Сейіт поэзиясының бұлқынысы («Суат» жинағынан туған ой немесе ақынның 70 жасқа толуына орай...)

«Суат» жинағын бір мәрте оқып шығып, мен бұл жинақты айтулы ақынымыз Сейіт Қамбасовтың ақиқатпен апталып, көр­кемдікпен күптелген ғұмырнамасы әрі ақынның әке қарашаңырағынан ұзап кеткеннен кейінгі «Тар жол – тайғақ кешу­лерінің» шым-шытырық ащы шынды­ғымен мұнарлы мұңынан қалыптасқан күрделі тағдырнамасы екен деп ойладым. Ойладым да «Суат»-ты екінші мәрте, ішінара өлеңдерін үшінші, төртінші мәрте қайталай оқыдым. Алғашқы әсерім, сезім-түйсігім мені алдамапты. «Суат» расында солай екен. «Не үшін олай дейсің?» дейтін шығар­сың аяулы оқырманым! Жоғарыдағы тұжырымды түсіндіру үшін, Сейіттің түбіт иек балаң кезіндегі болмысынан азырақ мәлімет айтуым жөн сияқты. Я, одан бері де жарым ғасырдан асып барады екен. 1959 жылдың қоңыр күзі еді-ау ол кез... жаңа ғана алда оқитын ма­мандығымыздан құлағдар болып, енді өзі­мізге арналған сыныптарға бет алып бара жатқанбыз. – Менің атым – Әбеусейіт. Мен Күнес ауданынан келдім. Сенің атың?... деп қолын ұсынды оң жағымда келе жатқан сұңғақтау бойлы, қыр мұрынды, қызыл шырайлы бала жігіт. Мен де ат-жөнімді айтып, қол алыстым. Біздің таныстығымыз осылай басталған болатын. Содан былайғы күндерде барған сайын жақындаса бердік. Күнделікті жүріс-тұрысымызда бірге өтіп жатты. Азырақ бос уақытымыз болса кітапханаға барып газет-журнал оқимыз. Кешкі пысықтауларда да жұбымыз жа­зылмайтын. Сөйтіп жүріп біз достасып кеткен едік. Сейіт біздің сыныптағы, тіпті бүкіл факультеттегі қазақ студенттерінің арасында недәуір көзге көрінген беделді студенттердің біреуі болды. Сол тұстарда өлкелік басылымдарда бірен-саран өлең­дері де жарияланғаны есімде. Сол бір қысқа мезгіл, бәлкім, тағдыр дейтін беймағұлым тылсым жазмыштың Сейітке ақиланбай оң көзімен қараған бір алаңсыз сәттері де шығар?!... Бәлкім, бала жігіттің соған дейін риясыз өткізген көңіл­ді күндерінің соңғы нүктесі қойыларға шақ қалған көлеңкелі кеңістігі шығар?! 1962 жылдың көктемінде туылған «шекара оқиғасы»-нан кейін-ақ Сейіттің басына қара бұлт үйірілді. «Оқиға» туылып ұзақ өтпей, Үрімжіде ұйымдасқан бір «шетке қашу тобы» әшкереленіпті. Сол топтың мүшелері біздің университетте де бар екен деген дақпырт тарала бастады да, артынша дақпыртымыз шынға айналып шыға келді. Сынып мүдіріміздің айтуынша, біздің сыныптан Сейіт пен Талғат деген екі са­бақтасымыз айтылған топтың «мүшесі» екен-мыс. Сонымен, сол жылдан бастап Сейіттің мойнына «шетке қашу тобының мүшесі» деген ажырғы ілініп, басына «Кертартпа» деген қалпақ милықтата кидірілген еді. Ақынның: Бірақ осы ішінде алтын ордамның, Сезбеппін мен тор барлығын, ор барын. Күлкі бар да күншіл барын сезбеппін, Сезбеппін-ау бақ бар жер де сор барын. деп күңірене өкінуі де сондықтан шығар, бәлкім?! Солақай саясаттың жымысқы тәсілдерімен ойдан құрастырылған атал­мыш «шетке қашу тобының» атамандары аталған бірнеше азамат-азаматшалар әр­түрлі дәрежеде өз жазаларын тарта бас­тады. 1963 жылы жаппай өрістетілген «шиу­жың жуиға (түзетімпаздарға) қарсы тұру тәрбиесі» 1962 жылғы аузы алынып, қара қотырлана бастаған жараны қайтадан бір тырнап өтті де, енді-енді ес жия бас­та­ған Сейіттің қара құсына солақай сілтенген «ұр да жық» сойыл тағы сілтенді. Ол аз болғандай 1964 жылы тамыз айының соңында оқу тауысқан бәріміз қызмет орындарына жұмысқа бөлінгенде, сы­ны­бымыздан жалғыз Сейіт қызметке бөліну құқығынан махұрым етіліп, айдауға түсті. Ал одан кейінгі кешулерін ақын: Ой, дүние-ай, Оны айту да қиын деші?! Басымнан жасын түсіп, құйын көшті. Айдалып тағы алысқа кете бардым, Қаңбақтың жел айдаған күйін кештім. Деп қылғына булығады. Ол тұстағы Сейіт өмірінің шындығы да сол еді. Арада аттай желіп он жыл өткен соң, біз қайтадан табыстық. Ол кезде Сейіт Үрімжінің шыға беріс батысындағы «Сәнпиң» деп аталатын егіншілік алаңында бақылаудағы «егінші» екен. Бір тәуірі жүріс-тұрысы шектемесіз тұсында табысыппыз. Сонымен, кейде мен барып, кейде ол келіп дегендей бірер ай бір жырғап қалдық-ау шіркін! Жақсы күнінде де Сейіттің алған бетінен қайтпайтын бір беткей, сыңар езулеу мінезін білуші едім. Он жылдан кейінгі Сейітім ді дәл сол Сейіттің өзі болып шықты. «Сүтпен біткен сүйекпен кетеді» деген рас екен. Бүгінгі шал Сейіт те – тағы да сол Сейіт. Өзінің осы өзгермес мінезін ақын досым: Өлең-жырым – жанымның байтағы дәл, Бірақ елден басқалау айтарым бар. Сыңар езу, тентектеу өскен жанмын. Періштем де, бойымда сайтаным бар. деп «Суат» тың әлхисасында ашық мойын­датыпты. 1962 жылдан «Сәнпиің» егіншілік алаңынан кеткенге дейінгі өмірін өзі­нің сайтаны иектепті десек, одан былайғы өмір сапарына періштесі сілтеме жасап отырғаны да шындық секілді. Сөйтіп, ең жалынды жастық шағы көк­тей орылып, талантының тас қайрағы шағылып, қия басқан қадамына қыл бұрау салынған Сейіттің бағы қытай қоғамында заман оңалғаннан кейін жана бастады. Бала жігіт кезінен жүрегіне жара салған шер-шемені ептеп ери бастады. Ақынның қадір-қасиетін бағалап, шы­ғармашылығына сәт тілеген «облыстық әдебиет көркемөнершілер бірлестігі» мен «Іле» газеті мекемесі тығыз сәйкесіп 2000 жылы Құлжа қаласында шығармашылық мерейтойын өткізіп беріп, мол сый-сияпат көрсетіп мәртебесін арттырды. Сол мерейтойға Үрімжіден арнайы келіп, мен де қатынасып, өмірлік досымның жү­рек­жарды қуанышына ортақтасып, шынайы достық лебізімді білдіріп қайтқан едім. Содан бері де барды келдіміз жиі болмаса да, рухани байланысымыз үзіліп көрген жоқ. Бір-бірімізді