ҰЛТТЫ ҰЯТҚА қалдырған фильм

Жақында Ресейдің Бірінші телеар­насындағы «Закрытый показ» ток-шоуында қазақ киносы талқыға салынды. Александр Гордоның бұл бағдарламасы ерекше назарға ілінген кинотуындыны көрсетіп, артынан оны мамандардың талқысына салатыны белгілі. Киносыншылар мен режиссерлер фильмнің идеясынан бастап, актерлердің шеберлігі және техникалық сапасына дейін жіліктейді. Осындай қызу талқының тақырыбына айналған режиссер Гүлшат (Гука) Омарованың «Бақсы» фильмі ұлтымызды ұятқа қалдырды. Бағдарламаға қатысқан орыстың зиялы қауым өкілдері киномызды талқылаймыз деп отырып, ұлттың ұятты тұсын шенеп өтті. Орайы келген сәтті қалт жібермей, жаһандану заңдылығына сәйкес қазақты «жұтып» қойсақ деген шовинистік пікірін ашық жеткізді.

Оқырманға түсінікті болу үшін әуелі фильмнің қысқаша фабуласына тоқталсақ. Бас кейіпкер Айдай – бақсының өмірде прототипі бар. Ол — Алматы маңында Үңгіртас деген жерде тұратын Бибіфатима. Фильмде іздегеннің жоғын тауып, аурудың дертіне шипа беретін осы бақсының өмірі бейнеленеді. Егер қалалық адуынды кәсіпкер оның ата-бабасынан мұра болып келе жатқан «киелі мекенінің» орнына сауда, ойын-сауық орталығын салуға кіріспегенде, Айдайдың өмірі солай өте берер ме еді?... Қысқасы, оқиға осылай өрбиді.

Айта кетерлік тағы бір жағдай, бұл соңғы жылдары түсірілген отандық кинолардың ішінде «жаман емес» деген баға алған фильм. Ал, шетелдерде «Бақсының» атағы аспандап тұр. Олай дейтініміз, Гонгконгта өткен халықаралық «Asia pacific award» фистивалінде екі бірдей жүлде жеңіп алды. Оның бірі - үздік әйел рөлі, екіншісі - үздік монтаж үшін берілді. Сондай-ақ, АҚШ-тағы «The Women's International Films and TV showcase» фистивалінде де жүлделі орынға ие болды.

Енді Бірінші арнадағы бағдарламаға оралсақ. «Закрытый показ» ток-шоуында сарапшылар екі топқа бөлінеді. Бір топ фильмге оң баға берсе, екіншісі оны теріске шығарады. «Бақсы» талқыланған бағдарламада қолдаушы топта Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Наталья Орынбасарова, жазушы Михаил Елизаров, киносыншы Юрий Гладильщиков және белгілі журналист Елизавета Петрова болды. Ал, қарсы пікір айтушылардың қатарында кинотанушы, киносыншы әрі режиссер Александр Шпагин, режиссерлер Александр Тарасов пен Рашид Нугманов және киносыншы Максим Эйдис бар Сондай-ақ, қонақта Гүлшат Омаровмен қоса, актерлер Фархат Аманқұлов және Төлепберген Байсақалов, оператор Рафик Галеев болды.

Фильмнің көркемдік жағына, актерлердің шеберлігіне, образ­дардың өзара байланысына қатысты пікірлерге және туындының ешбір жанрға жатпайтындығы жөніндегі өткір сындарға тоқталмай-ақ қоялық. Ол кино саласы мамандарының ісі. Біз тек киноға ғана емес, қазақ ұлтына айтылған сындай болып көрінген бірнеше пікірдің төңірегінде әңгіме өрбітсек. Ол — туындының қос тілділігіне қатысты орыс зиялыларының ойы.

– Фильмнің негізгі сюжеттері азиялық мәдениеттің төңірегінде өрбісе де, оның ерекшеліктері ескерілмеген. Және бұл туынды жартылай орыс тілді болғанына қарамай, орыс көрерменіне де лайықталмаған. Біздің де төбемізден дауыс жылдамдығымен ұшып өтіп, Еуропаға жол тартқан дүние. Бақсыны, жалпы Шығысты еуропалықтар қалай елестетсе, сондай етіп түсірілген. Атақты фистивальдер мен ақшасы бар ортаның қабылдауына шақталған, - деді Александр Шпагин. Оның пікірін іліп алып кеткен Максим Эйдис:

– «Бақсыда» ойнаған актерлер орыс тілінде сауатсыз сөйлейді. Олар өзара жансыз, нәрсіз диалогтар құрады. «Е, ты чо начальник?» деген сияқты тіркестер орыс әдеби тілінде жоқ. Тіпті, ауызекі тілде де біз олай сөйлемейміз. Оның үстіне сөздерге екпін (интонация) дұрыс түсірілмеген. Ал, киноның криминалды сюжеттеріндегі сөйлемдердің стилистикасы тіпті сорақы. Яғни, қазақтар біздің тілді пайдаланып қана қоймай, оны ластап жатыр, - деп қайырды. Сөйтіп, орыс киносыншыларының талқысына түскен Гүлшат «Бұл фильм қазақтарға арнап түсірілген» деп ақталмақ болды. Сонда Максим Эйдис «Олай болса, фильм неге екі тілде түсірілген? Ақыры қазақтарға арналған кино болса, неге таза қазақ тілінде емес?», - деген сұрақты бүйірден қойды. «Қазақстанда халықтың жартысына жуығы орыс тілді» деген уәж айтқан режиссерді жазушы Михаил Елизаров қолдады. Режиссерді қолдағаны болмаса, орыс жазушысы қазақтарды оңдырмады.

– Неге киноның екі тілде түсірілгеніне ренжисіздер? Гука өмірдің шындығын түсірген. Бүгінде қазақтардың көпшілігі қазақша сөйлемейді. Өз ана тілін білмейді және оны үйренуге де құлықты емес. Мейлі, олар орыс тілінде қал-қадірінше сөйлей берсін. Өйткені, орыс халқымен иденттілікке ұмтылады. Кеңестік заманды аңсап, орыс болғысы келеді. Сондықтан, Ресеймен барынша интеграциялануға (экономикалық қана емес, мемле­кеттік, рухани мәдени тұрғыда да дегенді айтқысы келеді — авт.) тырысуда. Бұл фильмде де қазақтар орыстарды ойнаған, - деді ол. Қарап отырсақ, қолдаушы топтың өзі кино туындының көркемдік деңгейі үшін емес, тек аралас тілде түсірілгені үшін ғана оң пікір айтатындай.

Осының өзі орыс тілінде фильм түсіріп, ән айтып жүрген отандық өнерпаздарға сабақ болды деп ойлаймыз. «Олардың түсірген киносы, айтқан әні қазаққа керек емес болғанымен, орыстар бағалайды» деген пікір де қате екені дәлелденді. Көркемдік деңгейі төмен, қос тілді шалағай дүниеге көрші елдегілер де зәру емес. Керісінше «дарынсыз кино» деп өзекке теуіп, аяққа таптады. Сонда мұндай өнерпаздардың туындыларын кім қажет етпек?

Бағдарламаның жүргізушісі Александр Гордон режиссер Гүлшат Омароваға «бақсы мұсылман ба?» деген сұрақ қойды. «Жо-оқ» деп кібіртіктеді режиссер. Расында да, исламда бақсылық, балгерлікке қатаң тыйым салынған. Бақсылық қазақ даласында исламға дейінгі кезеңде болған шаманизмнің сарқыты. Мұны Александр Гордон жақсы біледі. Оның сұрағының астарында «бақсының өзі мұсылман болмаса, оның жан-жағындағы жүрген қазақтардың бәрі мұсылман емес қой» деген ой жатқаны түсінікті. А.Гордонның бұлай пайымдауына тағы бір себеп бар. Фильмде Айдай бақсы қайтыс болғанда, оны жерлеген қазақ жігіттері «Апашка жақсы адам еді, сол үшін алып қоялық» деп тост көтереді. Қаншалық дінге салғырт қараса да, қазақ қазаның үстінде арақ ішпеген. Туындыдағы осы ұят көрініс халқымыздың діни наным-сеніміне қатысты теріс пікір туғызып, ұлттық намысымызды бөтеннің табанының астына салып берді.

Бағдарламаға қатысқан орыс зиялылары үшін қазақтың әлем мо­йындаған тәуелсіздігі, ғасыр­лар қойнауынан бастау алған мем­лекеттілігінің құны көк тиын секілді. «Орыс болғысы келеді», «Кеңес одағын аңсайды» деген пікірлерін шімірікпей айтады. Әрине, олар айтты екен деп бүгін-ертең Ресейдің қанатының астына кіріп кетпеспіз. Бірақ, мұндай пікірлер көрші елдің Бірінші, ресми телеарнасынан айтылып жатқаны ойландырады. Мұның астарында «қазақты уыстан шығармасақ» деген импералистік пиғыл, «тәуелсіз ел болғандарың қане, әлі күнге өз тілдеріңде сөйлей алмай жүрсіңдер» деген мысқыл жатқан жоқ па?...

Егер идеологияның ажырамас бөлігі саналатын кино саласына осылай атүсті қарауды қоймасақ, әр нәрсеге ұлттық мүдде тұрғысынан қарауды үйренбесек, өзгенің мазағына айналып, намысымызды аяққа таптата береріміз анық.

Айдар ҚҰЛЖАНОВ