнінен инженер-механик саналатын, екі рет: кісі тонағаны және дене жарақатын салғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылып сотталған Янукович қалай көзге түсті, билік басына қалай келді,  соған тоқталып өтейік. Басқа лауазымды қызметтерін айтпағанда, оған дейін Донецкі облыстық әкімшілігін басқарып келген Виктор Федорович Януковичті 2002 жылдың қарашасында Украина президенті Леонид Кучма  премьер-министрлікке ұсынып, парламентте көпшілік дауыспен сайланып кетті. Расын айту керек, Виктор Януковичтің басшылығындағы министрлер кабинеті елдің экономикасын көтеруде бірқатар жетістіктерге жетіп, тұрғындардың әл-ауқатын біршама жақсартқандай  болды. Алайда, Украинада жалақы мен зейнетақы, стипендия мөлшері Ресей мен Белоруссиямен салыстырғанда әлі де 2-3 есе төмен болатын. Соған қармастан 2004 жылы Янукович ел президенті, Жоғарғы Раданың төрағасы, парламенттегі көпшілік саналатын партиялар мен фракциялардың жетекшілері бас қосқан жиналысында бірауыздан Аймақтар партиясы атынан Украина президенттігіне үміткер етіп ұсынылды. Сол  жолғы сайлаудың екінші турында Орталық сайлау комиссиясының ресми мәліметі бойынша ол басым дауыс жинап, жеңіске жеткендей болған. Сондықтан оны Ресей президентінен бастап, бірталай мемлекеттердің басшылары  құттықтап, жаңа қызметінде табыстар тілеп үлгерген еді. Бірақ та оппозицияның жаппай қарсылығы, дауыс санауда бұрмалаушылыққа жол берілді делініп, оны  дәлелдеулерінің нәтижесінде елде тағы да сайлау өткізілетін болды. Сөйтіп, үшінші турда оның басты қарсыласы  Виктор Ющенконың бағы жанды. Әу бастан Ресейге қырын қараған Ющенконың тұсында украиндік-ресейлік қатынастың өрге баса қоймағаны  белгілі. Екі жақ та сәл шегініс жасап, бір-біріне жылы қабақ таныта қоймады. «Газ текетіресі» бұрыңғы күйінде қалып, бұл Украинаның өндірісіне, сайып келгенде экономикасына  үлкен зиян мен залал әкелді. Өстіп жүргенде арадағы төрт жыл да  өте шықты. Бұл жолғы, яғни 2010 жылдың  ақпанындағы сайлауда президенттіктен бірден-бір үміткер Виктор Янукович бұрыңғы қателіктерін қайталамауға тырысты. Барлық оң және теріс жағдайлардың бәрін ескерді. Ол енді негізінен орыс тілді электоратқа, Украинаның оңтүстік-шығысындағы Донецкі, Луганскі, Харьков, Днепропетровскі, Одесса облыстарына және Қырым Автономиялық Республикасында көбірек  арқа сүйеді. (Соңғы мәлімет бойынша Украинада 8,5 млн. орыс тұрады). Осылардың көңілінен шығу мақсатында сайлау алдында Ресеймен қарым-қатынасты жақсартамын, орыс тіліне екінші мемлекеттік тіл мәртебесін әперемен, Абхазия мен Оңтүстік Осетияның тәуелсіздігін мойындаймын деген тәрізді бірқатар уәделер берді. Күткендей-ақ, Янукович сайлаудың  шешуші кезеңінде Юлия Тимошенкомен бәсекелелес болып, оған қарағанда үш пайыздай артық, яғни 48,97 пайыз дауыс жинап алға шықты. Оны  сайлаушылардың елу пайызы қолдамағанымен, Украинаның заңы бойынша ол президент болып танылды. Бұған дейін оны бір рет асығыс құттықтап, ауыздары күйген ресейліктердің мемлекет басшысы Дмитрий Медведев Украина президенттігіне кандидат В.