ШИРК

        Ең үлкен күнә – Аллаға серік (ширк) қосу. Құран кәрімде Аллаға серік қосудан басқа күнәлардың кешірілуі мүмкін екені айтылады. Тек кешірілмейтіні... Иә. Ширк. Қазір осылай сөз саптайтын діндарлар көбейіп кетті. Солар ыңғайымен біз де ширк дедік. Сонымен ширк дегеніміз не?  Ширк дегеніміз... Әлгі діндарлар уағы­зы­на құлақ ассақ, қазір өзі Аллаға серік қоспайтын адам қалмаған-ау деген ойға қаласың. Әулие-әмбиелерді ауызға ал­- саң – ширк, әруақ – ширк, дәстүрлі әдет-ғұрыптар – ширк, мәзһаб – ширк... Осы­лай соза беруге болады. Шынымен солай ма? Енді байыптап көрелік. Ширкті ауызға алушылар одан да ауыр күнә бар екендігін қаперге ала бермейді. Ол – Алла әміріне бағынбау. Мәселен Ібіліс Алла әміріне бағынбағандықтан шай­тан­дық қамытын киді. Егер оның Адамға бас имеуін (сәжде жасамауы) ширктен сақтану деп қабылдасақ, онда ол шай­тандық емес, әуелгі қалпын, яғни ұстаздық болмысын сақтап қалған болар еді. Өкі­нішке қарай біздің кей діндарлар тап сол Ібіліс сынды «ширктен сақтануды» ұста­нып, Алла әмірін тәрк етуде. Байыбына барсақ, ширктен сақтанудың өзі – ширк. Себебі... Ширк мәніне бойлау үшін әуелі Алла әмірі туралы түсінікті қалыптастырып алған жөн. Сонымен Алла әмірі дегеніміз... Шиалар ұстанымын сөз етпей-ақ қоялық. Өзге діндегілерді де. Әйткенмен олар да Жаратушы иені бар деп мойын­дайды. Бірақ... Иә. Мұсылман емес. Өзі­міздің жол... Ол – мәзһаб. Бірақ қазір мәзһабты ұстанбайтындар алға шықты. Бұл ауытқушылық та Алла әміріне мойын­ұсынбаудан туындайды. Демек Алла әмірі­не бағынбағанның бәрі... Кәпір демей-ақ қоялық. Уаһабшылар дегенді де ауызға алмайық. «Шайтани жолдағылар» дей салу да қашпас. Әзірге оларды «Аллаға ширк қосушылар» деп қана атайық. Сонда «Тек Алланы ғана мойындаймыз» деушілер қалайша ширкшілер қатарына қосылып кетеді? Өйткені... Бәрін басынан бастайық. Қай нәрсенің де, қай нәрсенің емес, бар нәрсенің басы – Алла. Оның айғағы – кәлима шаһадат, яғни «Алладан басқа тәңір жоқ» деген көркем сөз. Осы сөз мәнін ұғынған адам ширкті, яғни Алладан басқа құлшылық етуге лайықты тағы да бір жаратушы бар деген түсінікті қабылдай алмайды. Ұғынықтылық үшін тағы да қай­талайық. Алла бар. Одан басқа еш нәрсе жоқ. Бұл – кәлима шаһадат. Осыған сендік пе? Сенсек, мұсылманбыз. Сенбесек... Сенбеу – ширк қосу. Алладан басқа еш нәрсе жоқ болса, сонда «ширк» қайдан пайда болады? Ібіліс адамға сәжде жасамады. Оны астамшылыққа барды демей-ақ, «ширк қосудан сақтанды» десек, бұл сақтану оның кәлима шаһадат айтқандығын жоққа шығарады. Алланы бір деп мойындаған жан оған ешқашан ширк қоспайды. Иманы кәміл мұсылманда ширк туралы ұғым да, түсінік те болмайды. Себебі жоқ нәрсе бармен қатар тұра алмайды. «Ширк» деген ойдың келуі, өзіңді бармын деп мойындаудан туындайды. Ал өзіңді бармын деп білу басқа нәрселерді де бар деп қабылдауға негіз болады. Ол негіз – Аллаға ширк қосуға ұрындырады. Сонда біз қайдамыз? Біз ғана емес, мына әлем, 18 мың ғалам, біз білетін, білмейтін өзге де жаратылыс Алланың әмірі арқылы жоқтан бар болды, әрі сол әмір бойынша біз «табиғи заңдылық» деп қабылдайтын тіршілік өзіндік бір үндес­тікпен қам-қарекетке көшті. Соның бәрі Алланың «Бол!» деген бір ғана әміріне бағындырылды. Бастапқы, кешегі, бүгінгі, ертеңгі, болашақ – бәрі сол әмірдің ішінде тұрады. Діни сенім осы әмірді қалай қабылдауына байланысты қалыптасады. Осы жерде «Рух – Алланың әмірінен» деген аятқа мән берген жөн. Яғни әмір рухқа берілді. Ал рух, хадисте айтылғанындай, Пайғамбарымыздың нұры. Алайда әмір – материя