Қазақ киносындағы дәстүрлі және модерн қоғамның көрінісі

Еліміз егемендікке қол жеткізумен бір­ге өткеніміз бен бүгінімізге есеп беріп, қоғамымыздың дүние­та­нымдық болмысының трансфор­мациялануы көкейкесті мәселеге айна­лып отыр. Кино – өмір айнасы, экран­- дағы қоғам өмірінің көрінісі, ол – режиссерлар тарапынан өз қоғамына берген анализ. Бір кезеңді, қоғамды әр автор өз қабыл­дауында басқа режиссерға ұқ­самайтын бір-біріне қарама-қайшы полюстан қарайтын сараптама арқылы өзіндік дүниета­нымда береді. Қазақ көркемсуретті киносының тарихы кеңес үкіметінің идеоло­гия­сымен, жүргізіп отырған саясатымен тығыз байланысты. Бұл өз тарапынан фильмдердің экрандағы мазмұны, тақырыптық көрінісі, кейіпкерлер бей­несіне ықпал еткені анық. Осы ықпалдың әсері экрандағы қоғам көрінісінің өзгерістерін орын алған саяси жағдайға сай – кей кезде ашық, кейде астарлы мағынасымен көрермен назарына өз хабарын жеткізіп отырды. Кез-келген шығармадағы кейіпкер­лердің өзара қатынасы, оқиға барысы сол оқиға өтіп отырған ортамен тығыз байланысты. Қазақ кино өнерінінің өткен тарихына көз жүгіртіп қарайтын болсақ, әр кезеңде жарық көрген ки­ношығармаларда ауыл мен қала тақы­рыбына түсірілген фильмдер заман талабына сай дәстүрлі және заманауи қоғамның көріністерін береді. Қоғам өмір сүретін орта бейнесі көрініс тап­қан фильмдерде қандай идеологиялық әсер орын алса да, қоғам өмірінің ар­тықшылық тұстары мен кемшіліктерін көрушіге хабардар етеді. Фильмдер қоғам өміріндегі саяси, рухани, әлеу­меттік өзгерістер мен мәселелердің көрінісін айшықтап отырады. Сараптама жүргізе отырып, суреткердің шы­ғар­машылығының арқасында саяси қыспақтың қай уақытта қандай дең­гейде орын алғанын да біле аламыз. Кеңестік дәуірде қазақтың дәстүр­- лі өмірі түбегейлі түрде өзгеріске ұшы­рады. Қазақ халқы кеңес дәуірінде ғасырлар бойы көрмеген сынақтардан өтті. Көтерілістер, қозғалыстар, коллективизация, аштық, конфискация, репрессия, соғыс, ең зақым келтіргені халықтар арасындағы ұлттық айырма­шылықты, дін, тіл, ділді жоюға ты­ры­суы, халық өмірінде өз ізін қалдырды. Осындай бірегейлік саясатына қара­мастан бір ұлттың екінші ұлтқа үс­темдігі жүрді. Кеңестік тазартулар, бұқараның өмір салтын жоспармен ұйымдастыру, гендерлік саясат, бұ­қараны жаппай жұмысқа тарту, ха­лықтың тұрмыс тіршілігін қалып­тас­тырды. Кеңес үкіметін сынауға, айып­тауға, кемшілік тұстарын ашуға тыйым салынды, партия халық көзінде мінсіз, кіршіксіз болуға тиіс еді. Қырықыншы жылдардың аяғы мен елуінші жылдар аяғында кеңестік өнерде, оның ішінде кинода алға қо­йылған мақсат, қоғамды оның дамуы мен алға жылжуы тұрғысынан көрсету болды. Кеңестік цензура мен идео­логияға байланысты қоғам кемшіліктері мен күрделі мәселелері көрсе­тіл­меді. Сол кезең киношығарма­ла- рында негізінен ескішілік пен жа­ңашылдықтың күресі орын алып, екіншінің жеңісімен аяқ­талып отырды. Фильмдегі басты кейіпкерлер қоғамның қозғаушы күшіне, түрткісіне айналып, қаһармандық бейнелер жасалды. Осы кезеңде түсірілген фильмдер партия тарапынан қатаң қадағаланды, түзертулерден өтті, өз нұсқауларын міндеттеді. Тапсырыстық немесе өз­ге­рістерге ұшыраған фильмдер өздерінің көркемдік қасиеттерін жоғалтты, және де фильм авторларының шығарма­шы­лық тұрғыдан ашылуларына мүмкіндік болмады. Бұл фильмдер тек насихат­­тық болып қала берді. Кеңестік кезеңде қазақ киносының ең жемісті шақтары деп алпысыншы, жетпісінші жылдарды айта аламыз. Ол кезеңдерде тоталитарлы емес фильмдер дүниеге келді және де Олжас Сүлейменов, Әкім Тарази, Қалихан Ыскаков сынды жас дарынды жа­зушылар мен драматургтер есімімен байланысты. Ұлттық кинорежисура­мыз қалыптаса бастады, ең көрнекті өкілдері ретінде Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин, Сұлтан Қожықов, Абдолла Қарсақбаевтарды атауымызға болады. Осы кезеңдегі қазақ кино­дра­матургиясы мен кинорежиссурасын қоғам өмiрiнiң өзгерiстi сәтіндегі тұл­ғаның драмасы мен трагедиясының көрінісіне, орталық қаhарманға тiке­лей бағдарланған деп сипаттауға бо­лады. Шынайылыққа жақын, халықтың әлеуметтік мәселелерін көрсететін, қазақтың ішкі психологиясын айқын­дайтын фильмдер жылымық кезеңімен бірге келді. Шәкен Аймановтың «Біз­дің сүйікті дәрігер», «Бір ауданда», «Ал­дар көсе» «Атамекен», «Тақиялы періште» фильмдері, Мәжит Бега­линның «Оның уақыты келеді», «Тұл­пардың ізі» кинокартиналары, Абдолла Қарсақбаевтың «Қилы кезең», «Менің атым Қожа» кинотуындылары, Шәріп Бейсембаевтың «Гауһартас» фильмі кеңестік қазақ кинемато­гра­фиясында үлкен орын қалдырды. Осы фильмдердің негізінде, сол кезге негізінен кеше мен бүгіннің, дәстүрлі мен модерннің тартысы тән екенін аңғар­дық. Бір ұрпақтың екінші ұрпақты жал­ғауы емес, алмастыруы орын алып отыр, құндылықтардың бағалануы өзгеріске ұшырады, ата жолын жал­ғастыру емес, модернизацияның рөлі басым түсті. Ауыл тақырыптарына түсірілген фильмдерде әлі де болса дәстүр біржола келе жатқан модерн қоғаммен арпалыста болды, алайда фильм финалында модерн жеңіске жетті, себебі болашақ жастардың еншісінде еді. 1980-ші жылдардың екінші жар­тысында Кеңес Одағы аумағында М.С.Горбачевтың ұрандауымен «Қай­та құру» («Перестройка») басталады. Осы уақытқа дейін болған қатал цен­зураның күші әлдеқайда бәсеңдей түсті. Одақтас социалистік мемлекеттерде коммунизмге қол жеткіземіз деген «утопиялық» идеяға халық ара­сында көзқарас өзгерді. Бұл үрдіс жаңа киноның дүниеге келуіне өз әсерін тигізді. Осы кездерден бастап одақтас мемлекеттерде түсіріліп жатқан фильм­дердің мазмұны мен формасы өзгере бастады. Сол тұста қазақ ки­нематографистерінің жұлдызы жанды деуге болады. 80-жылдардың аяғы мен 90-жылдардың басында қазақ кино­сында жаңа толқын атты көркемдік бағыт пайда балды. Бұл кездегі фильмдерде модерн қо­ғам­ның өз ішіндегі тартысы орын алды. Социалистік құрылымның кетіп, бірден орнына капиталистік құры­лымның келе бастауы, қоғам өмірінің аласапыранын шығарды. Буржуазия­лық қоғаммен бірге келген ақша, байлық, билік, екінші жағынан кедейлер мен кемтіктердің көбеюіне жол ашты. Кеңестік модерн қоғамнан капиталистік, яғни буржуазиялық модерн қоғамға аяқ басуы, құндылықтардың қайта өзгеруіне алып келді. Кеңестік модерн капиталистік модерннің қа­сында, дәстүрлі қоғамдай көрінді. Уақыт ағымына қарай, жылдар өте келе ауыл өмірі өзгеріске ұшырады. Қоғамдағы болып жатқан өзгерістер ауыл тіршілігіне де әсер етпей қойма­ды. Жұмыссыздық, оның салдарынан ауыл мен қала адамдарының басына түскен таршылық пен тұрмыс ауырт­палығы халықты қажытты. Адам санасының қиындық шеңберінен шығар жол таппай, күйзеліске түсу­лері, олардың деградацияға ұшырап, адами болмыстарының өзгеріске ұшы­рауына себеп болды. Рухани аз­ғын­дауға әкеліп соққан, ішімдік, оның салдарынан ұрыс-керіс, жанжал, ұрлық, адам өлімі, отбасының ажы­рауы, құндылықтардың төмендеуі, бала тәрбиесінің жайында