Януковичке жеделхат жолдап, онда «жеңісіңізбен емес»: «сайлау науқанының халықаралық бақылаушылар тарапынан жоғары баға алып аяқталуымен және ондағы табысыңызбен құттықтаймын!» деп абайлап жазумен шектелді. Әйтсе де қарама-қайшылықты Януковичтің билік басына келуі біреулерді қуантып, біреулерді өкіндірді. Обалына не керек, орыстар күткендей-ақ, Виктор Янукович президенттік ұлықтау рәсімі өтіп, билік тізгіні қолға тиісімен, яғни 2010 жылдың 5 наурызында мемлекет басшысы ретіндегі өзінің ең алғашқы сапарын Ресейге жасап, Кремльде Дмитрий Медведевпен жоғары деңгейде бірнеше  келіссөздер жүргізді. Екі  тараптан Ресей мен Украина үшін маңызды саналатын отын-энергетика, авиация құрылысы, атом энергетикасы, әскери-техникалық салаларда ынтымақтастыққа мейілінше қолайлы жағдайлар жасалынады дегендей мәлімдеме жасалынды. Мәскеудің газды 30 пайыз төмен бағамен сатуына қайтарым ретінде Севастопльдегі ресейлік әскери базаның жалға алу мерзімін тағы да 25 жылға ұзарту туралы келісімге қол қойылды. Сөйтіп, Украина-Ресей қатынасында жылылық пайда болып, тоңның беті жібігендей әсер қалдырды. Дегенмен, екі мемлекет арасындағы барлық қарама-қайшылықтар шешіліп, түсіністік, достық пейілдегі  қатынас орнады, деп айтуға әлі ерте-тін. Осындай сәл жылымық, ертеңге деген үміт пайда болған тұста Ресей Мемлекеттік Думасынан Украинаның Жоғарғы Радасына келіп түскен бір хат украиндық жұртшылыққа, әсіресе, оның ұлтжанды, отаншыл бөлігіне жарық күнгі найзағайда әсер етті. Ресей Мемлекеттік Думасы экономикалық саясат және кәсіпкерлік жөніндегі комитеттің төрағасы Евгений Федоров қол қойған бұл хатта 2020 жылдан кешіктірмей орталығы Киев болатын РФ, Белоруссия және Украинаның одақтық мемлекетін құру жөнінде ұсыныс айтылған-тын. Онда осылай бірігетін болсақ, біздің халықтарымыздың әл-ауқаты, тұрмыс деңгейі жақсарып, орташа өмір сүру жасы 75-ке жетеді, экономикадағы орта таптың үлесі 70 пайызға өседі, дегендей  болжам да жасалынды. Бұған Украинаның ұлтжанды азаматтары мен патриоттары өре түрегеліп, қарсы шықты. Саясаттан да дипломатиядан да кенде емес, тәуелсіз Украинаның тұңғыш президенті Леонид Кравчук: «бұл үш мемлекет үшін де егемендікті толығынан жоғалту болады. Ең қасиетті нәрсемізге -тәуелсіздігіміз бен территориялық тұтастығымызға қауіп төніп, қастандық жасалады!» -деді. Ал, «Біздің Украина» партиясының Жоғарғы Рададаға өкілі, депутат Ярослав Кендзер мұнан да қатқыл пікір білдірді: «Ешқандай одақ болмайды,- деді ол.- Бұған біз сенімдіміз. Өкінішке қарай, Украинада соған сенетін, бастары айналып қалған адамдар бар. Оларды мұнда аштықтан кейін әкелген, олар біздің  топырағымыздан нәр алып өспегендер. Олар әлі күнге дейін  өмірге бутерброд және қырлы стаканға құйылған арақтың деңгейімен қарап, солай өлшейді. Алайда, біздің украиналық қоғамда халықтың басым бөлігі ондай одаққа кіруге жол бермейді». Жоғарғы Раданың тағы бір депутаты Вячеслав Кириленконың ойынша: «Украинаға тиімсіз болса да Ресей оны одақтасу итермелеп, өзінің байырғы империялық саясатын жүргізіп отырған көрінеді». Осы мәселеге байланысты ел  ішінде қоғамдық пікір мен наразылықтың  өршіп бара жатқанын сезген В.