сағынысып, хат-хабар алы­сып тұрдық. Секеңнің: Жүргенім-ай сағынып достарымды, Сыр шертісе қалатын сәли қайда?! деп бір сәт құлазыған көңіл күйін ақтаруы да тегін болмаса керек. Сейіт те міне 70-тің босағасынан атта­ды. Жуырда ғана маған жазған бір сәлем хатындағы: «Материалдық және рухани жағдайым онша мәз емес» деген көңіл күйін оқып, недәуір күйзеліп, оңаша да бір күрсініп те алдым. Ақынның елпек қаламы оның жоғарыдағы болмысында қағыс қалдырмапты. Екі үйлі жан бір үйге жиылғандай, Жағдайымды жыр ету қиын қандай! Байқап тұрсам азабы бұл жалғанның, Басқалардан маған көп бұйырғандай. деп бір буырқанып алады да, ары қарай өз жарақатын өзі жалап жазып алатын қоңыр аюдай көсіліп: Азбайды адам көп жұмсап ақыл, күшін, Көп істесе өзінің хақылы ісін. Зейнетінен бейнеті көп өмірде, Бейнет – байлық, бейнет – жыр ақын үшін. Деп кең тыныстайды. Алдыңғы шу­мақ­тың салдары іспетті соңғы шумақтағы қам­тылып жатқан астарлы ой, фило­софиялық тұжырымға назар аударсаңыз, ақынның ішкі жан әлемінен бұрқырап жатқан бір ақ жалынға шарпылғандай боласыз. «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан», – деп Абай атамыз айтқандай, өзі жасап жатқан қоғамында әр адам өзіне теисілі (ақынша айтқанда хақылы) ісін тыңғылықты істеуі үшін, өз ақыл-парасатын аямауға тиісті. Бұл – өркениетті қоғамның талабы әрі қажеті. «Хақылы істің» авторлары ғалым да, саясаткер де, мәнсапты да, қатардағы қара­пайым жұмысшы, қызметкер де болуы ықтимал. Мейлі кім болса, ол болсын, ол «ақыл, күшін» жұмсай білуі керек. Сонда ғана ол «азбайды». Ақынша айтқанда өмір бейнетінің бодауы болары сөзсіз. Ол – зейнет, яғни, байлық болмақ. Ақын үшін бейнеттің мәнерленіп оралатын жемісі – өлең-жыр. Ақынға қажетті байлық та осы! Өйткені, ақынның өз қоғамына қосар үлесі де, тындыруға тиісті «хақылы ісі» де, міне осы – өлең делінетін рухани өнім екен­дігі даусыз. Ой көзімен үңілген оқырман Сейіттің жоғарыдағы бірінші шу­ма­ғынан жеңіл күрсініс үнін сезінгенмен, өмірден күдер үзіп түңілген күйзелісті дауыс ести алмайды. Бір қарағанда жоғарыдағы екі шумақ біріне бірі кереғар ұғым беріп тұрғандай сезілуі де мүмкін. Бірақ, екеуін де тұтастырып тұрған арқау – өмір делінетін мәңгілік. Сол үшін оның қызығы да, шыжығы да, қуанышы да, жұбанышы да, азабы да, рахаты да, кімде кімді, әсіресе ақынды бей-жай қалдырмайды. Сейіт өткен ғасырына «Қос қайың», «Қоңыр қасқа хикаясы» атты жыр жинақ­тарын тарту еткенін білемін. Ал, мынау «Суат» жинағы Секеңнің жаңа ғасырына, жаңа қонысына ала келген сыбағасы кө­рінеді. Жинаққа ақынның 150 өлеңі, 3 баллада, 7 поэмасы және эпиграммалары топ­тастырылыпты. Жинақтың жалпы мазмұны мен маңызы жөнінде көрнекті ақын, алабөтен жазушы ағамыз – Серік Қапшықбайұлы «Күлдір-күлдір кісінетіп» деген алғы сөз жазыпты. Өз басым аталған алғы сөзді толық құптаймын. Сейіт саяси еркіндігінен, азаматтық құқығынан шектелсе де, рухани тәуел­сіздігін, ой-қиял, ақыл-парасатын ешкімге де жаулатпады. Өзінің ішкі жандүниесін яғни, ақындық, азаматтық рухын аласарт­пады. Өмірден күдер үзбедім, Тартсам да қанша тақсірет. Адамша бақыт іздедім, Адамша шектім қасірет. деп, өз рухының күштілігін көрсетті. Шы­найы тамаша өлең, ең алдымен, ақынның өз бітім-болмысын, дүниеге көзқарасын бейнелеуімен қымбат дейтін анықтаманы есіңізге түсіре отырып, осы бір шумақ өлеңнің көтеріп тұрған жүгін мөлшерлеп көріңізші аяулы оқырманым! Сейіт қай­сарлығының, Сейіт рухының бастау көзі қайда жатқанын тіпті де айқын аңғара аласыз. Сейіт поэзиясының күре тамырында бұлқынып ағып жатқан қан түйіршік­терінен мұңлы ырғақты көбірек естиміз. Тәтті мұң, мұңлы әуен, мұңлы сыр, мұңлы өкініш «Суат» тағы көп өлеңдерінен ұшы­расады. Сейіт өлеңдерінің негізгі ерекшелігі де осы болса керек. Жалпы айтқанда, мұңлы сыр шертетін өлеңдердің оқыр­мандар жүрегіне тез ұялайтыны да жасы­рын емес. Поэзиямыздың ұлы тұлғасы Абай атамыздан тартып, өткен ғасырдың алыптары атанған Мағжан, Қасым, Мұ­қағали, Төлегендердің поэзиясына әр беріп тұрған да – ащы шындық пен тәтті мұң, мұңлы сарын екені белгілі. Бір ғұлама ағамыздың: «Ақын – әманда қоғам проб­ле­маларымен ауырып жүретін адам» дегені бар-ды. Демек, өмірдегі қыбыр еткен қимыл, қыңқ еткен дыбыс ең алдымен ақынға әсер етеді. Оларды ең әуелі ақын көріп, ақын естиді. «Дүниеге бір сызат түссе, ол алдымен ақын жүрегінен өтеді» деген сөз де содан қалған болуы керек. Сол үшін де ақынның ойланбайтын, алаңда­майтын, мұңданбайтын, күрсінбейтін, күй­зелмейтін күні болмауға тиіс. Бірақ оған бола сіз ақынды күйреуік деп жазғыра алмайсыз, жазғыруға хақыңыз да жоқ. Қазақстандағы бір газет тілшісіне берген сұхбатында Сейіт: «Менің Қытайда жазған өлеңдерім болсын, бұл жақта жазып жүр­ген өлеңдерім болсын, жалпы мұңлы сарын басымдау екені жасырын емес» депті. Оны жоғарыда біз де айттық. Дей тұр­ғанмен, Сейіт өлеңдеріндегі мұңлы сарын­ның басым тарапын көбірек оның өмір кешірмелеріне байланысты жазылған өлең­дерінен оқи алатын сияқтымыз. Туғасын сорлы заманда, Сотқарлық бітті маған да. Сотталдым талай сол үшін. Жармасып жала жағама. ............................................................. Қарғыс атқан жанмын ба Құдай ұрған, Арылмадым қайғы, мұң, уайымнан. Түйіледі де жүреді қос қабағым, Аз шығады шат бейне шырайымнан... Сейіт ғұмырнамасының мұңлы ағысы осылайша қайталанады да отырады. Сейіт тағдырын көп біле бермейтін ет жүректі әріптестерім, жоғарыдағы шумақтардан-ақ міскін ақынның болмысын, аянышты өмір кешірмелерін анығырақ ұғынатын шығар деп ойлаймын. Бір сәт солай-солай еңістеген ақын, енді бірде: Жақсы жыр жазсам шаттандым, Жазбаймын оны ермекке. Мақтандың десең мақтандым, Күндестерімді жеңбекке. Ақ армандар тербетті, Биікке құлаш сермейтін. Қараша болсам не бопты, Ханға сәлем бермейтін. деп, асқақтай, биікке көтеріледі. Міне, көрдіңіз бе, ақындық рух-күшін! Мен білетін Сейіт о бастан ұлтжанды азамат болды. Біз үшін ұлтжандылықтың ең жарқын үлгісі – тағы да ұлы Абай атамыз. «Қалың елім қазағым, қайран жұртым!» деп күңірене күйзелген ұлы ақынның бүкіл болмысы, рухы «Қайтсем осы ұлтымды озық ұлттар қатарына қоса аламын» деумен өткенін бәріміз де білеміз. Жоғарыда аттары аталған Мағжан, Қасым, Мұқағали, Таңжарықтар да ұлтжанды­лықтың қайталанбас өнегелері болды. Бәлкім, солардың әсерінен болар, бәлкім, ұшқан ұя, өскен ортасының ықпалынан болар, біздің Сейіт ақынымыз да төтенше ұлтжанды азамат болды. Өз ұлтын сыйлай білмеген, өз ұлтын сүйе білмеген адам, өз­ге ұлтты да сыйлай алмайды әрі сүйе ал­майды. Ұлттық көзқараста әрине, өз ұлты­ңа деген сүйіспеншілігіңнен бастау алады. Болмасам да дарынды, арынды тым, Өзің үшін арнадым барымды ұлтым. Сейіт жүрегінің лүпілі міне, осылай естіледі. «барын арнаған» ақыннан енді не тілеуі мүмкін? Өз ұлтын емірене сүйген ақын өзгелерді де (өзге ұлт адамдарын да) қа­пысыз жырға қосыпты. Ал оқиық: Адамдар – алып, ақ айдын, Көбік кір бар ғой десек те. Адамдар бәрі ағайын, Азаған азғын есеп пе?! ........................................ Тату-ды олар ертеде, Достасар соңғы есепте. Ортада мың-мың мәртебе, Жауласып келген десек те. ....................................... Адамдар – алып, ақ айдын, Айдында жүзіп жүре алсаң. Адамдар бәрі ағайын, Ағайын бола біле алсаң. бұл шумақтарда ақын ұлттық, мемлекеттік, құрлықаралық шекараларды бір жаққа қайырып қойып, жаһандану үрдісіне сілтеме жасап отырғаны беп-белгілі көрініп тұр. Қалайша жалпы адамзаттық рух сі­ңірілген өлең демеске! Егер, «Суат»–тағы барлық туындыларға аялдау қажет болса, онда, бәлкім «Суат»-тың көлеміндей қалыңдықта бір кітап жазуға тура келетін шығар?! Ал, біздің діт­теген нысанамыз – Сейіт бұрын кім бо­лып еді, қазір кім болып жүр? Деген са­уалға орай, Сейіт өмірінің шындығынан азырақ мәлімет беріп, ел-жұртына ақын­ның: Өтемін, туған елім өз ұлың боп, Ақ жүрек ақыныңмын ежігім жоқ. Құйыла берсем болды жыр көліне, О, елім, сенің сері сезімің боп. деген жүрек сөзін жеткізуге дәнекерлік ету ғана. Осы мақсатқа жете алған болсам, онда өмірлік досымның 70 жылдығына ұсынар менің сыйлығым да осы – жазбам болмақ, халас! Сәли СӘДУАҚАСҰЛЫ, ақын, Қытай мемлекеттік Жазушылар одағының мүшесі, дүниежүзі қазақтарының тұңғыш Құрылтайында өткізілген жыр мүшайрасының бас жүлдегері