қалуы, әлі күнге дейін шешуін таба алмай келе жатқан қаракөз қандастарымыздың, қыздарымыздың жеңіл жүрісті жолға түсуі белең алды. Нарықтық заманның орнауымен, базарға шыққан аналары­мыз, шарасыз күйде қалған әкелері­міздің бойларында уайым қайғыдан ащы запыран қалған. Тәуелсіздіктің екінші онжылдығында түсірілген фильм­дерде осы жағдайлардың салда­рын көреміз. Бұл жағдайлар адамның қолынан дәрмен келмегенде орын алатынын білеміз. Ауылды мекендерде сол тұстарда көптеген мәдени ошақ көздері жабы­лып, мектептер, кітапханалар, үйірме­лер өз жұмыстарын тоқтатты. Мәдени, рухани азық алмаған халықтың шара­сыздығы одан сайын арта түсті. Осы уақытта дүниеге келген фильмдерге қарап, ауылдың салт-дәстүр мен тәр­биенің, ұлттың діңгегі деген ұғымдарға сай келмейтін хәлге душар болғанын көреміз. Ауыл халықтың рухани құн­дылықтарының бастауы болса, онда бүкіл халықтың осы күйді кешіп жүр­генін айтуға келеді. Ал қаладағы жағ­дайға келетін болсақ, қалада ата мен ананың бала тәрбиесіндегі орны ауыл­дағыдай емес. Біріншіден, ірі қала­лар­дағы уақыт тапшылығын атауымызға болады. Қазіргі қалалық қоғамда бала тәрбиесімен бірнеше әлеуметтік институттар айналысады. Оның ішінде: отбасы, бала бақша, мектеп, жанын­дағы жолдастары, телевидение, интернет. Қазіргі таңдағы жаңа техноло­гияларды еңгізудің арқасында, білім саласындағы жаңашылдықтар бала­лардың сол енгізіліп отырған заманауи, модернистік жаңаруларды тексеретін құралдарға айналып жатқаны тағы бар. Қазіргі таңдағы нарықтық жағдай қоғамды байлар мен кедейлерге бөлді. Бұл жағдай қала мен ауыл халқына да әсер етпей қоймады. Ауыл тұрмы­сының қала жағдайына қарағанда әлеуметтік-экономикалық, ақпараттық салада артта қалуы экранда өз көрінісін тапты. Ауыл мен қала қоғамдарының арасындағы конфликт осы кезең киносында кеңейе түсті. Соңғы жиыр­ма жыл көлеміндегі Отандық көр­кемсуретті фильмдерде әр түрлі мә­дениет өкілдері ретінде экранда ауыл мен қала тұрғындары арасындағы жырақ анық белгілене бастады. Бұл процесс қазақ жаңа толқынында жарқын көрініс тапты. Қала тақы­рыбындағы – Рашид Нұғмановтың «Ине» (1988), Баранов пен Қи­лы­баевтың «Женщина дня» (1989) фильмдері қала мәдениетін білетін, сол мәдениетті сусындап өскен режиссерлармен түсірілді. Алғашқы ауылдың жаңа, өзгерген бейнесін беретін фильм режиссер Серік Апры­мовтың аты шулы «Қиян» (1989) кино­туындысы. Қазіргі ауылдың әлеу­меттік, мәдени мәселелері аталған режиссердың «Ақсуат» (1997) фильмінде жал­ғасын тапты. Қа­зақтың жаңа толқыны режис­сер­ларының көр­некті өкіл­де­рінің бірі Дәре­жан Өмір­баев «Қардиограмма»(1995), кейінірек «Жол»(2001) кинотуын­ды­ларында екі бөлек, кейде қарсы мәде­ниеттерді – ауыл мен қала арасындағы тартысты көрсетті. Соңғы жылдардағы фильмдерде «Секер», «Әурелең» Сә­бит Құр­манбековтың ауыл тақыры­бын­дағы, «Стриж» Абай Құлбайдың, «Рэкетир» Ақан Сатаевтың, «Қызғылт қоян туралы хикая» Фархад Шари­повтың фильмдері модерн заманының, капитализмнің келуімен қоғам мен қала өмірінің өзгерістерін бейнелейтін фильмдер. Модерн қоғамның қарама қайшы­лықтарын айқын бейнелейтін туын­дылардың бірі Сатыбалды Нарым­бетовтың «Қызжылаған» (2002) фильмі. Бұл фильм алпысыншы жылдардағы Семей полигонында тоқтаусыз жүріп жатқан жарылыстардың салдары мен сол оқиғалардың куәгерлерінің өмірі­нен сыр шертеді. Фильмде полигонға жақын маңда орналасқан Дегелен ауылының тұрғындарының бастарына түскен