Янукович сайлағанына екі ай толмай жатып: «Украинаның тәуелсіз, егеменді үлкен мемлекет екені басы ашық ақиқат. Бұл туралы біздің еліміздің Негізгі заңында жазылған. Украинаның белсенді түрде Еуропалық одаққа интеграциялануға бет бұрып отырғаны  да шындық. Осындай стратегиялық бағдар белгіленіп, ол туралы Украинаның президенті ретіндегі менің мәлімдемелерімде де талай рет айтылды. Осыны жұрттың білгенін және естен шығармағанын қалар едім. Бұл мәселе жөнінен  әрқандай пікірталас өрбіте беруге болатын шығар. Бірақ, мен  және билікте отырғандар үшін  болмайды. Үзілді-кесілді солай!»- деген мәлімдеме жасауға мәжбүр болды. Ал, базыбір славяншыл саясаткерлер посткеңестік аумақтағы үш славян елі: Беларусь, Ресей және Украина жұдырықтай жұмылып, одақтассақ АҚШ, НАТО және Еуроодаққа төтеп беретіндей мықты мемлекет болар едік деп армандайды. Славяндардың ортақ мүддесі үшін олар жоғарыда айтылғандай астаналарының Мәскеу не Минскі емес, Киев болғанына да қарсы емес. Айтқандай-ақ, бұл бағытта, Ресей мен Беларусь арасында одақтық мемлекетін құру жолында біраз талпыныс-әрекеттердің жасалынғанын айта кеткен жөн. Бірақ та  ол күткендегідей нәтиже беріп, тереңдей қоймады. Дей тұрғанмен, осыдан бірер жыл бұрын бұлталақтаған Белоруссияны  Ресей  Кедендік одақ пен қалыптасып жатқан Біртұтас экономикалық кеңістік шеңберінде өзіне қаратып алды. Кейбір зерттеушілер: «Қарапайым халықта тұрған ештеңе жоқ. Украиндер де орыстар да бір-біріне кет әрі емес. Бәрін бүлдіріп отырған саясаткерлер, билік басындағылар. Барлық пәле соларда!» деседі. Сөйте тұра олар украиндықтардың көш басындағы саяси элитасы мен зиялы қауымының назары мен көңіл ауаны батыс жақта екенін мойындайды. Жуырда бір үкіметтік емес ұйым тұрғындар арасында қоғамдық сауалнама жүргізіп көрген. Сонда украиндықтардың 52 пайызының еуропалық интеграцияны жақтайтыны, ал 36 пайызының ресейлік бағытты қолдайтыны белгілі болған. Біреулер үміт еткендей, билік басына Ресей қалаған В. Янукович келгенімен екі ел арасындағы «газ мәселесі» өзінің тиімді шешімін таба алған жоқ. Керек десеңіз, премьер-министрдей лауазымды қызмет атқарып, енді үш-төрт пайыз дауыс жинағанда президент болып кете жаздаған Юлия Тимошенконы да түрмеге тоғытқан осы «көгілдір отынның» дауы. Оған 2009 жылы украин-ресей газ келісімін жасағанда қызметтік құзыретін асыра пайдаланды, елдің экономикасына орасан зор  зиян-залал келтірді деген айып тағылып, жеті жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Батыс Тимошенконың абақтыға жабылғанын қайта-қайта Януковичтің бетіне салық қылып, Еуроодақпен ынтымақтастықта «ілік» етіп отыр. Кейінгі кездері «Тимошенко саяси тұтқын! Оны қайтпас қайсар күрескер ретінде Нобель сыйлығына ұсыну керек!» деген ұсыныстар айтыла бастады. Газға байланысты Мәскеудің қоятын талабы айқын: «Украина көгілдір отынды» арзандатылған бағамен сатып алуы үшін үш мемлекет құрған Кедендік одаққа