емес. Ол – соны жүзеге асырушы. Ал жүзеге асқан – рух. Демек жараты­- лыс – рух пен Алланың әмірі. Бірінсіз екін­шісі болмайды. Рух әмірсіз іс-әрекет ете алмайды. Сол сияқты жалаң әмір де өзідігінен материалданбайды. Материалданса ол – Алланың бөлшектеріне, яғни жекелеген құдайларға айналып кеткен болар еді. Міне, жаратылыс мәнін осылай ұғын­ған адам Аллаға ешқашан ширк қоспайды. Тіпті оған ондай ой да келмейді. Ширкті көңілге алу – жалғанға байланғандықтың бір белгісі. Күмән – жалғанды бар деп бағамдаудан туындайды. Ал ол ойдың келуі – иманды жояды. Адам жоқ нәрсеге, яғни әмірден тысқары нәрсеге иелік ете алмайды. Одан тысқарыға жасалған қыз­мет пен құрмет Аллаға ширк қосуа алып келеді. Сондықтан кімге де болсын көңіл амандығы қымбат. Мынандай тәмсіл бар: Мәулана Мұхаммед Әмин ауруға шал­дығып, ауыр халге түскен еді. Бұл ауруы ұзақ уақытқа созылады. Дәрігерлердің емінен пайда болмайды. Имам Раббани хаз­реттің ұлылығы туралы естіген соң оған хат жазып, шипа мен дауа беретін дұға­ларын сұрап, тәбәрік ретінде бір киімін жіберуін де өтініп сұрайды. Имам Раббани оның өтінішіне рақым етіп бір хатпен тә­бәрік ретінде бір көйлегін жібереді. Хатта былай жазылған еді: «Қадірлі балам! Өз-өзіңе мейірімді ана секілді жаның ашып аласұруың қашанға дейін созылмақ? Өзің үшін қайғыруың, өзің үшін қиналуың қашанға дейін жал­ғасады? Өзіңді және барлық адамдарды өлі деп ойлап, сезімсіз, әрекетсіз деп білуіңіз керек. «Әлбетте сен өлесің, ол кәпірлер де өледі...» (Зумар 30) деп бұйырған аят кәримада. Бұл бірнеше күндік дүние өмірінде, көп зікір етіп, қалб (көңіл) ауру­ларынан құтылу өте маңызды іс. Бұл қысқа уақытта рухани аурулардың дәрісі, Аллаһу тағаланы еске алу болып табылады. Мақ­саттардың ең үлкені болған қалб (көңіл) Аллаһтан басқаға байланған болса, одан қандай қайыр күтесің? Ахыретте қалб (көңіл) амандығы талап етіледі. Рухтың Аллаһтан басқа нәрселерден құтылғаны тараз басады. Біз секілді ой-өрісі тар бол­ғандар үнемі рухымызды басқа нәрселерге байлау үшін себептер іздейміз. Обал! Обал! Амал қанша. Аят кәримада «Аллаһ оларға зұлымдық етпейді, олар өздеріне зұлымдық етеді» (Али Имран 117) деп бұйырған. Сырт­қы (денедегі) ауруларыңыз үшін алаң­дамаңыз, иншаллаһ сауығып толығы­мен жазыласыз. Бұл пақырдан киім сұра­ған екенсіз. Бір көйлек жібердім. Киіп өте берекелі болған нәтижелерін күтіңіз. Аллаһ жолында жүргендерге сәлемдер болсын». Біздің Алланы көрмеуіміз – Оның бар екендігінің және жалғыз екендігінің дәлелі. Себебі, Алла бар, біз жоқпыз. Жоқ нәрсе барды көре алмайды. Көретін... Иә. Алла. Біз мәніне бойламасақ та «Алла көріп тұр ғой» деп айта беретіндігіміз сон­дықтан. Әрине, Алла бәрін көріп тұр. Бірақ Оның қалай көретіндігін біздің ой-санамыз бағамдай алмайды. Бағамдау – ширк. Себебі ондай сәтте өзің барға, яғни Аллаға айнала бастайсың. Ал бағамдауың сенің жаратылысың болып табылады. Сол «жаратылыс» – ширк. Біз оны бір сөзбен «бағамдау» дедік. Сонымен қатар Алла­- ның өзіне тән өзге де көру, есту, сөйлеу сияқты сипаттарын да «бағамдауға» бол­майды. Ол – Аллаға тән сипаттар. Ал сол Аллалық сипаттың бізде де болуы... Ол да Алланың бар екендігінің дәлелі. Ұғынық­тылық үшін тағы да қайталайық. Рух, біз оны Пайғамбарымыздың нұры дедік, жалпы әруақ дегеніміз сол, сол рух­қа Алланың назары түскендіктен оған Аллалық сипаттар тән болады. Ал жара­тылыс – сол рухқа берілген Алланың әмірі. Біздің де көретіндігіміз, сөйлейтіндігіміз сондықтан. Жалпы мына әлем, яғни рух Алланың назары түсіп тұрғандықтан бар болып тұр. Мәселен