қасірет, күллі қазақ қоғамына әкелген қасіретті көреміз. Фильм бойына кейіпкерлердің жоқ болып, белгісіз аурудан қаза тауып, бейіттер санының күннен күнге артып жатқаны, бүкіл ауылдың бір сөзбен айтқанда қырылып қалуы, ядролық жарылыс­тардың кесірінен ауыл тұрғын­дары тек қана жапа шегуде. Хро­ника­ны ұтымды қол­дану­ла­ры, фильмдегі шы­найы­лықты арттыр­ған. Тұр­ғындар үшін ол шаң, тозаңды үлкен қо­зы­құйрық. Ауыл тіршілігі еш жағ­дайға қарамастан жалғасып жатты. Фильм басында дискотека ұйымдас­тырып, балаларын үйлендіруге құда түсіп жүрген қалыптары бар, қа­ра­пайым ауыл өмірі Ләйләнің емханадан қашып, оралған шағында мүлдем бас­қа. Тіршілік атаулының барлығы сөн­ген, әже­сіне еркелеген Алпамыс та, оны арқа­сына салып жүретін әже де сұм ажалды құшқан. Басты кейіпкер Ләйлә, болмысынан өзге, ішкі күшке ие қыз. Он бес жасына қарамастан, ол өз тіршілігінде атасы мен анасының, туыстарының, ауылдас­тарының жаппай өлімін көріп, ерте есейді. Сол озбыр заманның өзінде адамдардың бойындағы махаббат өшпеді. Алайда сол сүйген адамының қолынан зорлық көру, жауынгерден босану. Ләйлә халық бейнесін береді, күлімдеген, жарқыраған, алайда сырт­тан келген қайғыдан ақсақ болған, со­ған қарамастан өмірін жалғастырып жүрген халық. Ләйләні жауынгердің зорлауының өзі, халықты жары­лыс­тарды ұйымдастырған әскердің қа­науымен тең. Және де артта қалған жетім-жесір ұрпақ, сол сұрпайы­лық­тың ұрпақтары. Автор фильм соңында үміт отын жағады. Ләйләні христиан дініндегі көптеген суретшілердің кар­тинала­рының мазмұндық негізі болған Мария мен баласы бейнесінде өмір жалғастығы символы ретінде көрсетеді. Халықтың ба­сы­на түс­кен жағ­дайдың бәрі дәс­түрлі қоғам еншісінде емес, модернмен келген қасірет. Ол жаңа технологиялар мен же­тіс­тіктердің екін­ші жағы, салдары. Модерн қоғам өзі­не қарсы шы­ғады. Әр­дайым электр ба­ғана­лардың үсті­нен түс­пей­тін, шал­барлы, ер адам ма­ман­­дығын, тұрмы­сын иеленген әйел­­- дер­дің бірі, өз жұ­мы­сынан, электр қуатынан қаза табады. Ләйләнің апайы қа­зақи киінгендей болғанымен, ол оның сырт келбеті ғана. Темір көлігін өзіне жолдас тұтып, алайда сол темір тұлпа­ры оны төмен қарай сүйрейді де. Ғасыр жетістіктері бір жағынан ғы­лымда жоғары қарай ілгерілеу төңке­рісін жасап жатса, халық тұрмысында кері, құлдырату, жою төңкерістерге ие. Қазіргі таңда, әлемдік қауымдастық кеңістігінде халқымыз өз орнын іздеп, дәстүрлі болмысымызға, дінімізге, мә­дениетімізге қайта үңіліп, тіршілік етіп жатқан тұрмысымызға енгізгісі келетіні анық. Сонымен қоса, бүгінгі әлемді жаулап алған жаһандану үрдісіне бай­ланысты Батыс пен Шығыстың көп­шілік мәдениетінің есіп жатқан лебінің әсері әсте бар. Тоқсаныншы жылдар­дағы депрессиядан шыға бас­таған қоғам, өзінің кімдігін іздестіруге кірісті. Адами құндылықтарын қайта­руға күш салуда, алайда жаһандану зама­нында тек бір ғана есік емес, бірнеше жолдың алдан шығуы, әр түрлі бағыт­тарды қалыптастыруда. Бүгінгі қазақ киносында дәстүрлі өмірімізді жыр­лайтын тарихи фильмдер, кеңес дәуірі­нің жарқын өмірін аңсайтын фильмдер, капиталист модерн қоғам­ның күрделі мәселелерін көрсететін заманауи кинотуындылар, және де батыс­тық пен шығыстық кино сары­нында түсірілген киношығармалар орын алуда. Қазақ киносында болып жатқан бұл құбылысты заңды дей аламыз. Жаһан­данған әлемде өмір сүріп жатқан елі­міздің ішкі және сыртқы факторлардан шетте қала алмайтыны анық. Минуар АЙДАР