кіріп, қалыптасып жатқан Біртұтас экономикалық кеңістікке енуі, я болмаса өз территориясы  арқылы батысқа қарай өтетін газ құбырын желісін ресейлік «Газпромға» сатулары керек». Бұған украиндықтар келіспейді, Кедендік одақпен 3+1 форматында жұмыс істеуге дайынбыз, дейді. Оған кіргеннен гөрі ЕС (Еуроодақпен) еркін сауда аймағын құрғанды тиімді де ұтымды санайды. Қандай есепке сүйеніп айтқандарын кім білсін, әлдебір экономистердің есептеуінше, Украина Кедендік одаққа кіретін болса, жылына 10 млрд. доллар шамасында пайда табатын көрінеді. Украинаның кәзіргі премьер-министрі Николай Азаровтың айтуынша, бұлар Ресейден ешқандай жеңілдік  сұрап отырған жоқ,  тек газ жөнінен  дұрыс келісім жасалып, оның бағасы Германияға сатылып жатқан мөлшерден аспаса болғаны. Януковичке салса «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» Ресеймен де тәуір қатынаста болып, батысты да жоғалтқысы келмейді. Украинамен  байланысты шорт үзіп, екі арадағы есікті тарс жауып қоюға болмайтынын Ресей жақсы біледі. Өйткені, мұның да ұтылатын тұстары баршылық. Басқаларын айтпағанның өзінде, кәзіргі кезде  батыс сатылатын ресейлік  газдың тоқсан пайызы Украина жері арқылы өтеді. Сондай-ақ, өткен 2011 жылы екі елдің арасындағы тауарайналымы 50 млрд. долларды құраған. Демек, Украина Ресей үшін анау-мынау емес, сауда-экономикалық жағынан елеулі әріптес. Сол себепті  мәселені тізеге басып, ушықтыра бермеуге  тырысады. Басқадан гөрі өздеріне ыңғайлы көрінген Януковичтің президент болуына тілектес болғаны да осыдан. Ал, Януковичтің  Ресейдің үмітін  ақтағаны немесе ақтамағаны екінші мәселе. Бұл сауалға жауап, іздеп бас қатырып жүргендер Ресейде де, Украинада да аз емес. Бұған қатысты біреулер: «Януковичтің Мәскеудің  айтқанына көніп, айдағанына жүрмейтіні, о бастан-ақ белгілі болған. Оның сайлау алдында орыстардың құлағына жағатындай «уәделер» бергені уақытша айла-шарғы болатын» дейді. Украинаның алғашқы президенті Леонид Кравчуктің пайымдауынша: «бүгінгі Украина үш ағымға бөлінген. Біріншісі – большевиктік-кеңестік, екіншісі – украиндар, құлашты кеңге сермейік! дейтін ағымдағылар. Бұлар өз елдерінің кәзіргі кезде жаһанданып жатқан әлемдік өркениеттің бір бөлшегі екендіктерін мойындамайды, бәрі тек украинша болғанын қалайды. Үшіншісі – демократияның, құқықтың үстемдігі дегеннің не екенін жақсы білетін, осы заманғы өлшемдермен өмір сүретін ағым. Территориялық жағынан да солай. Бізде Қырым да бар, Львов та бар», дегенді айтады. Енді біреулердің пікірінше, мәселенің бар түйіні мен өзегі украиндардың өздерінде, олардың табиғатында жатыр. Олардың көпшілігі, патриот, отаншыл. Сондықтан олар елдерінің біреуге тәуелді, кіріптар болғанын қаламайды. Қолжаулық болуға көнбейді. Дамудың, өркениеттің өнегесі батыс елдерінде, солардан  үлгі алып, үйрену керек  деп есептейді. Мұндай ұлтжанды көпшілік Украина президентінің Ресейдің ыңғайына жығылуына жол бермейді. Виктор Януковичтің өзі де елдің шығыс бөлігінің емес, бүкіл Украинаның мүддесін қорғайтын ұлттық тұлға болып қалғысы келеді. Әрі