рухты кішкентай бір тас делік. Сол тасты жіпке байлап айналдырсақ, шеңбер пайда болады. Тастың әрекеті – әмір. Шеңбер – бізге көрініп тұрған әлем. Егер айналыс қуаты артса, тас та, шеңбер де жоғалып кетеді. Бірақ ол тастың бар екендігін жоққа шығармайды. Ғайып әлем дегеніміз – сол. Осы, көрініп тұрғаны бар, көрінбей тұрғаны бар, әлем «тасты» алып қойсаң өзінен-өзі жоқ болып кетеді. Яғни жалған әлем сол «тасқа» байланған. «Тас», жоғарыда да айтқанымыздай – рух. Қазақы түсінікте – әруақ. Әруақ – ширк емес. Біз оны Алланы бар деп білгендіктен, Алла­ның әміріне бағынғандықтан шақырамыз. Өйткені әруақсыз ешнәрсе қабыл бол­майды. Қабыл болады деу – ширк. Яғни әруақсыз Аллаға «тікелей шығушы» да Онымен терезесі тең құқыққа ие жаратушы сияқты әсер қалдырады. Сондықтан біз қай нәрседе де әруаққа, яғни Алланың әміріне жүгінеміз. Онсыз Аллаға ширк қосудан тысқары қала алмаймыз. Мынан­дай бір тәмсіл бар: Битлис қаласына жолға шыққан бір жас жігіт қыста боранға тап болып жолынан адасып қалады. Әбден қиналып, үмітін үзер кезде былай деп жалбарынады: «Иа Раббым! Осы заманның әулиесін көмегіме жібер!» Сол сәтте қара сақалды бір кісі алдынан шығады. Атының тізгінінен ұстап «былай жүретін болсаң, қалаға шығасың» дейді. Жас жігіт өзіне жол көр­сет­кен кісінің жүзін жадына сақтап қала­ды. 30 жылдан кейін Баязид мешітінде бір ғұламаның уағызын тыңдайды. «Мен бұл кісіні бір жерден көргенмін» деп ойлайды. Уағыздан кейін мешіттің есігінен шығарда Абдулхаким атты әлгі кісінің жанына ба­рады. Сонда Абдулхаким атты әлгі кісі бә­сең дауыспен «Битлис жолындағы дауыл есіңе түсті ме?» дейді. Ол көз жасына ие бо­ла алмай, ғұламаның қолын сүйіп тәу етеді. Мұндай мысалдар өмірде аз емес. Бірақ әулиені ширк санатына қосатындар оған құлақ аса бермейді. Тіпті Пайғамбары­- мыз есімінің Алламен қабат аталуын ширк деп қабылдайтындар да баршылық. Сон­дықтан олар қаперіне Құранның мына аяттарын сала кеткенді жөн көрдік: «Аллаһ және расулына мойынсұның­дар!» (Әнфал 20). «Аллаһ және расулына мойынсұнған адам құтылады» (Ахзаб 7). «Ей Расулым, оларға «Маған мойынсұның­дар сонда Аллаһ сендерді жақсы көреді» деп айт!» (Али Имран 31). «Аллаһқа және расулына сенбеген кәпірлер үшін өте азап­ты от дайындадық» (Фәтх 13). «Расулым­ның бергенін алыңдар, тыйым салған­дарынан сақтаныңдар!» (Хашр7). «Ол пайғамбар әдемі нәрселерді халал, жаман нәрселерді харам етеді» (Араф 157). «Дұрыс жолды табу үшін расулыма бағыныңдар!» (Араф 158, Нұр 54). «Расуллаһқа бағынған адам, Аллаһқа бағынған болады» (Ниса 80). «Аллаһ және расулына мойынсұнған адам жаннатқа, қарсы шыққан адам то­заққа кіреді» (Ниса 64). «Аллаһпен расул­дарының әмірлерін бір-бірінен айырып екеуі арасынан бір жолды ұстанғысы келген адам кәпір болады» (Ниса 150, 151). «Сендерге кітапты, хикметті алып келген және білмегендеріңді үйрететін бір расул жібердік» (Бақара 15). Бұл мәселе хадис шарифтерде де көте­ріл­ген. Олар: «Жәбрейіл Құранмен бірге оның түсін­дір­месі болған сүннетті де алып келді» (Дарими). «Тек қана Құрандағы халал-харамдарды қабыл етіңдер дейтіндер шығады. Біліп алыңдар пайғамбардың харам қылуы Аллаһты харам қылуы секілді» (Тирмизи, Дарими). «Маған мойынсұнған адам Аллаһқа мойынсұнған болады. Маған қарсы келген Аллаһқа қарсы келген болады» (Бұ­хари). «Кейбір тәкаппар адамдар «Аллаһ Құ­ранда білдірілгеннен басқа нәрсені харам қылмады» деп айтады. Ант етіп айтамын менің де тыйым салған үкімдерім бар. Бұ­лар­дың саны құрандағыдан да көп.» Құран мен хадис осылай дейді. Құдияр БІЛӘЛ