ДІН ТУРАЛЫ ЗАҢ ҚАБЫЛДАНДЫ

пар

Парламент Сенаты Дін туралы заң жобасын қабылдады. Естеріңізде болса, осы жылдың қыркүйегінен бастап аталмыш заңды өзгерту талқыға түскен болатын. Қызу тартыстан соң, ақыры өзгертулер енді. «Заң жобасында мемлекет дін мен діни бірлестіктерден бөлінгені туралы конституциялық норма нақты жазылған. Бір де бір дін мемлекеттік немесе міндетті деп белгіленбейді. Осылайша, мемлекеттің зайырлылығы атап көрсетіліп, қоғамдық және мемлекеттік институттардың бірігуіне жол берілмейді», - деді дін істері жөніндегі агенттіктің төрағасы Қайрат Лама Шариф заң жобасын таныстыра отырып.Сонымен қатар заң жобасында елде діни ұйымдарды құру, мемлекеттік тіркеу, қайта құру және таратудың жүйелі тәртібі белгіленгені, жаңа заң жобасында діни қызмет туралы заңды бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылатыны айтылған.Осы заң жобасы талқыға түскеннен кейін құқық қорғаушылар заң жобасының ережелері адам құқықтарының негізгі қағидаларына сай кел­мейтіндігін айтып, оны сынға алған еді. Тіптен «Фридом Хаус» халықаралық құқық қорғау ұйымы бұл заң жобасы қазақстандықтардың діни бостандығын шектейтіндігін атап көрсетіп, өз алаңдаушылығын білдіріп мәлімдеме жариялаған да болатын. Айта кетерлік тағы бір мәселе Қайрат Лама Шәріп пен Бекболат Тілеуханов арасындағы кикілжің. Оқиға былай басталған болатын. Заң жобасы талқыға түскен күні, жиынның соңы үлкен дау-дамайға ұласқан. Даудың басы заң жобасындағы 7-баптың 3-тармағы төңірегінде өрбіді. Онда діни жоралар мен рәсімдердің мемлекеттік органдарда, оқу орындарында, қорғаныс саласы мекемелерінде өтелуіне жол берілмейтіні жазылған-ды. Бұл тармаққа депутат Бекболат Тілеухан Конституциямыздағы баптардың бірнешеуін белден басқан, конституциялық негізден ада деген баға берді. Бекболат Тілеуханның бұлай мәлімдеуі мұң екен, сол күні Дін істері жөніндегі агенттік төрағасы Қайрат Лама Шәріп те Бекболат Тілеуханның көзқарасына қатысты пікірін білдірген болатын. «Намазға қатысты мәселелердің бәрін Ханафи мәзһабы бойынша шешеміз. Ал депутат Бекболат Тілеуханның көзқарасы басқа. Сондықтан да оның көзқарасы бабаларымыздың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрпына сәйкес келмейді деп есептейміз», – деді Қайрат Лама Шәріп. Ақырында депутат Дін істері жөніндегі агенттік төрағасын сотқа беретінін мәлімдеді. Сонымен заң жобасын талқылай келе, Бекболат Тілеу­ханның ұсынысын Мәжіліс төрағасы Орал Мұхамеджанов дауысқа салды, 94 депутат дауыс беруге қатысып, 7-еуі Бекболат Қанайұлының ұсынысын жақтады, 82 депутат қарсы дауыс берді, ал 5-еуі қалыс қалды. Осылайша, заң жобасы Мәжілісте көпшіліктің қолдауымен мақұлданды.

Гүлнүр ДОСБОЛ