алда тағы президенттік сайлау келе жатыр дегендей. Тағы бір топ аналитиктердің тұжырымдауынша, Януковичті билік басына әкелгендер ат төбеліндей байлар, яғни Украинаның олигархтары. Аймақтар партиясы да осы олигархтардың партиясы. Ресейде олигархтар билікке қарсы келмей, онымен тіл табысып бизнес жүргізуге тырысатын болса, Украинада керісінше. Билік олигархтардың көңілінен шығуға тырысады. Ал, олар Ресеймен Кедендік одаққа қосылып, Біртұтас экономикалық кеңістікте жұмыс істейтін болсақ орыс олигархтары Украина жеріне кедергісіз еніп, бізді билеп-төстеп кетеді деп қауіптенеді. Осы соңғы пікірдің негізі болуы мүмкін. Өйткені, кәзір дүниені байлық, ақша билеген заман ғой. Осыны «ауызы қисық болса да байдың ұлы сөйлессін!» деп біздің аталарымыз баяғыда-ақ біліп айтқан ба, деп қаласың. Биылғы жылдың бас жағында Ресейдің монополиялық «Газпром» компаниясы   біз Украинаға газды  10 пайыздық жеңілдікпен  яғни, әр мың текше метрін 375 доллардан сата аламыз, ол үшін олардың жылдық көлемі келісілген  33 млрд. мөлшерден кем болмауы керек» деп сәл шегініс жасағандай сыңай танытты. Себебі, Киев өткен жылдың аяғында «... баға жөнінен келіспейтін болсақ, 2012 жылы өткен жылғыдан 13 млрд. кем, яғни 27 млрд. текше метр газ сатып аламыз деп мәлімдеген болатын. «Бақсақ бақа екен» демекші, «Газпром» жалғыз Украинаға ғана емес, биылғы жылы газ бағасын бірқатар батыс еуропалық елдер үшін де он пайызға арзандатқан болып шықты. Ал, ресми Киевтің пайымдауынша «көгілдір отынның» әрбір мың текше метрінің бағасы орта есеппен 200-250 доллардан аспауы керек. Сонда ғана ол иман таразы нарықтық баға болмақ. Жоғарыда айтылған «Украина Кедендік одаққа кірсе Ресей газын 160 доллардан алады-мыс» деген жаңалықты кейбір сарапшылар «бұл президент В. Янукович бастаған биліктегі топтың сайлау алдындағы елдің шығыс бөлігіндегі Ресеймен жақындасуды қолдайтын электораттың көңілін табу мақсатындағы айла-әрекеті» деседі Өйткені алдағы 28 қазанда Украинада Жоғарғы радаға   депутаттар сайлау шарасы өтпек. Қалай дегенмен де, басы ашық бір ақиқат: Украина өз мүддесі қай кезде де қорғай білетін және есесін өзгеге жібере қоймайтын ел, дербес саясат жүргізетін тәуелсіз мемлекет. Олай дейтініміз, ол біріншіден біреуге тәуелді және кіріптар болмаудың, егемендіктің «дәмін» татып, ауасымен еркін тыныстап үйреніп қалды. Екіншіден, батыстың әлдеқайда алға кеткен озық технологиясын көріп, сәнді де сапалы тауарын тұтынып үлгерді. Үшіншіден, бұл елді «күлгін түсті төңкеріс» түрінде батыстық демократияның желі шарпып өтті. Сондықтан бұлардың Мәскеудің ырқына көніп, жетегіне жүре қоюы екіталай. Осы орайда бұрыңғы президент Виктор Ющенконың «егерде Украина Кедендік одаққа кіретін болса, онда ол өзінің саяси тәуелсіздігін жоғалтады» деген ескертуі еске түседі. Кім не десе о десін. Біздікі бүгін мен болашақтың қамы. Сол себепті Ресей-Украина қарым-қатынасынан посткеңестік кеңістіктегі басқа елдер, оның ішінде Қазақстан да сабақ алып, ой түйсе  екен дейміз.  

Әшірбек АМАНГЕЛДІ

 a.ashirbek@mail.ru